Облыс тұрғындарына ребрендингтен кейін жаңарған «Altai’» телеарнасы таныстырылды. Бұл туралы облыстық ақпараттық орталығы хабарлады. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов телеарна көрермендері мен ұжымына жаңа маусымда сәттілік тілеп, лебізін білдірді.
«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын насихаттау тұрғысынан алғанда бұл – дәл уақытында жасалған қадам. «Қазақстан» корпорациясының барлық медиаресурстарды бір логотип аясында біріктіріп, атауларын бірыңғайлатын әріптерімен таңбалауы - құптарлық шешім. «Қазақстан-Өскемен» телеарнасын «Алтай» деп өзгерту орынды. Өйткені, Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі. Шығыс Қазақстан – Кенді Алтайдың, өр Алтайдың жүрегі», – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Айта кетсек, жаңа маусымашарда «QAZAQSTAN» телерадиокорпорациясында орын алған ребрендингтен кейін бірқатар телеарналардың атауы өзгертіліп таныстырылуда. «Altai’» телеарнасы жетінші болып жаңа маусымға аяқ басты.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»