Медицина • 07 Қараша, 2017

Ғалым Ғаппар Маймақовтың соңғы мақаласы

1140 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Тарих ғылымдарының кандидаты, құқықтану доценті, Ресей Федерациясы Психология академиясының корреспондент мүшесі Ғаппар Маймақовтың қазақ ғылымына, ұлт руханиятына қосқан еңбектері орасан. «Қазақ жері тұтастығының қалыптасуы», «Қазіргі заманғы дінтану негіздері», «Мемлекет және құқық тарихы» атты еңбектері қазақ ғылымына қосылған қомақты үлес. Ғалым денсаулығының сыр бергеніне қарамастан қолынан қаламын тастамай, қоғам өміріндегі іргелі өзгерістерге үн қосты. Фәни дүниемен қош айтысқанша ғылым жолына адалдық танытқан ғалымның «Егемен Қазақстан» газетіне жолдаған соңғы мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз. 

Ғалым Ғаппар Маймақовтың соңғы мақаласы

Президент Н.Ә.Назарбаев мем­лекетті басқару, күрделі халық­ара­лық мәселелерді шешуге белсенді қатысуымен қатар, үлкен ғылыми-интеллектуалдық еңбектердің авторы және терең ойшыл ғалым да болып табылады. Елбасы бұған дейінгі ондаған ірі кітаптарын жариялаумен қатар ауқымды бағдарламалар, мақалалар да ұсынып келеді. Солардың ішінде «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» (2012ж.), «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» (2016 ж.), «Қазақстан дағдарыстан кейінгі дүниеде: Бола­шаққа интеллектуалдық секіріс» (2009 ж.) т.б. мақалаларын білеміз.

Осы жылдың 12 сәуірінде Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты бағдарламалық мақа­ласын жариялады. Бұл мақала бұған дейін көтерілмеген идеялық және идео­ло­гиялық жұмысты жол­ға қоюдың бағы­тын көрсетіп бер­ген еңбек болып табы­лады. Мақала терең ғылыми-практи­калық негіз­де жазылған. Сондықтан оның бағдар­ламалық сипаты басым.

Президент ең алдымен ұлттық сана туралы аса күрделі мәселені айтты.

Сананың формасы көп. Ұлттық сана – ұлттың кодынан, мәдениетінен, салт-дәстүрінен, тәрбие-танымынан адамгершілік және әлеуметтік, саяси, экономикалық, эстетикалық, фило­софиялық, діни  және т.б көз­қарастар мен сенімдерден тұратын, белгілі бір рухани дамуын сипаттайтын сана.

Ұлттық сана – ұлттың, дамыған этностың санасы. Ұлттық сана – ұзақ тарихи даму жағдайында пайда болып қалыптасады әрі үнемі дамып отырады. Қазақтардың өзіне тән ұлттық санасы бар. Қазіргі заманда Қазақстанның қалыптасу процесіне байланысты қазақстандық ұлттық сана орныққан. Қазақстандық ұлттық сана елімізде тұрып жатқан этностарға тән сана.

Мақалада ұлттық кодты сақтай білу туралы «Жаңа тұрпатты жаң­ғыру­дың ең басты шарты – сол ұл­ттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», деп айтылып өтті.

Ұлттық код деген не?

Ұлттық код – ұлттың тарихынан, ұлттың санасынан, салт-дәстүрінен, мәдениеті мен әдебиетінен, тілінен, тәрбиесінен, дінінен, ділінен, қонақ­жайлылығынан, бәсекеге қабілет­тілігінен, патриотизмінен, т.б қасиет­терінен тұратын ұғым. Елбасы ең алдымен Ұлттық кодты сақтау, дамыту және жаңғырту туралы баса айтты. Ұлттық код сол ұлттың өзіне ғана тән ерекше қасиеттері болып табылады.

Қазақтардың өзіне ғана тән қонақ­жайлылығы туралы айталық. Қазақ­­тар әлемдегі ең бір қонақжай халық­тың бірі немесе бірегейі. Ең кедей, тұрмысы төмен қазақтың өзі сан­ды­ғында қонақтар үшін деп тәтті тағам­дар және киім-кешектер сақ­тап отырады. Себебі қазақ қонақ келіп қалса, оның алдына қоятын қонақ­кәделердің болмауынан жерге қарап қалмауы тиіс. Бұл қонақкәделер қан­ша қиналса да, балалардың өзіне де берілмейді.

Қазақтардың қонақтарды қарсы алу, шығарып салу тәртібі әдет-ғұрып заңдарында өте жақсы ай­шық­талған. Қазақ қонақжайлы­лық­қа құқықтық сипат берген әлем­дегі жалғыз ұлт. Құдайы қонақты дұрыс күтіп алмағаны үшін үй иесіне ат-шапан айып салынған және ол заңда бекітілген. Көшпелі қазақтарда қонақүй болмаған. Тіпті, қонақ үйдің қажеті де жоқ еді. Оңтүстіктен шыққан қазақ 1,5 мың шақырым жол жүріп Солтүстікке жетіп отыр­ған. Батыстан шыққан қазақ 3 мың шақырым болатын Шығыстағы таныстарына еш қиналмай жететін. Себебі, жалғыз немесе бір топ жолаушы кез келген ауылға тоқтап, кез келген үйдің жанына келіп «Құдайы қонақпыз» деп дауыс берген. Сонда үй иесі жүгіріп шығып, қонақтарды аттан түсіріп, үйге кіргізуге міндетті болған. Олардың кім екенін сұрау әдепсіздікке жатқан. Қымыз және де басқа сусындар берген соң мал союға бата сұраған. Содан кейін ғана қонақтардың кім екендігін сұрай бастаған. Мал сою қонақтарды күтудің басты шарты немесе міндет болған. Егер үй иесі мал соймай, сақтаулы тұрған ет-тағамдармен қонақтарды күтсе, қонақтар бұл тамақты жеп болып, аттана берген. Бірақ ауылдың биіне, ақсақалына келіп, «сараң ауыл», «сараң ру» екенсіңдер деп айтып кеткен. Бұл ауылдың атына айтылған масқара сын болатын. Мұндай ауылдың билері, ақсақалдары, мүшелері кез келген жерде өздеріне айтылған сынды мойындап, жерге қарап отыратын.

Осылай болмау үшін би, ақсақал үй иесіне ат-шапан айып төлеттірген және қонақтарды қайта шақырып күтуді тапсырған. Қазақтар ондаған ғасырлар бойы осылай өмір сүрген.

Сондықтан қазақтардың қонақ­жайлылығының гендік сипаты бар деу­ге болады.

Қазақтардың қонақжайлылығы реп­рессияға ұшыраған ұлттарды қарсы алу кезінде ерекше көрінді. Өздері аш-жалаңаш қазақтар бір үзім наны мен бір тұтам үйіне қырылудың үстінде тұрған халықтарды кіргізіп, паналатты. Репрессияға ұшы­раған халықтардың саны 1,5 миллиондай еді. Солар­дың бәрі де қазақтар­дың қонақжайлылығы арқасын­да аман қалды, өніп-өсті.

Қазақтардың осы қонақ­жайлылығы бүгін де сақта­лып отыр. Сондықтан қонақ­жай­лылық – қазақтардың Ұлт­тық кодының ерекше көрінісі.

Бәсекелік қабілет туралы айтқан Елбасы: «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсеке­лік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық не­месе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы», деп айқындап алып мұның материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге білім, қызмет, зияткер­лік өнім немесе сапа­лы еңбек ресурс­тары болуы мүм­кін екендігіне тоқтал­ды. Болашақтың табысы бәсекеге қабілеттілікпен баянды етіледі. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және кон­фес­сияаралық келісім» сияқты бағдар­ламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы болып табылады.

Мемлекет басшысының прагматизм туралы ойлары өте терең және айқын. Прагматик адам әрқа­шан да табыстарға қол жеткізіп оты­рады. Прагматизм – өзіңнің ұлт­тық және жеке байлығыңды нақ­ты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспар­лай алу, ысы­рап­шылдық пен астам­шылыққа, даң­ғойлық пен кердең­дікке жол бермеу деген сөз. Ұстам­ды­лық, қан­а­ғат­шылдық пен қарапайым­д­ылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану прагматизмнің негізгі тиянақтары.

Прагматизм популизмге қарсы. Популизм – саяси, экономикалық, әлеуметтік және қол жетпейтін уәде­лерді үйіп төгу. Сол арқылы беде­л жинап, билікке қол жеткізу жолындағы әрекет. Популизм әсіресе саяси пар­тия­ларға, даңғой көшбасшыларға тән қасиет. Ақырында популизм табысқа емес дағдарыстарға апаратын идеология. Мысалы, Кеңес одағындағы 80-жылдарда коммунизм құру, 90-жылдары бүкіл азаматтарды алкогольдік ішімдіктерден арылту туралы уәделер нағыз популизм еді.

Мақалада ұлттық бірегейлікті сақтауға маңыз берілген. Бұлар: ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғы­ларымыз, бір сөз­бен айтқанда, ұлттық рухымыз. Бұл қа­сиеттер бойымызда мәңгі сақталуы тиіс.

Ұлттық бірегейліктің негізгі белгілері:

- ұлтына, дініне, жынысына, т.б. белгілеріне қарамай Қазақстанның барлық азаматтары тең;

- Қазақстан аумағындағы барлық азаматтар тұрады, Қазақстан мем­лекетінің қамқорлығын пайдаланады;

- барлық Қазақстан азаматтарының рухани құндылықтары, дүниеге көз­қарастары, ділі (менталитеті), мәдени деңгейлері бірдей немесе ұқсас;

- барлық Қазақстан азаматтарын шетелдерде қазақстандықтар, тіпті кейде қазақтар деп те атап жүр. Әсіресе бұл спорт және өнер салаларында анық байқалады.

- барлық Қазақстан азаматтары Қазақстан мемлекетінің және оның Президенті Н.Ә.Назарбаевтың саясатын қолдайды және оны мақтаныш тұтады;

- барлық Қазақстан азаматтары еліміздегі қоғамдық келісім мен сая­си тұрақтылықты сақтауға және ны­ғайтуға, қандай да бір этносаралық және конфессияаралық қайшылықтар мен жанжалдарға жол бермеуге күш салады.

Ұлттық бірегейлік – Қазақстан халқының бірлігі мен достығының, ынтымағы мен татулығының нақты көрінісі.

Ұлттық бірегейлік жершілдікке, рушылдыққа, сыбайлас жемқорлыққа мүлде қарсы.

Мақалада рухани жаңғыру бойынша таяу жылдардағы міндеттер айқындалды.

Бірінші, біртіндеп латын әліпбиіне көшу қажеттілігі негізделді.

Енді 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшу басталады.

Екінші міндет, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынады. Біз тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіспіз.

Үшінші міндет «Туған жеріңе туыңды тік бағдарламасын жасау. Оның негізінде патриотизм идеясы жатыр. Сол себепті Президент «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынып отыр. «Туған жер» бағ­­дар­ламасы «Туған ел» бағ­дар­ла­ма­сына ұласады, сөйтіп жалпы­ұлттық пат­риотизмнің нағыз өзегіне айналады.

Төртінші міндет, жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақ­станның киелі жерлерінің гео­графиясы» жобасы керек. Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәді­гер­лер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерт­кіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтай­дағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді. Мұның бәрі тұтаса келгенде халқы­мыз­дың ұлт­тық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды, деп атап өтілді мақалада.

Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуін құру қолға алынады.

Бесінші міндет бойынша «Жаһан­дағы заманауи қазақстандық мәде­­ниет» жобасы іске асырылады. Бұл жоба нені көздейді? Бірінші, отан­дық мәде­ниет БҰҰ-ның алты тілі – ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілдерінде сөйлеуі үшін мақсатты ұстаным болуы шарт. Екін­­ші, ол бүгінгі қазақстандық­тар жаса­ған және жасап жатқан заманауи мәдениет болуға тиіс. Үшінші, мәде­ни қазыналарымызды әлем жұрт­шы­лы­ғына таныстыру­дың мүлдем жаңа тәсілдерін ойлас­тыру керек. Мәдени өнімдеріміз тек кітап түрін­де емес, әртүрлі мультимедиа­лық тәсілдермен де шыққаны абзал. Бұл жобаны 5-7 жылда жүзеге асыру көзделіп отыр.

Алтыншы міндет, ұлт мақтаны­шы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс. Елбасы бүгінгі замандастарымыз­дың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынады. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – тәуелсіздік жыл­­дарында табысқа жеткен, елі­міз­дің әр өңірінде тұратын түр­лі жас­­тағы, сан алуан этнос өкіл­дері­нің тари­хы. Жобада нақты адам­дар­дың нақ­ты тағ­дырлары мен өмірбаян­дары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақ­станның келбеті көрініс табады.

Елбасының мақаласы болашақ­та халқымыздың рухани жаңғыртуы­ның теориялық және практикалық негіз­дерін қалап отыр. Заманға сай жаң­ғыру – дамудың негізгі өзек­терінің бірі. Уақыт бізді күтіп отырмай­ды. Уақыт талабына ілесе алмау, мүм­кін­дікті қолдан шығарып алу тарихи мүм­кіндіктерді пайдаланбау болып табылады. Сондықтан бүгінгі Қазақ­стан халқы рухани жаңғыруды негізгі талап деп қабылдағаны жөн. Болмаса, Елбасы айтқандай, «Оған көн­беген­дер тарихтың шаңына көмі­ліп қала береді». Елбасының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы, сөз жоқ, қоғамдық, ұлттық санада серпіліс туғызған еңбек болды. Бұл «Мәңгілік Ел» құрудың идеологиялық алтын діңгегі де болып табылады.