Қазақстан • 01 Желтоқсан, 2017

Хорватияда Елбасының балалық шағы туралы фильм көрсетілді

290 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Күніне орай Хорватияның Загреб қаласында мерекелік шаралар өткізілді, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.

Хорватияда Елбасының балалық шағы туралы фильм көрсетілді

Загреб қаласының "Кино Грич" кинотеатрында хорватия тілінде субтитрмен Нұрсұлтан Назарбаевтың жастық шағы туралы «Балалық шағымның аспаны» фильмінің көрсетілімі өтті. Фильмнің көрсетілімін Қазақстан Республикасының Хорватиядағы Елшілігі мен Қазақстан-хорват достық қоғамы бірлесіп ұйымдастырды.

ҚР Елшісі Т.Барлыбаев жиналған хорват публикасына фильмде Отанға деген сүйіспеншілік пен ата-ананың тәрбиесі, моральдық борыш пен жауапкершілік, болашақ көшбасшының тұлғасын қалыптастыруға негіз болатын күшті ерік-жігер мен тіршілік күші туралы идеялар сипатталғаны туралы айтып кетті. Оған қоса, алты жыл бұрын ҚР Парламенті Сенаты ұсынуымен Елбасының көрнекті жетістіктері үшін 1 желтоқсан - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің күні болып жариялғаны туралы және әртараптандырылған экономиканы, ұлтаралық бейбітшілік пен келісімнің бірегей әлеуметтік моделін құру, мемлекеттілікті қалыптастыру және нығайту, конфессияаралық диалогты нығайту, аймақтық және жаһандық деңгейде маңызды мәселелерді шешудегі, халықаралық қауіпсіздік пен өңірлік тұрақтылықты, ядролық қарусыздану мен жаппай қырып-жою қаруын таратпау, еуразиялық интеграцияның дамуын нығайтуға қомақты үлесі және ең маңызды - тәуелсіз Қазақстанды құрудағы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі туралы атап өтті. «Балалық шағымның аспаны» фильмі қонақтарға мол әсер сыйлады. Сондай-ақ, «Қазақстан - Ұлы дала» атты фотокөрме өтіп, кәдесыйлар мен Қазақстан туралы ақпараттық буклеттер таратылды, дипломатиялық қабылдау өтті.

Сонымен бірге 30 қарашада Загребте Қазақстан Достарының бейресми клубының мәжілісі өтті. Оған көрнекті қоғам қайраткерлері - Хорватияның бұрынғы Президенті Степан Месич, Қазақстан-хорватия достық қоғамының Төрағасы Андрей Карафилипович, Босния мәдениет қоғамының төрағасы Ферид Диздаревич және басқалар қатысты. Кездесуге қатысушылар Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстанды дамыту және Қазақстан-Хорватия ынтымақтастығының көп қырлы қызметіне жоғары баға берді.