«Мен қазақ халқынан бастап, барлығына алғыс айтқым келеді!. Мен бәріңізді жақсы көремін. Сіздер мені өз жақындарыңыздай етіп қабылдадыңыздар. Футболға тәнті азаматтарға, Қазақстанның футбол федерациясына рахмет! Бізді қиын күндерде де, қуанышты сәттерде де қолдап келген барша жанкүйерімізге алғыс білдіргім келеді. Барлық әріптесіме мың алғыс. Бәріміз бірігіп, жанкүйерлердің көңілі үшін, Қазақстан футболының деңгейін көтеру үшін тынымсыз жұмыс істедік. Мен «Қайратты» ешқашан да ұмытпаймын. Әсіресе, клуб президентін, ол мені өзінің баласындай қабылдап, футбол ойнап, мүмкіндігімді көрсетуге жағдай жасады. Мен осы хабарлама арқылы «Қайрат» командасымен жолымыз екіге айырылатынын жеткізгім келеді. Мен қазақ футболына қуаныш сыйлау үшін әлі ораламын деген үміттемін. Мен сіздерді жақсы көремін. Алға, «Қайрат», - деп жазды Гоу.
28 жастағы ивуарлық сұрмерген «Қайратқа» 2014 жылы Ресейдің «Краснодарынан» келген. Осы күнге дейін 138 ойын өткізіп, 99 голдың авторы атанған. Биыл Премьер-лигада 24 гол соғып, үшінші жыл қатарынан чемпионаттың үздік сұрмергені атанды. Сонымен қатар, биыл ел кубогында үш, Еуропа лигасында төрт гол соққан. «Қайрат» сапында үш рет ел чемпионатының вице-чемпионы атанса, бір рет қолаға қол жеткізген. Бұдан бөлек, үш мәрте ел кубогын жеңіп алып, екі рет Қазақстан Суперкубогының иегері атанған. «Қайратқа» дейін Кот-д’Ивуар, Марокко, Швейцария, Түркия, Ресей чемпионаттарында доп тепкен.