Қазақстан • 07 Қараша, 2017

Алматыда «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы өтеді

427 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2017 жылдың 10 қарашасында сағат 11.00-де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі ғылыми-білім беру және мәдени-ағартушылық көрме жобасын ұсынады. 

Алматыда «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы өтеді

Жобаның іс-шаралары Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Күні және Тәуелсіздік Күні мемлекеттік мерекелеріне орай жүзеге асырылады.

Еліміздің астанасын көшірген сәттен бері 20 жылдың ішінде алғаш рет Мемлекет басшысының жеке архиві, жеке кітапханасы және музейі қорының зерттеу нәтижелері мен материалдары Алматы қаласы қалың жұртшылығының назарына ұсынылып отыр. Осы жылдардың ішінде Астана әлемдегі ең танымал және құрметке лайық қала мәртебесін иеленіп, бүгінде жаһандық деңгейдегі маңызды шешімдер қабылданатын алдыңғы қатарлы ғылыми және мәдени орталыққа айналды.

Жоба аталмыш көшпелі қор көрмесінің салтанатты ашылу рәсімінен басталады. Көрменің негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Тәуелсіз Қазақстан тағдырындағы рөлін мұрағат құжаттары мен жәдігерлер арқылы жүйелі түрде кеңінен көрсету.

Көрменің ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұт Қасымбеков, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек сынды беделді азаматтардың қатысуы жоспарланып отыр.

Көрермендер назарына Елбасы кітапханасының архив, кітап, музей қорларының материалдары ұсынылатын болады. Олардың қатарында
шет мемлекет және үкімет басшыларының Н.Ә. Назарбаевқа тарту еткен жоғары мемлекет наградалары, Қасиетті Құрандардың бірегей жинақтары, мемлекет басшылары тарту еткен қолтаңбалық кітаптар, сондай-ақ Н.Ә. Назарбаевтың әлем тілдеріне аударылған еңбектері бар.