Үкімет • 05 Желтоқсан, 2017

Кеше Үкімет отырысында қандай мәселелер талқыланды?

378 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2018-2022 жылдар аралығын қамтитын «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының қорытынды нұсқасы таныстырылды. 

Кеше Үкімет отырысында қандай мәселелер талқыланды?

Сондай-ақ жиында 2018 жылдың 1 қаңтарынан толыққанды жұмысқа кірісетін «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмыс жоспары және амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жайы мен салық, кеден саласын цифрландыру бағыттары кеңінен талқыланды. 

Цифрландыру – экономикалық жаңғыруға тың серпін

2018-2022 жылдарға арналған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жобасы туралы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев баяндады.

Қазақстанның үшінші жаңғыруы аясында экономиканың жедел технологиялық дамуына жол ашып, цифрландыру мәселесіне ерекше ден қою – Елбасы қойып отырған маңызды стратегиялық міндет. Осыған байланысты арнайы бағдарлама әзірлеу аталған министрлікке тапсырылған болатын. Д.Абаевтың айтуынша, министрлік Мемлекет басшысы айтқан барлық мәселені барынша қамти отырып, бағдарламаның соңғы нұсқасын дайындап шыққан. Бағдарлама бес бағытты қамтиды. Оның біріншісі – экономика салаларын цифрландыру. Бұл бағыт еңбек өнімділігін өсіру және капиталдандыруды арттыруды мақсат тұтып, серпінді технологияларды пайдалану арқылы экономиканың дәстүрлі салаларын түрлендіруді көздейді. Екіншісі – «Цифрлы мемлекетке көшу». Бұл бағыт мемлекеттік қызмет көрсету саласын жаңа сапаға көтеруді мақсат етеді. Әсіресе, қағаз жүзіндегі жұмыстар электронды нұсқаға көшірілумен ерекшеленбек. Министрдің айтуынша, қазіргі таңда мемлекеттік қызметтердің 25-30 пайызы электронды нұсқада көрсетілсе, төрт жылдан кейін бұл көрсеткішті 80 пайызға жеткізу көзделіп отыр.

Ал бағдарламаның үшінші «Цифрлы Жібек жолын жүзеге асыру» бағытында мәліметтерді беру, сақтау және өңдеудің жоғары жылдамдығына қол жеткізілмек. Төртіншісі – «Адам капиталын дамыту». Бұл бағытта «білім экономикасына» көшу үшін креативті қоғам құру қолға алынады.

Бесіншісі – «Инновациялық экожүйе құру» бағыты. Мұнда бизнес, ғылыми орта және мемлекет арасындағы тұрақты байланыс орнатып, технологиялық кәсіпкерлік пен инновацияны дамытуға қолайлы жағдай жасау мәселелері қамтылып отыр.

Д.Абаевтың айтуынша, бағдарламада қамтылған мәселелердің бір бөлігі таяу жылдары нақты нәтижесін береді. Қалғандары экономикаға тың серпін беруші сала ретінде алдағы онжылдықта жемісін беретін болады.

Мәселені қарау барысында министр­лер кабинеті «Цифрлы Қазақстан» бағдар­ла­масының жобасын қолдады. Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың сөзіне қарағанда, аталған бағдарламаны енгізудің нәтижесінде бүгінгі күнгі экономикалық тиімділік 2,2 трлн теңгені құрайтын болады. Енді бағдарлама нұсқасы Елбасының қарауына жолданбақ. «Бағдарламаға қатысты шаруаларды тиянақтау үшін бірқатар министрлік жұмыла жұмыс істеуі керек. Бірінші кезекте Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір айдың ішінде мемлекеттік бағдарламаны ұйымдастыру жөніндегі жоспарды әзірлеп бекітуі тиіс. Бизнес үшін де, халық үшін де ке­шенді ақпараттық түсіндіру шараларын қолға алуды тапсырамын», деді Үкімет басшысы.

Дәрі-дәрмек уақтылы жеткізілуі керек

Бүгінде елімізде 400-ден астам дәрі 2,5 млн адамға тегін беріледі екен. Бұлардың бәрі – созылмалы аурулармен диспансерлік есепте тұрған пациенттер. Халықты дәрі-дәр­мекпен қамтамасыз ету жайында Үкімет отыры­сында сөз сөйлеген Денсаулық сақтау минис­трі Елжан Біртановтың айтуынша, тегін және жеңілдікпен дәрілер беру жүйесі Қазақ­станда 2005 жылы іске қосылған екен. Алғаш­қы жылы осы мақсатқа 2,8 млрд теңге бөлінсе, биыл қаржының көлемі 130 млрд теңгеге жеткен. Аталған қаражаттың 36 млрд теңгесі – вакциналарға, 94 млрд теңгесі тікелей рецепт бойынша берілетін дәрі-дәрмектерге жұмсалады.

Амбулаторлық негізде тегін берілетін дәрілердің көбі жиі кездесетін әлеуметтік ауруларға беріледі. Мұндай сырқаттардың ішінде бірінші орында қант диабеті тұр. Оған 2016 жылы 8,8 млрд теңге бағытталған. Екінші орында қан қысымының жоғарылауын емдеуге арналған дәрілер, үшінші орында онкологиялық және қан аурулары тұр. «Қазір біз амбулаторлық негізде тегін берілетін дәрілер жүйесін әлі де жетілдіре түспекпіз. Қаржының көбі жиі кездесетін ауруларға жұмсалады. Бірақ кейде өте сирек кездесетін қан ауруларына да қаржы көп кетеді. Мәселен, 585 ауруға 6 млрд теңге қаржы жұмсалып отыр», деді министр.

Әлбетте, тегін немесе жеңілдікпен берілетін дәрілердің бәрі бірдей табыла бермейді. Министрлік пен «СК-Фармация» бірыңғай дистрибьюторы бірлесе жүргізген ақпараттық зерттеу бойынша, 2018 жылға кем дегенде 32% немесе 60 млрд теңге көлеміндегі дәрі-дәрмек тапшылығы байқалған. Осы мәселені ескере отырып, тиісті азаматтарды тегін дәрілермен жеткілікті түрде қамта­масыз ету үшін дәрілік заттар мен медици­на­лық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу тізімдерінің ережесі бекітіліп, Әділет минис­тр­лігіне мемлекеттік тіркеуге жіберіліпті.

Жалпы, тегін немесе жеңілдікпен берілетін дәрілерді сатып алу тендер бойынша жүзеге асырылатыны белгілі. Бірыңғай дистрибьютор жүргізетін екі кезеңді тендер рәсімнің ұзақтығы – 59 күн. Сондықтан келесі жылға дәрі-дәрмекті жеткізудің басталу мерзімі шамамен 2018 жылдың 15 ақпанынан 10 наурызына дейін жоспарланып отыр.

Осыған байланысты тегін немесе же­ңіл­дікпен дәрі алатын азаматтарға дәрілерді уақ­тылы жеткізу үшін министрлік Үкімет қаулысының жобасына толықтыру енгізуді ұсынды. Министрдің айтуынша, бірыңғай дистрибьюторға 2018 жылға арналған дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды бір жерден сатып алу мүмкіндігі берілуі керек. Сонда тендер бітпейінше халыққа дәрілердің жетпей қалу мәселесі туындамайды.

Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр дәрі-дәрмек сатып алу мәсе­лелері Мемлекет басшысының тікелей бақы­лауында екенін айта келіп, елді дәрі-дәрмекпен жеткілікті түрде қамтамасыз ету жауапкершілігін министрдің тікелей өзіне жүктеді. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігіне дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жұмыстарына түзетулер енгізіп, жоспардағы кемшіліктерді жою туралы тапсырма берілді.

Халықаралық қаржы орталығы: алғашқы адымдар

Осыдан екі жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру туралы Конституциялық заңға қол қойғаны белгілі. Енді міне, экономиканың ең тиімді жобаларының бірінен саналатын «Астана» халықаралық қаржы орталығы келесі жылдың қаңтарынан толыққанды жұмысқа кіріскелі отыр. Оның алғашқы адымдары мен бірегей жоспарлары Үкімет отырысында талқыланды.

АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов бұған дейін қолға алынған қыруар жұмыстың нәтижесінде қаржы орталығы шаруаны бастауға толыққанды дайын екенін мәлімдеді.

Халықаралық орталықтың ресми тілі ағылшын тілі әрі бұл – ТМД кеңістігі елдерінің ара­сында ағылшындық құқық қағидатымен жұ­мыс істейтін тұңғыш қаржы институты. Бү­гінде әлемдік қаржы орталықтарының 90 па­йы­зы осы ағылшын қағидаттарына сүйенеді екен.

Қ.Келімбетов өткен айда қаржы орталығы алаңында оның биржасы тіркелгенін атап өтті. Оның жұмысын жаңа құрылым – қаржы қызметтерін реттеу комитеті үйлестіреді.

Жалпы, биржа, қаржы қызметтерін реттеуші, арбитраж орталығы мен қаржы соты «Астана» қаржы орталығының басты органдары болады. Орталық нақты алты бағытқа басымдық береді. Олар – капитал нарықтарын дамыту, мемлекеттік активтерді басқару, жаңа қаржы теxнологияларын дамыту, жеке адамдардың әл-ауқатын басқару, исламдық қаржыландыру мен цифрландыруды дамыту.

«Астана» қаржы орталығы алаңында инвесторларға да теңдессіз жеңілдік шарттары қарастырылып отыр. Айталық, инвесторларды ынталандыру үшін 2065 жылдың аяғына дейін корпоративтік және жеке табыс салығынан босататын салықтық жеңілдіктер ұсынылады.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, Қазақстанның қор нарығын дамытуға жәрдемдесу мақсатында 2018 жылдың бірінші тоқсанында АХҚО биржасына мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару және орналастыру көзделген.

Сондай-ақ Қаржы министрлігі ислам құнды қағаздары – сукукты шығару мүмкіндігін қарастыруда. 2018 жылдың бірінші жартысында АХҚО биржасында сукукты шығару да көзделуде.

Тақырыпты түйіндеген Үкімет басшысы қаржы орталығын ашу жауапкершілігі үлкен ауқымды жоба екенін айта келіп, жыл аяғына дейін барлық мәселені реттестіруді тапсырды. Сонымен қатар, ол теңдесі жоқ мұндай ірі орталықтың Қазақстанда ашылғанын жер-жаһанға жариялау қажеттігін атап өтті.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»