Яғни адами капитал сапасын жақсартумен қанаттас білім беру жүйесіне жауапкершілік жүктейді. Бұл өз кезегінде еліміздің жоғары оқу орындарындағы профессор-оқытушылар құрамына жаңа жобалар жасақтау қажеттілігін көрсетті. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Қаржы және несие кафедрасының доценті, экономика ғылымдарының кандидаты Жұмагүл Мақашева осы бағытта еңбек етіп келе жатқан ғалымдардың бірі. Жолдау жарияланғаннан бері оқытудың жаңа жобасы мен моделін жасақтаған ақтөбелік жас ғалымның басты мақсаты – қаржы жүйесі бойынша мамандық алатын студенттердің іргелі біліміне елеулі өзгеріс енгізу.
Яғни Жұмагүл Жамансарықызы оқыту барысында қаржыгер-теорияшыларды емес, қаржыгер-тәжірибеші мамандарын әзірлеуге басымдық береді. Бұл жоба оқытудың оңтайлы моделіне арқа сүйейді. Ол отандық қаржы нарығы субъектілерінің тәжірибелерін пайдалануды көздей отырып, шәкірттерге қаржы институттарының терең иірімдерін түсіндіруді мұрат тұтады. Студенттердің өндірістік тәжірибесі мен диплом жұмысы болашақта білікті маман болудың басты кілті. Сондықтан Жұмагүл студенттердің ғылыми ізденістеріне жетекші болудан өзіне күш-қуат алатынын айтады.
Қазір көптеген жоғары және арнаулы оқу орындарында болашақ қаржыгер мамандар бірыңғай теориялық ілімдермен қаруланғанымен, оны тәжірибелік тұрғыдан іске асыра алмай жатады. Осы олқылықтың орнын толықтыру үшін теория мен тәжірибені бір арнаға тоғыстыруға арналған арнайы ғылыми-әдістемелік тұжырымдамалық жүйе жасақталды, дейді ол. Авторлық жобаға сәйкес, Ақтөбе қаласындағы қаржы институттарына жыл сайын экскурсиялар жасау қарастырылған. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының нақтылығы мен өміршеңдігіне көңіл бөлінуі, кәсіпкерлер мен қаржы мамандарының қатысуымен дәрістер, пікірталастар мен іскерлік ойындар өткізілуі – жобаның басты ерекшеліктерінің бірі.
Ол университет қабырғасында бағалы қағаздармен жұмыс істеу дағдыларын меңгеруі үшін студенттердің арнаулы сауда алаңдарында өтетін бағалы қағаздарды сатып алу және сату ісіне үнемі қатысуын қадағалап отырады. «Қаржы альманахы» үш сатылы бағдарламасы да теория мен практикалық мәселелердің тұтастығы мен бірлігін, депозиттік есептер ашудың мәні мен маңызын, банкілік операциялардың адамға және мемлекетке тигізер пайдасын қарастырады.
«Бүгінде жоғары курста оқитын студенттерімнің депозиттік жинақ қаражаттары да, депозиттік операциялармен жұмыс істеу тәжірибелері де бар», дейді Жұмагүл Мақашева. Айтуынша, жоғары курс студенттерінің 57 пайызы қазақстандық қор биржасына өтсе, 33 пайызы бағалы қағаздар жөніндегі арнаулы жобалардың иелері атаныпты. Ал 10 пайызы Нью-Йорк қор биржасының тұтынушылары. Басым бөлігінің тапқан пайдасы қазірдің өзінде 30 пайызды құрап үлгерді. Сондай-ақ студенттер тағы да акциялар сатып алып, ілкімділік таныта бастаған. Осы арқылы одан дәріс алатын болашақ қаржыгерлер қор нарығына тұрақты түрде мониторинг жасауды күнделікті дағдыға айналдырып отыр. Қаржылық сауаттылық деген де осы емес пе?!
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ