Тұңғыш Президентіміздің тұлғалық кескінін айқындаған сайын тұтас бір дәуір тынысы көз алдыңызға келіп, тарихтың қатпар-қатпар қабаттарына бойлай, білген сайын биіктеп, түсінген сайын тереңдей түсесіз.
Оған алдымызда келе жатқан Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президент тарихи-мәдени орталығында болған уақытымызда анық көзіміз жетті.
Тұңғыш Президент атындағы тарихи-мәдени орталық директорының негізгі істер жөніндегі орынбасары Нәзира Ілиясованың айтуынша, тұңғыштарға тұғыр болған Теміртаудың қазіргі жүрегі осы – мұражай.
Алтындалған алты залдан тұратын алып ғимаратқа енген бетте Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бергі Қазақстанның еркін де асқақ рухы алдыңыздан қарсы алады. Көз алдыңыздағы әрбір экспозиция Қазақстанның барлық жетістіктерін ашып көрсетуге мүмкіндік беріп тұрғандай. Биік қабырғаларға салынған әрбір сурет бейбітшілік сүйгіш, гүлденген бүгінгі Қазақстанға арналғаны анық.
Витриналардағы мемлекеттің маңызды белгілерінен бастап, ұлттық валюта – теңгенің тұңғыш шығарылымы дейсіз бе, жалпы Қазақстанның жаңа тарихының оқиғалары түгел баяндалған бірегей жәдігерлер жанды толқытпай қоймайды.
Сөзіміздің басында «Тұңғыш» деген сөзді таңдай мен тіл бірнеше рет айтып қалған. Сол сөзді бүгін ішімізден де, сыртымыздан да қайталай беруіміз заңды сияқты. Себебі, біз аталған мұражайға енген бетте тарих баспалдақтарын бойлай ол сөзді бірнеше мәрте құлағымыз шалды. Айталық, біз Елбасы жөнінде жазылған тұңғыш мақалалардың бірі қай газетте қашан шыққанын біреуіміз білсек, біреуіміз біле бермейміз. Сонымен қатар, Қазақстанның тұңғыш шойынын қорытқандардың ішінде егемен еліміздің Тұңғыш Президенті де жүргенін бүгінгі таңда мақтанышпен айтуымыз керек. Және біз айтып отырған құнды жәдігерлердің осы мұражайда сақтаулы тұрғаны тануға құмар танымды тағатсыздандырып бара жатқаны белгілі.
Бізді тарихтың тереңіне бастаған мұражайдың қызметкері Қуаныш Тыныбек есімді азамат. Ол осы мұражайдың алғашқы кірпіші қаланғанда құрылысшы болып, кейін орталықта қызметкер лауазымында жұмыс істеп жатқанын айтып, бізді бір қызықтырып тастады.
Не керек, орталықтың оң жақ залына өткен біз алдымен Н.Назарбаевтың оқушылық және студенттік жылдары туралы баяндайтын фотосуреттермен танысып шықтық. Мақтау қағаздарымен және «Доменстрой» құрылыс басқармасына жұмысқа берілген жолдамамен таныса келе, «Мұнда еліміздің екпінді құрылысы – Қазақстан Магниткасы бой көтеруде» деп жазылған қызыл қақпадан өттік. Бұл қақпаның маңыздылығын сұрағанда, мұндай қақпалар ХХ ғасырдың 50-60 жылдары Теміртау қаласының барша кіре беріс жерлерінде орнатылғандығынан ақпар алдық. Сол кезде мақсатты да табанды, өзіне талап қойғыш, жаңалыққа құмар, бастаған ісін аяғына дейін жеткізе білетін жас металлург Назарбаевтың болашағы зор көшбасшы ретінде осы қақпадан Теміртауға тұңғыш аттағаны айқындалды.
Теміртауға келген сапарында Президент Назарбаевтың: «Магнитканың тарихы, Теміртаудың тарихы, оның адамдарының тағдыры менің тағдырыммен біте қайнасқан. Егер де менің өмірімде Магнитка мен Теміртау болмаса, мен ешқашанда Президент болмас едім», деген сөзін мұражай қызметкері жатқа айтты.
Жаңағы қызыл қақпадан өткен бетте алдымызда өткен ғасырдың 50- жылдарындағы газеттер мен плакаттар ілінген жарнамалық қысқа бағана тұрды. Мұнда «Нұрсұлтан – жұмысшы адам» атты мақаласы бар «Социалистическая Караганда» газеті көзіңізге түспей қоймайды. Мақала авторы Д.Николаев деп жазылған. Мақала аталмыш басылымның бірінші бетіне басылуы да тегіннен тегін еместігін ұқтырғандай. Фотосуретімен бірге басылған мақала мәтіні суретте көрініп тұрғандай, көлемді берілгені де ерекше мән мен мағынаға ие екені белгілі. Бұл сарғайған тарих парағынан біз тағдыр табалдырығынан төріне озған тұлға жолын тани бастағандай болдық. Сондай-ақ, витриналарға Қазақстан Магниткасының құрылысшылары бос уақытында пайдаланатын заттар, айталық Нұрсұлтан Назарбаев пен оның курстастары бірігіп сатып алған шахмат, домбыра, сырнай да сақтаулы тұр екен.
Барлығымыз тарихтан білетініміздей, 1960 жылдың 3 шілдесінде металлургия комбинатының домна пешінен алғашқы шойын алынды. Бұл күн Қарағанды металлургия комбинатының туған күні болып есептеледі. Витринаның ішінде Қазақстан шойынының алғашқы құймасы, ерекше оқиға туралы әңгімелейтін «Ленинская смена» газетінің төтенше шығарылымы қойылған. Сондай-ақ Орталыққа келушілер армирленген жіппен тігіліп, қалың шұғадан жасалған көрікшінің арнайы жұмыс киімін көре алады.
«Мемлекеттің индустриялық қуаты көп жағдайда металл қорытудың көлемімен белгіленеді. Металл халық шаруашылығының барлық салаларына қажет: одан диқанның соқасын да, хирургтің скальпелін де, ғарыш кемелерін де, Отан қорғанысының болат беренін де жасайды», деп жазады өзінің «Қазақстанның құрыш келбеті» атты кітабында Н.Назарбаев. Бүгінгі таңда Қарағанды металлургия комбинаты республикадағы толық металлургиялық айналымдағы аса ірі кәсіпорынға жатады. Ондаған жылдар өтсе де, Қазақстан Магниткасы Тұңғыш Президенттің ерекше бақылауында екені белгілі. Тәуелсіздік жылдары Президент Н.Назарбаевтың қолдауымен кәсіпорында жаңа цехтар мен өндірістер пайдалануға беріліп, ескілері жаңғыртылып, заман талабына сай өзгертілуде. Келесі зал металлургиялық өндірістің атмосферасын елестетіп және келушілерде кәсіпорынның ішінде жүргендей әсер қалдырады.
Біз біраз уақыт өткенде мұражайдың келесі залдарына өткен едік.
Мұражайдағы мұрағаттармен танысып жүріп, 2000 жылы Қазақстан Магниткасының 40 жылдығында Н.Ә.Назарбаев мерейтойлық шойын балқытуға қатысқанын қайта есімізге алдық. Витринада осы оқиғаның суреттері мен Президенттің домна пешінің журналында қалдырған «Өзіндік құнын кеміту, көлемін ұлғайту, сапасын жақсарту қажет. Фосфор мен күкіртті азайту керек» деген жазбасы ұсынылған қолтаңбаны көрдік.
Тағдыры қоғамдық үдерістер және құбылыстармен ерекше үндес және олардан ажырамас тұлға өз заманының бет әлпетіне айналады. Осындай тұлға – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Тарих толқынын кешкен болашақ көшбасшыны көп кешікпей Карметкомбинаттың металлургтері кәсіпорынның партия ұйымының хатшысы етіп сайлайды. Өндірісті дамытудың қамын ойлаумен қатар, металлургия комбинатының партком хатшысы Н.Назарбаев тұрақты ұжым қалыптастыруды, тәртіпті нығайтуды, әлеуметтік қамсыздандыру мен қаланы дамытуды да естен шығармады.
Өзінің іскерлігі мен жеке басының қабілетінің арқасында Н.Назарбаев Қазақ КСР-нің басшы құрылымдарының жоғары эшелонының құрамына кіреді. Қазақстанның басына ауыр сынақтар түскен кезде Н.Назарбаев ел тағдырын шешетін жауапкершілік жүгін мойнымен көтерді. 1990 жылғы президент сайлауының нәтижесінде көпшілік дауыспен Н.Назарбаев Қазақ КСР-нің Президенті болып сайланады. Мемлекет басына келген алғашқы күндерден бастап байыпты ыңғай мен саяси көрегендік танытқан Нұрсұлтан Назарбаев өте күрделі әлеуметтік-экономикалық және геосаяси жағдайдағы жас мемлекеттің қалыптасуы үшін бар күш-жігерін жұмсады.
Мұражайдың қабырғаларынан бастап әрбір үстелде болашақ Президенттің белсенді саяси қызметін сипаттайтын фотоматериалдар мен құжаттар ұсынылған. Фотоматериалдар мен құжаттар Карметкомбинат пен Теміртау қаласының ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарындағы даму тарихын ашып көрсетеді. Экспозициялық тумбаларда Н.Назарбаевтың әртүрлі кезеңдердегі қызметіне байланысты құжаттар берілген. Бір сөзбен айтқанда, бұл мұражайға бас сұғып қана қоймай, бастан-аяқ аралап, қосымша керек ақпараттарды әр бөлмеге қойылған ақпараттық панельдерден маңызды саяси оқиғалардың хронологиясын біле алады екенсіз.
Мұражай қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында экскурсия жиі өтеді. Маңайдағы ауылдар мен Қазақстанның басқа қалаларынан да адамдар көп келеді. Тіпті, Германия, Ресей, Беларусь, Украинадан да қонақтар болыпты. Көбінесе мектеп оқушылары келеді екен. Мұнда шынымен көруге тұратын, оқитын дүние көп.
Әрбір экспозицияға қысқа ғана шолу жасап өткен кез келген адам Елбасының мемлекет үшін атқарған ерен еңбегін таниды. Мұражайдағы ерекше әсерге бөлеп, елдік шежіресінен толық мағлұмат беретін бұл тарихи деректері мол мекенге жиі ат басын бұрып тұратын болдық.
Айта кетейік, мұражайға Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев екі мәрте келген.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Теміртау қаласы