«Ақпарат және коммуникация министрлігімен бірлесіп, мемлекеттік органдар мен жеке ұйымдарға «Электронды үкімет» порталы арқылы қызмет алушының рұқсаты бойынша анықтама беру қызметін жүзеге асыру жоспарлануда. Аталған шара Халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлерінің қызмет көрсетуге қатысуын жояды. Тұрғындар SMS арқылы ақпарат алу бойынша дербес шешім қабылдай алады», деді баяндамашы. Оның айтуынша, мемлекеттік органдар мен жеке ұйымдарға, екінші дәрежелі банктерге «Электронды үкімет» порталы арқылы қызмет алушының рұқсаты бойынша анықтама беру электронды анықтама беруді 21,5 миллионға қысқартады.
«Қазіргі таңда жәрдемақы тағайындау кезінде банк есебінің нөмірін көрсетуді сұрайды. Интеграция нәтижесінде аталған анықтаманы қызмет алушыларға алу маңыздылығы жойылады. Жалпы, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру аясында мемлекеттік корпорация меморгандармен бірлесіп қызмет көрсетуді белсендіруге көшу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізуде. Болашақта бұл қызметтер автоматты түрге ауысады», деді басқарма төрағасы.
Жақында Алматы тұрғыны қалалық ХҚКО қызметкері банк қызметкеріне ол туралы ақпарат бергенін кездейсоқ біліп қалғанын мәлімдеген болатын. Содан кейін корпорация өкілдері мұндай жағдайға жол берілмеу қажеттігін айтып, кінәлілер жауапқа тартылатынын хабарлаған. Жұмыс кеңесінде Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев көпшіліктің Халыққа қызмет көрсету орталықтарына деген сенімін жоғалтып алмау керектігін баса айтты. «Бұл – өте маңызды қадам, барлығы жауапкершілікті түсінеді. Біздің халықтың қызмет көрсету орталықтарына деген сенімдеріне селкеу түсірмегеніміз абзал. Менің ойымша бұл шара барлығымызды біріктіріп, тағы да сараптамадан өткізуге және нақты ақпарат беруге мүмкіндік береді деген ойдамын», деді Д.Абаев.
Министр «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспановқа орынбасарына сөгіс беруді тапсырды. Сонымен қатар мұндай жағдай қайталанбас үшін он күн ішінде нақты ұсыныс даярлауды міндеттеді.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»