Аймақтар • 07 Қараша, 2017

Қызылжар өңірінде ХІІІ ұлттық Дельфий ойындарының ашылуы өтті

238 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ХІІІ ұлттық Дельфий ойындарының биылғы эстафетасын Қызылжар өңірі қабылдап, ашылу салтанаты Погодин атындағы орыс драма театрында «Өнерім – рухани қазынам» деген атпен өтті. Оны ұлттық делфийлік комитет ұйымдастырып, облыстық әкімдік жан-жақты қолдау көрсетті. 

Қызылжар өңірінде ХІІІ ұлттық Дельфий ойындарының ашылуы өтті

Суретті түсірген: Талғат ТӘНІБАЕВ

Халықаралық дельфий комитетінің директоры Владимир Понявин ежелгі грек жерінен бастау алған қозғалыс Қазақстанда да кең қанат жайғанын, халықаралық мәртебе алғалы ауқымы кеңейіп, сапалық мазмұны артқанын тілге тиек етті. Ұлттық дельфий корпоративтік қорының жетекшісі, жоба үйлестірушісі Құралай Түсіпекова сайысқа облыстар мен Алматы және Астана қалаларынан 600-ге жуық қатысушының тартылғанын, фортепьяно, ұлттық аспаптар, театр, халық, академиялық, эстрадалық әндер орындау, фотосурет, тележурналистика, киім дизайны, декоративті-қолданбалы өнер секілді 18 аталым бойынша бәсе­кеге түсетінін алға тартты. Доданың ерек­шелігі сол, есту қабілеті нашар балалар үшін «Хореография» және «Ишарамен ән айту» аталымдары енгізіліп, қатысуға 100-ге тарта үміткер өтініш білдірген. Бұдан тысқары «Қоларбамен билеу» аталымының тұсауы кесілмек.

Театр алдындағы алаңда Дельфий ойындарының туы көтеріліп, алауы жағы­лып, әнұраны шырқалды. Көрер­мендер «Жеңістерге бірге!» атты паралим­пиадалық бастамалар шеңберінде өткізіл­ген «Қоларбада билеу» аталымының жеңімпаздары Ерлан Нұрмағанбетов пен Сандуғаш Ақанованың жұптық биіне, белгілі әншілер Әли Оқаповтың, Әлішер Кәрімовтің әуелете шырқаған әндеріне дуылдата қол соқты.

Әр аймақтан сайдың тасындай ірікте­ліп келген өрендер 10-15 және 16-21 жас ара­­­лы­ғы бойынша екі топқа бөлініп, 12 мәде­­­ни орында жарыс көрігін қыздырды. Мә­де­ниет пен өнердің брендіне айналған жас­­тар бай­қауы көне классикадан бастап қазір­гі өнерге дейін біріктіріп, шынайы ше­­бер­­­лік пен шалқар шабыт қатар өріліп жатты.

Жас таланттар мен дарындардың бір­неше күнге созылған шығармашылық бай­қауын­­да жалпыкомандалық есеп­те Сол­түс­тік Қазақстан облысы қор­жын­ға 9 ал­тын, 11 күміс, 6 қола салып, бірінші орын­ға ие болды. Екінші, үшінші орындар­ды Ас­тана қаласы мен Ақмола облысы бөлісті.

 Жекелеген аталымдар бойынша Діл­наз Ташмұхамед («Халық әндері», Қызыл­­орда облысы), Бекзат Пірілепесов («Дом­­быра», Оңтүстік Қазақстан об­лы­сы), Рыс­тыгүл Көшерова («Бейнелеу өне­рі», Сол­түс­тік Қазақстан облысы), Ме­рей Ын­ты­мов («Киім дизайны», Ас­тана) топ жар­­ды. Сол сияқты «Тележурна­лис­ти­ка­­­дан» Нұрсұлтан Аббаз пен Қал­­ды­бай Елеуов (Оңтүстік Қазақстан облы­сы), «Қо­­­быз­­дан» Гүлім Атошева (Батыс Қа­зақ­­стан облысы), «Ишарамен ән айту­дан» Эл­мира Балтықова (Алматы облы­сы), «Хо­рео­­­графиядан» «Sensitive» би тобы (Петро­павл қаласы) жеңімпаз деп танылды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы сертификаттар, сый-сияпаттар тапсырылып, марапат соңы гала-концертке жалғасты.

Өнер, мәдени шығармашылық бай­қауының ең үздіктері халықаралық Дельфий ойындарына жолдама алды.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы