Қазақстан • 30 Қараша, 2017

Қанаттаса дамуды қозғайтын қуатты күш

353 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ресей Федерациясы мен Қазақстан Републикасының президенттері қатысқан Челябі қаласындағы ХІV өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында екі ел университеттері ректорларының форумы өтті. Оған Қазақстаннан – 49, Ресейден 77 ректор қатысты. 

Қанаттаса дамуды қозғайтын қуатты күш

Ресей президентінің Урал федералдық округіндегі өкілетті өкілі, Челябі облысының губернаторы, Қазақстан мен Ресей білім және ғылым министр­лері қатысқан алқалы жиында көр­­ші екі ел жоғары оқу орын­дары­ның ынтымақты жұмыс істеуі жө­­­ніндегі 10 келісімге қол қо­йыл­­­ды. Соның ішінде Руд­ный ин­­дуст­рия­лық институты мен Г.И.Но­сов атындағы Магнито­гор мем­­лекеттік техникалық универ­си­теті, сонымен қатар Оңтүстік Урал мемлекеттік уни­верситеті ара­сында да әріптестік келісім жасалды.

Жалпы, ректорлардың өңірлік форумында барлығы 40 келісім мен меморандумға қол қойылды. Екі елдің ректорлар корпусы қос дипломды білім беру төңірегінде ынтымақтастық орнату, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын жеделдету, білім және ғылыми-зерттеу жобаларын бірлесіп жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Инновациялық қызметтерді дамыту жөніндегі секциялық отырыстар аясында Ресей мен Қазақстандағы 4.0 индустрия элементтерін енгізу жағдайында білім беру үдерісін қайта форматтау мәселесі бойынша білім ордалары озық тәжірибелерінің тұсауы кесілді. Экономиканың қуаты негізінен ірі өндіріспен ғылымға байлаулы. Сондықтан бәсеке қарқыны жоғары жаңа уақыттың инженерлері өнеркәсіптің база­лық салалары дамуының алдын орап отыруы және озық ғылы­ми-техникалық зерттеулер негізінде жаңа тұрпатты өнді­ріс­тер құруы тиіс.

Мұндай маман­дарды дайындау ісі білім бағдарламаларын жобалауға, оны жүзеге асыруға қатысты қалыптасқан жағдайға түбегейлі жаңа көзқарасты талап етеді. Осы орайда жоғары оқу орындарының иығына түсер жүк те ауқымды. Бұл үшін білім ордалары алдында шығаратын бұйымды жобалауға, құрастыруға, алдын ала үлгісін жасауға қабілетті және жалпы шығарылатын өнімнің толық ырғақты өндірілуін қамтамасыз ететін әдістеменің үдерісі мен жүйесін жасай білетін, білімді, ғылым жаңалықтарын игерген болашақ инженерлер тұлғасын қалыптастыру міндеті тұр.

Ресей жоғары оқу орындары рек­торлары баяндамаларында негізгі индустрияның жаңа буынын құрайтын білім үдерісін жаң­ғырту, анығырақ айтсақ, цифрландыру, ақпараттандыру, өндірісті уақыт пен ғылым өзгерістеріне тез бейімдеу мен икемдеу мәсе­лелеріне назар аударды. Өйт­кені төртінші индустрия эле­мент­терін енгізу түбегейлі тех­но­ло­гиялық жаңа сатыға бұрын­ғы қорды жаңартпай-ақ, ауқым­ды инвестициясыз-ақ өтуге мүмкіндік береді. Әдетте техно­логиялық құрылыстың ауысуы еңбек нарығына да өзгерістер әке­леді, сондықтан екі елдің білім ордалары да осыған дайын болуы тиіс.

Ал бұл мәселе зама­науи білім ортасын қалыптас­тыруға және білім ордасын мате­риалдық-техникалық қам­та­масыз етуге атсалысатын жоғары оқу орындарының бел­сен­ді әріптес­тік, бірлескен көмегімен ше­шімін табады. Қазақ­стан­дық білім ордаларында өз мен­шігіндегі оқу жабдықтары мен виртуалды зертхана жұ­мыс­тарының алғышарттары енді көрініп жатса, Ресей нары­ғында бірнеше жылдан бері уни­вер­ситеттер жасаған оқу тех­ни­ка­­лары табыс­ты қызмет етіп келе­ді. Сөз жоқ, бүгінде еліміздің инно­ва­­ция­лық экономикасы үшін кадр даяр­лауға көңіл қойып отыр­ған Қазақ­стандағы білім ордала­ры көрші елдің мұндай озық тәжі­ри­бе­сін үйренуге мүдделі болып отыр.

Мысалы, Оңтүстік Урал мемлекеттік университетінде лабораториялық стендтер, көр­некі оқулық, оқудың ақпа­рат­тық құралдары (виртуалды зерт­ханалық стендтер, көр­некі­лік, көрсету кешендері) секіл­ді оқу жабдықтарын жасайтын және өндіретін «Учтех-Профи» шағын инновациялық кәсіп­орны құрылды. Оқу жаб­ды­қтары жал­пытехникалық және жараты­лыстану-ғылыми пәндері, электротехника мен электроника, радиотехника, тағы басқа да оқытудың барлық негізгі бағыттары бойынша дайындалады. Оқу құралдарын жасау ісі жетекші жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамын тарта отырып жүргізіледі.

Соның нәти­жесінде студенттер оқу бары­сында дайындаған зерт­ханалық жұмыстар тізімі оқу бағдар­ламалары мен білім стандарттарынан бір де кем соқпайды. Ресейлік ғалымдардың қолынан шыққан ғылыми зерттеме­лер­ді коммерциялау механизмін алдағы уақытта зерттеп, ғылыми-зерттеу қызметінде пайдалану қазақстандық білім орда­лары жұмысындағы басты бағыт­тың бірі болса дейміз. Мысалы, Оң­түс­тік Урал мемлекеттік уни­вер­ситетінің жүргізіп отыр­ған жұмыстары Ресейдің білім-ғы­лым саласындағы әлеуетін елес­тетеді. Онда тәжірибелік-конс­трук­торлық жұмыстар қолға алған істің теориясынан құжаттық жобасына дейін жоғары деңгейде атқарылады. Өздерінің инженерлік ғылыми-ағарту орталықтарында тәжіри­белік үлгілер құруда, университет жанындағы шағын иннова­циялық кәсіпорындар базасында сериялық өнім өндіруді ұйым­дастыруда білім ордасының қалып­тасқан тәжірибесі бар.

Технологияларды коммерция­ландыру шеңберінде бүгінгі кәсіп­орындарда кездесе бермейтін заманауи ерекше құралдарды пайдалана отырып, тек авиация саласында, қорғаныс өнеркәсібінде, метал­лургия мен машина құрас­тыруда қажетті дәлдігі жоға­ры әрі жекелей шығаратын бөл­шектерді, жабдықтар мен құрал­дарды өндіру жолға қойылған. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің экономикасына инновациялық жаңалықтар енгізудің жоғары тиімділігін қамтамасыз ететін қуатты «инно­ва­циялық белдеуді» тізе қосып дамытуға мүмкіндік береді.

Егер Қазақстанда бұл үшін инсти­туттық негіз қаланғанын, оның ішінде «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» заң қабылданғанын ескерсек, осы бағытта ынтымақ­таса жұмыс істеуді жеделдету қажеттігі өзекті деуге болады.

Ректорлар кездесуінің ауқым­ды­лығы, пікір алмасулар мен тал­қы­ланған тақырыптардың өзек­тілігі және жоғары оқу орындары арасындағы әріптестікті дамытуға инновациялық көзқарас екі елдің білім беру саласындағы маңызды жаңғыруларға кепіл болары анық. Бұл бүгінгі уақытта көрші елдердің білім ордалары мен экономикасының қанаттаса дамуына итермелейді.

 

Абдрахман НАЙЗАБЕКОВ,

Рудный индустриялық институтының ректоры,

техника ғылымдарының докторы, профессор

ҚОСТАНАЙ