Форум жұмысына Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Талғат Донақов, Конституциялық кеңес төрағасы Игорь Рогов, Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми, Бас прокурор Жақып Асанов, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңсесінің басшысы Дьерд Сабо қатысты. Сондай-ақ конференцияға қатысушылар арасында Парламент депутаттары, Жоғарғы сот судьялары, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдардың бірқатар басшылары мен ғылыми-сарапшылық қауымдастықтың өкілдері де болды.
Конференцияның ашылу рәсіміндегі құттықтау сөзінде Қайрат Мәми 2014 жылы жаңа кодекстерді қабылдау нәтижесінде заңнаманың жазалаушылық сипаты азайып, азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған отандық қылмыстық заңнаманы қалыптастырудың жаңа кезеңі басталғанын атап өтті.
Тергеу судьясы, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеу, сот төрелігімен мәмілеге келу, процестік прокурор секілді жаңа институттар өз өміршеңдігін дәлелдеді. 2016 жылы қылмыстық сот ісін жүргізу бойынша сотқа дейінгі жеделдетілген тергеу арқылы қаралған істер саны 14 пайызға, қысқартылған тәртіпте қаралған істер екі есеге артты.
«Осы ретте тәжірибе қоғамның заманауи сұранысы мен халықаралық стандарттарға сәйкес қылмыстық процесті одан әрі жаңғырту қажеттігін көрсетті», деді Қ.Мәми.
Өз сөзінде Қ.Мәми осы жаңа заң жобасының неғұрлым маңызды жаңашылдықтарына тоқталып өтті. Солардың қатарында адамды ұстау мерзімін 48 сағатқа дейін, ал кәмелетке толмағандарды ұстауды 24 сағатқа дейін қысқарту көзделіп отыр. Бұған қоса, сот бақылауы институтын жетілдіру, соның ішінде құпия тергеу әрекеттеріне судьяның санкциялау құзыретін кеңейту қарастырылуда. Қорғау мен өкілдік ету функцияларын жүзеге асырудағы адвокаттың мүмкіндіктері артып, қылмыстық теріс қылықтар бойынша бұйрық арқылы іс жүргізу қолданысқа енгізілетін болады.
Барлық жаңашылдықтар халықаралық озық стандарттарға, соның ішінде ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесіне толығымен сәйкес келетіндігі аталып өтілді. «Заң жобасының қабылдануы адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең басты конституциялық құндылық деп бекітілген Қазақстанның одан әрі кезең-кезеңімен құқықтық тұрғыдан дамуына зор серпін береді», деп атап өтті Қ.Мәми.
Жоғарғы сот төрағасы сөзінің соңында осы форум Қылмыстық процестік кодексті одан әрі жетілдіру бойынша барлық шараларды тағы бір мәрте жан-жақты әрі кәсіби негізде қарауға мүмкіндік беретіндігіне сенім білдірді.
Бекітілген күн тәртібіне сәйкес, Әділет министрі М.Бекетаев пен Бас прокурордың орынбасары М.Ахметжанов жаңа заң жобасының негізгі қағидаттары туралы баяндама жасады. Бұған қоса, Болгария конституциялық сотының судьясы Румен Менков, Кеплер атындағы Линц университетінің (Аустрия) құқық профессоры Штефан Шуман, Дүниежүзілік банктің сарапшысы Георгий Папуашвили, Нидерланд апелляциялық сотының судьясы, қылмыстық құқық профессоры Ян Райнтиш сөз сөйледі. Олар қылмыстық процесті жаңғыртудың шетелдік тәжірибесі, соның ішінде Еуроодақ елдерінде жүргізілген реформалар, сондай-ақ Қазақстанда іске асырылып жатқан осы бағыттағы тәсілдер туралы өз ойларымен бөлісті.
Конференция шеңберінде оған қатысушылар бағдарламада көзделген барлық мәселелер бойынша қызу әрі сындарлы пікір алмасты. Іс-шара қорытындысы бойынша заң жобасында ескерілуі тиіс бірқатар ұсынымдар әзірленді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»