Онда палата төралқасының биылғы жұмыстарының есебі тыңдалып, кәсіпкерлердің құқығын қорғау бағытында атқарылған шаруалар қорытындыланды. Сондай-ақ келесі жылға арналған жұмыс жоспары мен бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағдарламасын дайындау мәселесі талқыланды. Шара барысында «Атамекеннің» заңнамаларды оңтайландыру, мемлекеттік сатып алулар жүйесін жетілдіру, мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамыту, кәсіпкерлерді қаржылай емес қолдау, адами капиталды дамыту төңірегіндегі жұмыстары сараланып, кәсіпкерлік сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жаңа құралдар ұсынылды.
Жиында төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев сөз сөйлеп, Үкіметпен бірлесіп атқарған нәтижелі жұмыстарды баяндады. «Атамекен» мен Үкімет осы жылы өңірлермен етене жұмыс істеді, бизнесті дамытуға күш салды. Жергілікті халық даму институттарына оң көзбен қарайды, дегенмен олар халықтың мұң-мұқтажын, қажеттілігін сезбейді. Бұл дегеніміз сыбайлас жемқорлық тәуекелдердің барын көрсетеді. Шағын және орта бизнес өңірде дамуы керек», деген ол кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселесі де өзекті екенін айтты. Биыл «Атамекен» бұл бағытта Бас прокуратура, Жоғарғы сотпен жұмыс бастады. Ең көп өтінімдер салық саласында екен.
«Бұл үдеріске атсалысуымызды Жоғарғы сот та қолдады. Өйткені біз олардың жұмысын жеңілдетіп отырмыз. Құқық қорғау органдарынан болатын қысымды 82 пайызға азайттық, 2015-2016 жылдары 7900 қылмыстық іс қозғалса, биыл олардың саны 1400 болған, яғни қылмыстық іс саны айтарлықтай төмендеді», деді төраға.
Тимур Құлыбаев отандық көлік құрастыру саласындағы проблемаларды әңгімеледі. Оның айтуынша, елімізде көлік бөлшектерін шығаратын өндірістер баршылық. Солардың жұмысын жандандыру қажет. «Шындығында қазір Қазақстанға шетелде өндірілген көлік бөлшектері жеткізілгеннен кейін, өзімізді алдай бастаймыз. Электр энергиясы, темір жол шығындарын, коммуналдық төлемдер мен жұмысшылардың жалақысын есептейміз де, «міне, бұл – қазақстандық қамту» деп көрсетеміз. Пайыздық көрсеткішін де айқындап қоямыз. Жоқ, бұл – қазақстандық қамту емес, өзімізді алдау. Локализация жасау үшін көлік бөлшектерін өзіміз шығаруымыз қажет», деген Т.Құлыбаев Өзбекстанның көлік өндірісін мысалға келтірді. Бүгінде ол мемлекетте шыны да, пластмасса да, қажетті бөлшектер де жасалады. Ал Қазақстанда локализация емес, көлік құрастыру ғана бар. Бұл машина жасау саласының даму көрсеткіші бола алмайды.
Ұйым жетекшісінің пайымынша, ауылшаруашылық техникасының локализациясын арттыру қажет. «Қазір аймақтарды аралағанда әрбір әкім комбайн шығарамын деп мақтанады. Бір өңірге барсаңыз бір модельді көрсетеді, екінші өңір тағы бір моделін ұсынады, үшіншісі де өз моделін таныстырады. Базалық бір модельді шығарсақ та, жетпей ме? Біреуін таңдайық. Содан кейін оның қосымша бөлшектерін жасап, қызмет көрсету орталықтарын ашқанымыз пайдалы», деді Т.Құлыбаев.
Бүгінде мемлекеттік сатып алулардың жалпы көлемі 3,5 трлн теңгені құрап отыр. Оның үштен бір бөлігі – 1,5 трлн теңгесі құрылыс саласына тиесілі. «Көпшілік жерлерде құрылыс қауымдастықтары, барлық компаниялар қатты демпингке тап болып жатырмыз деп шағымдануда. Олардың айтуынша, бағаны 74 пайызға, техникалық бақылауды 99 пайызға түсіріп тастайды. Мұның барлығы әділ бәсекелестікке ғана емес, құрылыс нысандарының сапасына да кері әсерін тигізуде. Біздіңше, баға демпингін күштеп шектеу керек. Мәселен, жобалау-сметалық құжаттар мен құрылыс-монтаж жұмыстарының бағасын 5 пайыздың айналасында, ал техникалық бақылауды 10 пайыз шамасында белгілеген жөн», деді «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов.
Қазіргі таңда бизнеспен айналысқысы келетін азаматтар нақты қай салада жеке кәсіп ашуды білмейді. Осыған байланысты «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ел экономикасын скринингтен өткізуді ұсынды. «Себебі жеке бизнесін ашқысы келетін адамдар баршылық. Алайда олар нақты қандай кәсіпке сұраныстың барынан бейхабар. Сондықтан әрбір аймақтың экономикалық әлеуетін терең зерттеп, нақты маркетингтік талдау жасағанымыз жөн», деген төраға орынбасары кәсіпкерлердің мемлекеттік тапсырыс жүйесін өзгертуді ұсынып отырғанын да мәлімдеді. Өйткені бұл салада ашықтық қағидаты сақталмайтын көрінеді.
«Мемлекеттік тапсырыс нақты сұранысқа негізделуі тиіс. Ал сұранысты зерттеудің нәтижесінде білуге болады. Сондай-ақ біздің арнайы рейтингімізге сүйену керек», деді Т.Шотанов.
Отырыс барысында Қазақстан кәсiпкерлерiнiң құқығын қорғау жөнiндегi уәкiл Болат Палымбетов Президент тапсырмасының нәтиже бергенін айтты. «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Жолдауларында бизнеске қысым жасалмауы керектігін баса айтады. Осы тапсырманың үдесінен шыққанымыз қуантады. Мысалы, соңғы 2 жылда экономикалық құқық бұзушылықтар бойынша қылмыстық iс 80 пайызға азайды», деген ол ел тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына орай Елбасы жариялаған рақымшылықтың арқасында 650-дей сотталған кәсiпкер бостандыққа шығып, экономикалық қызметіне оралғанын жеткізді.
Уәкілдің мәліметінше, 2015 жылдан бері бизнесті қорғау бағытында 16 500-ден астам өтiнiш келiп түскен. Мұның 90 пайызы – жергiлiктi сипаттағы мәселелер. Сондықтан олар жергiлiктi деңгейде шешiлуi тиіс. Дегенмен көшпелі форматта кәсiпкерлердi қабылдау тәжiрибесi одан әрi жалғаспақ.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»