Президент • 07 Қараша, 2017

«Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның қарышты қадамы» атты кітап қытай тілінде шықты

395 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қытайдың мемлекеттік резиденциясы «Дяоюйтайда» қытай тіліндегі «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның қарышты қадамы» кітабының тұсауы кесілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

«Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның қарышты қадамы» атты кітап қытай тілінде шықты

Фото: inform.kz

Кітапты Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы Елшілігінің қолдауымен «Синьсин» корпорациясының қаржылай қолдауымен «Жэньминь» мемлекеттік баспасы шығарды. Кітапты Бейжің университетінің профессоры Э Юньлунның басшылығындағы аудармашылар алқасы аударды, редакторы - ҚХР Жазушылар одағының мүшесі, Қытай мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚХР Жазушылар одағының «Қытай жазушылары» журналының бас редакторы Әкбар Мәжит.

Тұсаукесерге кітап авторы, Британия парламентінің бұрынғы мүшесі Джонатан Айткен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов, Қазақстанның ҚХР-дағы Елшісі Шахрат Нұрышев, ҚХР сыртқы істер министрінің көмекшісі (орынбасары) Ли Хуэйлай, жазушы Әкбар Мәжит, Бейжіңде аккредитациядан өткен Әзербайжан, Армения, Грузия, Ресей, Тәжікстан Түрікменстан, Өзбекстан дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары, Украина, Молдова, Ұлыбритания, т.б. елдердің дипломаттары, ШЫҰ басшылығы, Қытайдың ғылыми және шығармашылық интеллигенциясы, қазақ диаспорасы, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.

Шарада А. Мырзахметов жиналғандарға кітаптың мазмұны және егеменді Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі туралы әңгімелеп берді. Шара қатысушылары Қазақстанның өркендеуі, Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілгені және ондағы Нұрсұлтан Назарбаевтың орны жайлы ой бөлісіп, Қазақстанның «Бір белдеу, бір жол» жобасының аса маңызды қатысушысы екенін тілге тиек етті.