Фото: Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»
Тұңғыш Президент күніне орай өткізілген шарада кітаптың тұсауын кітап авторы, Президент Кеңсесінің бастығы, Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұт Қасымбеков пен Әзербайжан Республикасы Президентінің қоғамдық-саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Әли Гасанов кесті. Бұл туынды 2012 жылы жарық көрген болатын. Содан бергі уақытта кітапқа өз елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдер де қызығушылық таныта бастады. Ол қазақ, орыс тілдерінен басқа ағылшын, араб, венгер, серб және француз тілдеріне аударылып, басылып шықты. Енді бұл қатарға әзербайжан тіліне аударылған нұсқасы қосылып отыр.
Кітап Н.Ә.Назарбаевтың өмірі мен қызметін ресми тарихи-өмірбаяндық тұрғыдан зерттеудегі алғашқы тәжірибені ұсынады. Онда қарапайым ауыл баласынан Ұлт Көшбасшысына дейінгі жолы егжей-тегжейлі қамтылған. Ғасырлар тоғысындағы Қазақстан дамуын драмалық және елеулі оқиғалар мен үдерістерді баяндайтын туындыда Елбасының саяси өмірбаянына ерекше назар аударылған. Кеңейтілген ауқымда мұрағаттық материалдар негізінде дайындалған Елбасы өмірбаяны Қазақстанның жаңа тарихы бойынша маңызды құжаттық дереккөз болып табылады. Онда мағыналы әрі тарихи фотосуреттер материалдарымен қатар, алғаш рет тарихи сипатталған оқиғалармен де танысуға мүмкіндік беретін жеке құжаттардың дәл көшірмесі ұсынылады.
Тұсаукесер рәсімінде сөз алған кітап авторы М.Қасымбеков туындының әзербайжан тілінде жарық көруіне атсалысқан азаматтарға алғыс айтты. «Кітап жарық көргеннен кейін оған шетелдік оқырмандар да қызығушылық таныта бастады, – деді М.Қасымбеков. – Осы аралықта туынды алты тілге аударылды. Бүгін оның қатарына әзербайжандық нұсқасы қосылып отыр. Мұндағы бір атап өтетін мәселе – кітаптың түркітілдес елдер арасында және оның алғаш рет латын әліпбиімен жарық көріп отырғандығы».
Одан кейін сөз тізгінін алған Әли Гасановтың атап өткеніндей, Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатының нәтижесінде бүгінде Қазақстанда этносаралық татулық салтанат құрып отыр. «Н.Ә.Назарбаев сол қиын мәселені ойдағыдай шеше білді, – деді Ә.Гасанов. – Бұл қазақтарды титулды ұлт ретінде көтерді. «Нұрлы көш» бағдарламасы арқылы шетелдердегі қазақтарды тарихи отанына шақырды. Ал Қазақстанда ондаған мың әзербайжан этносының өкілдері өзге этностармен терезесі тең өмір сүріп, саяси және қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы бірегей институтын құрған Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегін ерекше атап өтпекпін. ҚХА институтының интеграциясы тұрғысында маңызы аса зор екенін өткен уақыт дәлелдеп берді».
Тұсаукесер рәсімінде осы кітаптың әзербайжан тілінде жарық көруіне кеңесші ретінде қатысқан Дархан Қыдырәлі туындының құндылығына тоқталды. Оның айтуынша, кітапта Елбасының қайраткерлік өмір деректері арқылы тұтас еліміздің тарихы, болашақ мұраты, жылнамасы жазылған. «Бұл кітаптың ерекшелігі, туынды нақты құжаттармен, деректермен жазылғандығы. Бүгінде осы кітап әлемнің көптеген тілдеріне аударылып жатыр. Ал түркітілдес елдер ішінде алдымен әзербайжан тіліне аударылып отыр. Мұның символикалық мәні зор. Біріншіден, кітап бауырлас елдер арасында алғаш рет басылып шықты, деді Халықаралық түркі академиясының басшысы.
Сөзінің соңында ол «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» кітабын әзербайжан тіліне аударуға және оның басылып шығуына атсалысып, қолдау көрсеткен жандарға шынайы алғысын білдірді.
Ал кітапты орыс тілінен әзербайжан тіліне Әзербайжан Жоғары медиа сыйлығының және Исмаил Ғаспыралы атындағы Халықаралық түркі академиясының медиа сыйлығының лауреаты, журналист-публицист Аида Эйвазова аударған. Редакторы – Вели Акперов. Кітаптың алғы сөзін әзербайжан тілінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Әли Гасанов жазған. «Қазақтың ұлы ақыны Олжас Сүлейменов өз естеліктерінде Әзербайжанның жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевті өз ісінің шебері деген еді. Біз де түркі әлемінің белгілі ақсақалы – қазақстандықтар Елбасы деп мақтанышпен атайтын құрметті Нұрсұлтан Назарбаев туралы дәл солай айтар едік», деп жазады Ә.Гасанов туындының алғы сөзінде.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»