Кеңестің мерейтойлық сессиясына Қазақстан, Беларусь, Армения, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан президенттері қатысуда. Саммитте аталған мемлекеттер басшылары ұйым жұмысы, халықаралық және аймақтық қауіпсіздіктің маңызды мәселелері талқыланады. Сессия соңында мерейтойлық Декларация қабылданып, Ұжымдық қауіпсіздік стратегиясын жүзеге асыру бойынша 2025 жылға дейінгі нақты шаралар жоспары жасалады деп күтілуде.
Бір айта кетерлігі, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы - халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті арттыру, тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында 1992 жылы 15 мамырда құрылған халықаралық ұйым. Оған мүше мемлекеттер арасында Қазақстаннан басқа Армения, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Беларусь мемлекеттері бар. Бұл республикалар арасында мемлекетаралық келісім - Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт жұмыс істейді. Келісім бес жыл сайын ұзартылып отырады.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер мемлекетаралық қатынастарда күш қолданбауға, әскери одақтарға немесе қандай да болмасын басқа топтастықтарға, сонымен қатар қатысушы мемлекеттердің басқаларға бағытталған әрекеттеріне қатыспауға міндеттеме алған. Бір немесе бірнеше қатысушы мемлекеттің аумақтық тұтастығына және тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда, басқалары бірлескен кеңес арқылы жұмыс істейтін болады.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің жоғары саяси органы — Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі. Оның құрамына Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер басшылары, сыртқы істер министрлері, қорғаныс министрлері және Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің Бас хатшысы кіреді.
Естеріңізге сала кетсек, кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Беларусь Республикасының астанасы Минск қаласына барды. Жұмыс сапары аясында ол Беларусь президенті Александр Лукашенкомен кездесті. Одан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь Президентімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Келіссөздерден кейін Нұрсұлтан Назарбаев Александр Лукашенкомен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткізді. Елбасының Беларусь мемлекетіне ресми сапары аясында Минск қаласында Қазақстан-Беларусь бизнес-форумы өтіп, арнайы көрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар бүгін Минск қаласында Елбасы Қырғызстанның жаңа президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесіп, шекарадағы жағдайды талқылады. Ал бүгін Нұрсұлтан Назарбаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық сессиясына қатысады деп күтілуде.
Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,
"Егемен Қазақстан"
Минск (Беларусь)