...мақтан тұтады
Бизнесмен спорт алаңын салып берді
Алматыда бизнесмен «Туған жер» бағдарламасы аясында К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернатына жаңа спорт алаңын салып берген болатын. Сол игі шараның ашылу салтанатында «Тәуелсіздік жылдары қазақстандық бизнес айтарлықтай нығайды соның арқасында бүгінгі күні нақтылы әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыра алады. Президенттің «Туған жер» бағдарламасына қолдау білдіре отырып, біз мектепке жаңа спорт алаңын сыйлауды ұйғардық. Оқушылар бұдан былай тек шығармашылық байқауларда ғана емес, спорттық додаларда да жеңіске жетсін», деді кәсіпкер Ерболат Қасымов.
Оқу орнының директоры Оңдасын Абдуллаев шығармашылық пәндер бойынша күніне 5 сағат дайындалатын балаларға дене шынықтырумен айналысудың маңызы зор екенін айтты. Жаңа спорт кешені жобасының құны – 29 млн теңге.
Алмас МҰҚАШҰЛЫ
Алматы
...кеңес береді
Аманатқа абай болайық!
«Егемен Қазақстанда» «Ойтүрткі» айдарымен жарияланған «Фариза ақынның аманатын» оқып, мынаны айтуды ұйғардым: соңғы жылдары қазақтың авторы белгілі немесе белгісіз көне әндерін әркім өзінің ұнатуынша айтып жүр де, кейде ол әндердің кейбірінің өлеңдеріне «түзету» жасалып жүр. Бір ғана мысалға Ақан серінің мына жазбадағы «Балқадиша» әнін алсақ, қазір оны үлкен-кіші неше әнші айтып жүрсе, сонша «өңдеу» бар: бірі о тұсын созады, бірі бұ тұсын келтелейді. Өйту дұрыс емес, ондай «өңдеуге» жолды ашып қойсақ, енді 5-10 жылдан кейін «Балқадиша» басқаша айтылып, біздей егде жастағылар: «Бұл кімнің «Балқадишасы?!» деп еріксіз таңданармыз, ал бүгінгі жас буынға бәрібір болады, қазіргі естіп жүргендері жетіп жатыр.
«Балқадишаның» ең дұрысы – Әміре Қашаубаевтың ән қорындағысы. Өнертанушы ғалым Жарқын Шәкәрімнің зерттеулерінен білгеніміздей, ол әнді Әміренің айтуынан А.Затаевич нотаға түсірген, яғни Ақанның «Балқадиша» әнін үйренушілерге де, айтып жүргендерге де үлгі осы болуы шарт.
Ал әннің мәтініне қатысты пікірге қосарым: ақын Ақанның
«...Құшақтап құс жастықты жылағаным» дегенін бұрмалауға болмайды! Ақын ба, кім айтып аманат етсе де «жігіттің төресі Ақан серіге жараспайды» деп «түзетуді» ойлау – орынсыз әрекет. Сондай «талаппен түзетуге» ден қойсақ, марқұм ақындардың кез келгенінің өлеңін «өңдей беруге» болады. Ондай «жаңалық» арқылы аруақ пен аманатты шабыстырмаған жөн.
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,
жазушы-сатирик
...ұсыныс айтады
Ер есімі ескерілсе екен
Ата-баба мекенін сыртқы жаудан қызғыштай қорғаған есіл ерлердің бірі – Бәйімбетұлы Байтайлақ батыр. Ол ХVІІ ғасырдың соңына таман Ор қаласы маңында «Керей жұрты» деген жерде дүниеге келген. Дұшпанға қарсы алғашқы жорығын осы өңірден бастаған ол талай шайқастарға қатысып, ерекше ерлік көрсеткен. Қарқаралы өңіріндегі таулардың бірі оның есімімен аталуы – халық құрметіне бөленгенін аңғартса керек. Қазақ жұрты басына төнген ауыр нәубет кезінде жауға қарсы азаттық жорықтарға белсене қатысқан. Ол өмірінде 83 рет жекпе-жекке шығып, дұшпанынан айласын асырған деген дерек бар. Осыған қарап-ақ оның қандай алып күш иесі болғанын болжай беруге болады. Ол Қарасай, Ағынтай, Тұрсынбай, Жабай, Байғозы, Жобалай, Шақшақ Жәнібек, Қабанбай, тағы басқа үзеңгілес баһадүрлермен тізе қосып, жауды шекарадан әрі ығыстырған.
Белгілі ғалым Манаш Қозыбаевтың тұжырымы бойынша 1745-1747 жылдар шамасында соғыс алаңында ауыр жарақаттан қаза тапқан көрінеді. Денесі Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданы маңындағы «Батыр төбе» деген жерге жерленген. Оның ерен ерліктері ел ішінде әлі күнге дейін айтылып жүр. Олай болса, есімін ұлықтайтын мезгіл жеткен сияқты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде жергілікті билік басындағылар тағылымды шаралар атқарса құп болар еді. Бейіті күтімге алынып, жаудың құтын қашырған ерлік істері жас ұрпаққа үлгі етілсе ата-баба алдындағы парызымыз өтелер еді.
Білімтай БІЛӘЛ
Солтүстік Қазақстан облысы
...өкініш білдіреді
Көштен қалып қойғанымыз шындық
Патриот болғың-ақ келеді. «Біздегілер керемет, басқа жердегілер түкке тұрғысыз!» деп айқай салуға ынтаң ауып тұрады. Алайда ішкі түйсігіңе жүгінгеніңде райыңнан тез қайтып, өзгелердің жақсыларын мойындап қойғаныңды байқамай қаласың.
Мұны не үшін айтып отырмын? Бірде «Астана» арнасынан өзбектің «Супер келіншек» фильмін тамашаладым. Жеңіл тақырып, құлаққа әбден сіңіскен оқиғалар тізбегі көз алдыңнан өтіп жатады. Оның қалай аяқталатынын ішіңнен жорамалдап та қоясың. Солай бола тұра, соңына дейін тапжылмай отырып көресің. Неліктен? Кино жасаушылардың шеберлігінен, әрине. Тіпті «қазақстандықтар киноны неге осылай түсірмеске» деп қынжылатыныңды қайтерсің. Бірақ амал нешік, біздің бұл салада көштен қалып қойғанымыз шындық. Өзбек киноөнері кеңес кезінен оқ бойы алда еді, әлі сол шабысынан танбай келеді. Іштарлық көрсетпейік, танбай-ақ қойсын. Тек біздің шаң арасында жүргеніміз қинайды-ақ...
Төкен ӘЛЖАНТЕГІ
Алматы
...әсерімен бөліседі
Ана тілім тұрғанда...
Осындай тақырыппен Маңғыстау облыстық кітапханада жастардың облыстық Махамбет атындағы жас ақындар мүшәйрасының, республикалық «Үркер-үміт» әдеби жастар сыйлығының иегері, халықаралық «Ақбозат» ақындар мүшәйрасының лауреаты, жас ақын, журналист Аллаберген Қонарбаевпен кездесу өтті.
Аллаберген Әзірбайжанұлының алғашқы туындысы «Жүрегім – жырым, Маңғыстау» деп аталса, Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің ғылыми-фольклорлық бағытын зерттеуге арнаған ғылыми-зерттеу еңбегінің тұсауы 2014 жылы Астана қаласында кесілген. Жас ақынның сондай-ақ 2015 жылы «Қазақстандық патриотизм: жастар және қоғам» публицистикалық кітабы, ал 2016 жылы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ауданның 25 жас ақынының шығармалары біріктірілген «Мәңгілік елім, Мәңгілік жырым» атты жинағы жарық көрді.
«Қазақстандық патриотизм: жастар және қоғам» публицистикалық кітабы төрт бөлімнен тұрады: біріншісі – Елбасы туралы автордың ой түйіндері, екінші тарауда «Патриот болу үшін не істеу қажет?» деген сауалға жауап іздеу болса, үшінші бөлімде туған ел, жер, Отан, Маңғыстау және патриоттық өлеңдері ішінде Алаш зиялылары туралы да жырлары бар. Төртінші бөлім – «Жастар және қоғам» – жастар арасындағы бүгінгі қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелер жайында сөз қозғалып, салт-дәстүрге берік болу сынды бағыттар ұсынылған.
Үміт ЖӘЛЕКЕ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Ақтау