Жаңа жоба бойынша салынған 1200 орындық мектеп «Ұшақтар кентінде» орналасқан. Бас мердігер жергілікті «Фирма Азия» ЖШС-і құрылыс компаниясы болып табылады.
Білім ордасының ашылу салтанатына облыс əкімі Даниял Ахметовпен бірге облыс əкімінің орынбасары Əсем Нүсүпова, облыстық жəне қалалық мəслихаттың депутаттары, еңбек ардагерлері, ата-аналар қоғамы, БАҚ өкілдері қатысты.
-Ұшақтар кентінде халық көптен күткен білім ордасының ашылуы, Тұңғыш Президент күнімен тұспа-тұс келуі баршамызға ортақ қуанышты сәт, мектептеріңіздің іші жақсылыққа толы болсын!-деді Даниал Кенжетайұлы,- бүкіл қазақстандықтардың тарихи таңдау күні, Тұңғыш Президент күнімен сіздерді шын жүректен құттықтаймын! Бұл мейрам Қазақстан халқының Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа деген жоғары сенімінің, құрметінің жарқын көрінісі болып табылады. Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалаған, қоғамға айрықша еңбек сіңірген адам. Елбасымыз ата-бабаларымыздың тәуелсіздік туралы ғасырлар бойғы армандарын ақиқатқа айналдырды. Соынмен қатар, әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайларда озық ойлар танытып, бүгінде Қазақстанды бүкіл әлем танып отыр. Осылай дей келе Даниал Кенжетайұлы мектеп ұжымына, балдырған балаларға білімнің кемелін игеріп, заманның озығы ғылым мен техниканы меңгеруді тапсырды.
Қалалық білім басқарамасының бастығы Наталия Феснконың айтуынша, мектепте 6 лингафондық, 2 компьютерлік, 2 мультимедиялық жəне 16 кабинет жаңа үлгідегі əмбебап маңызы бар интерактивті жабдықтар бар. Мұнда Ресейде өндірілген станоктар, тігін машиналары, аспаздық бөлмеге арналған электр пеші барлығы балалар үшін арнайы лайықталып жасалған. Даниал Ахметов осы жаңа мектептегі спортзалда бірден екі сыныпта денешынықтыру өткізуге болатындығын ерекше атап өтті. Мұнда футбол, волейбол, баскетбол доптарынан бастап, барлық қажетті спорттық жəне гимнастикалық жабдықтар, снарядтардың барлық түрлері бар екен. Спорт залының бір ерекшелігі әр сыныпқа арналған шешінетін бөлмеде душ кабиналары бар. Сондай-ақ, медиатека мен 40 адамға арналған оқу залы бар үлкен кітапхана жəне ыңғайлы жиһаз бен заманауи сөрелерден басқа компьютерлік аймақ та ерекше жабдықталған.
Мектеп оқушылары 400 орындық асханада тамақтануға жəне 500 орындық акт залын пайдалана алады. Мектеп ғимараты күрделі пішінді, алты блоктан тұрады екен. Кіре берісте «Электронды мектеп» бағдарламасына арналған операциялық жүйедегі терминалдар тұр. Радио торап жұмыс істейді. Оқушыларға арналған сырт киімдерін шешуге арналған жеке шкафтар бар. Оқу тəрбие үдерісін мектепте 60 педагог жүргізеді. Олардың 35 пайызының жоғары жəне бірінші біліктілік санаты бар. Оқыту тілі қазақ жəне орыс тілдерінде, мектептің бағыты жаратылыстану-математика. Мектеп қабырғасынан тыс жерде, сыртқы алаңқайда үлкен футбол алаңы, баскетбол, жалпы денешынықтыру дайындығы үшін алаң орналасқан. Бұл мектепте Юность, Комсомол кенті, 66 кварталдың балалары білім алады. Жаңа мектептің ашылу салтанатына орай әжелер тәттілерден шашу шашты. Балалар ұлттық киімде би билеп, концерттік бағдарлама ұсынды.
Раушан Нұғманбек
Семей
Суретті түсірген автор