Қазақстан • 04 Желтоқсан, 2017

«Ғасыр індетінен» сақтаныңыз!

1219 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлем бойынша әр жыл сайын 2 миллионға жуық адам АИТВ вирусын жұқтырса, елімізде де бұл дерттің құрығына түсушілер азаймай отыр. Өткен 9 айдың ішінде Астана қаласы бойынша 193 адамның аталған дертті жұқтырғаны анықталған. 

«Ғасыр індетінен» сақтаныңыз!

ХХ ғасыр соңында анық­талған күннен бастап дүние жү­зінде 76 миллион адамның АИТВ жұқпасын жұқтырғаны мәлім. Осы уақытқа дейін, ғасыр індеті деген үрейлі атты иеленген аурудан 35 миллион адам көз жұмыпты. Елордада АИТВ жұқпасын жұқтырған алғашқы адам 1997 жылы анықталса, содан бергі 20 жыл ішінде бұл көрсеткіш 1418-ге жеткен.

Астана қаласы ЖИТС орта­лы­ғының бас дәрігері Сәбит Абдраимов журналистермен бол­ған баспасөз мәслихатында маңызды бір мәселеге жинал­ған­дар назарын аударды. «АИТВ-ның алдын алу мен ем­­­деу саласындағы тәжірибе бо­йын­­ша қазір белгілі алдын алу әдістерінің ешқайсысы АИТВ эпидемиясын тоқтата алмайтынын көрсетеді. Оның алдын алу, диагностикасы мен емдеу өзара байланысты шаралар және бұл медициналық-әлеуметтік кешен. Осыған бай­ланысты, АИТВ-мен ауыратын адамдардың құ­қық­тарының осалдығына байланысты проблемаларға назар аударып, оны шешу керек. Ден­саулыққа қатысты құқықты сақтамай АИТВ-ның алдын алу мүмкін емес. Бірінші кезекте қо­ғамда АИТВ-мен өмір сүретін адам­дарды кемсітуге, қысым көрсетуге жол бермеу туралы пікір қалыптастыру қажет, қыз­метке орналасу және басқа да әлеуметтік кедер­гілерді жою керек», деді ол. Сондай-ақ соңғы жыл­дарда жыныстық жолмен жұқтырушылар саны артып отырғанына алаңдаушылығын жеткізді. «Біз бұған дейін АИТВ жұқпасын жұқтырушылардың әлеуметтік төмен ортада, гомосексуалистер мен нашақорлар арасында болатынын, олардың ауру жұқтыру ықтималдығы өте жоғары екендігін айтып келсек, қазір тұрмыстары жақ­сы, дұрыс қызмет істейтін, әлеу­меттік тұрғыда еш қапысы жоқ адамдар да тіркеуде тұр», деп қын­жылды. Бас дәрігердің айтуынша, вирус бойында бар адам үшін АРВ-терапиясын үзбей қолдану аса маңызды. Егер иммун тапшылығы вирусын жұқтырған пациент АРВ-тера­пиясын қабылдап жүретін болса, ол адамдағы вирустың мөл­шері анықталмайтын дең­­­гей­ге дейін төмендейді. Жә­не жұ­байлардың бірі сау, екін­шісі жұқпа жұқтыр­ған –дискор­дантты жұптарда АИТВ-инфек­циясын екінші серіктесіне жыныс­тық жолмен беруінің де жолы кесіледі екен. Сондықтан да ауруды ал­ғашқы сатыларында анықтау­дың маңызы зор. Тіпті, дертті ана дәрі қабылдау арқылы сау нәрестені дүниеге әкеледі. Осы­ған байланысты ЖИТС қыз­метінің жұмысы бірінші кезекте халықты АИТВ-ға тесті­леумен қамтуды көздейтінін жет­кізді.

Жалпы, стандарт бойынша халықтың 10 пайызы тестілеу­ден өтуі керек. Ал ЖИТС орта­лы­ғы Астана қаласында миг­ранттардың саны көп болуымен қатар өзге де жағдайларды ес­керіп, тестілеуден өтушілер са­нын арттырған. Осылайша 243 398 тұрғынды АИТВ-ға тестілеуден өткізу барысында 193 адамның аталған ауруды жұқтырғаны анықталды. Оның 77 пайызында ауру жыныстық жолмен жұққан, 16,6 пайызында ғана инъекциялық есірткілерді пайдаланушы жұқтырғаны мәлім болды. Инфекцияны жыныстық жолмен жұқтырудың өсуіне ретсіз жыныстық байланыс ықпал етеді. Яғни екі немесе одан да көп жыныстық серіктестердің болуы, қорғаныш құралдарын пайдаланбау жезөкше қыз­метіне жүгіну сынды әрекет­тердің зардабы болатынын ес­­кермеу, оған көз жұма қарау себеп болған, дейді дәрігерлер. Ал жұқпаны жұқты­­ру­шылар­дың дені 15 пен 49 жас шама­сын­­дағы адамдар..

Дүниежүзілік ЖИТС-ке­ қар­­сы күрес компаниясы БҰҰ­ және ДСҰ бастамасымен өт­кізіл­се, биылғы науқан үшін «Денсаулыққа құқығың бар» ұра­ны таңдап алыныпты. Осыған бай­ланысты 10 қараша мен 10 жел­тоқсан аралығында АИТВ/ЖИТС-тың алдын алу бойынша айлық жарияланып отыр.

Аталған науқанның тағы да бір бағытын сөз еткен бас дәрігер АРВ-терапияны қа­был­дайтын және вирустың мөл­ше­рі анықталмайтын дең­­гей­ге дейін төмендеген адам­дар­дың басқа адамдарға инфекция жұқтырмайтыны турасында ақ­паратты білудің маңыз­дылы­ғына тоқталды.

Баспасөз мәслихатында Дү­ние­жүзілік ЖИТС-тың алдын алу науқаны шеңберінде қала тұрғындарын, әсіресе жастарды АИТВ туралы көбі­рек білуге, алдын алу шараларын сақтауға, АИТВ-ға тесті­леуден өтуге шақырды. ЖИТС орталығы өз тарапынан семинарлар, дәрістер, буклеттермен қатар барлық қол­жетімді ақпараттандыру әдістерін пай­даланып, әлеуметтік желі­лер­ ар­қылы да ақпарат бе­ріп, АИТВ-ның алдын алу мәселе­лерін ақпараттық қолдау бо­йын­ша жастардың интернет пор­талы жұмыс істейтінін жеткізді.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»