Аймақтар • 07 Қараша, 2017

Роза Рымбаева өзі туып-өскен Қалбатау ауылында тегін концерт берді

479 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның халық әртісі, Мемле­кеттік сыйлықтың лауреаты Роза Рымбаева «Туған жер» бағдарламасы аясында өзі туып-өскен Жарма ауданының орталығы Қалбатау ауылында жерлестеріне тегін концерт берді. 

Роза Рымбаева өзі туып-өскен Қалбатау ауылында тегін концерт берді

Бір жарым сағатқа созыл­ған әсерлі кешті ауданның 500-ден ас­там тұрғыны тамашалады. Айта кетейік, жақында облыста «Менің мектебім» акциясы басталған еді. Ауыл мектеп­терін түлету бағытында қолға алынған тағылымды шараға арнайы қатысқан халық әртісі сол кезде өзі оқыған мектепке бір миллион теңге сыйлайтынын айтқан болатын. Туған жерге тағзым жасап, өзгелерге үлгі болған әншіге жерлестері де лайықты құрмет көрсетті. Аудан әкімі Нұрлан Сыдықов шара барысында пер­зент­тік парызын ұмытпаған өнерпазды 60 жылдық мерейтойымен құттықтап, «Жарма ауданының құрметті азаматы» ата­ғын салтанатты түрде табыс етті.

«Өзім өмір есігін ашқан өңірге келіп, кон­церт бергеніме, жерлестеріммен жүз­дес­кеніме шын жүректен қуанышты­мын. Туып-өскен мекенім адам танымастай өзгер­­ген екен. Әсіресе өзім еңбек жолын бас­таған Мәдениет үйі де жаңа келбетке еніп, білікті өнерпаздармен толығыпты. Туған күнімді жерлестерімнің ортасында атап өткенім үшін бақыттымын», дейді әнші.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,
Жарма ауданы