Конференцияны Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетіне қарасты Зоология институты мен «Қансонар» республикалық аңшылық шаруашылығы қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды.
Конференцияда алғашқы сөзді алған «Қансонар» қауымдастығының төрағасы Оралбай Әбдікәрімов бұл шараға ұлттық мұраға бейжай қарай алмайтын қонақтардың қатысып отырғанын айтты.
«Құсбегі ешқашан тірі табиғатты аяққа таптамайды. Бардың қадірін біліп, құсы арқылы табиғаттың жан дүниесін таниды. Бұл табиғат байлығына ұкыпты қарауға тәрбиелейді. Біз мүмкіндігімізше осы бағытта біршама жұмыс атқаруға тырысып келеміз. Аймақтарда жыртқыш құстарды тіркеп, санаудан бөлек, қазақ дәстүріне сай, ұлттық аңшылық ойындарын өткізудеміз», деді О.Әбдікәрімов. Айтуынша, мұндай шаралар аңшылық түрлеріне қоғам қызығушылығын арттырып, бүркітшілердің дәстүрлері мен мектебін сақтап қалуға үлес қосады.
Конференция барысында қатысушылар Қазақстан аумағындағы құсбегілік туралы сөз қозғап, бүгінгі жай-күйін талқылады. Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Ресей, Моңғолия мен Қытайдағы құсбегілік жайында тарихи деректермен бөлісті.
«Қансонар» қауымдастығының бас директоры Александр Бербер тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстанда бүркітшілердің саны саусақпен санарлық болғанын, ал қыран баптаушылардың мүлде болмағанын тілге тиек етті.
Қазіргі ел аумағында 105 бүркіт пен 17 сұңқар салып отырған 102 адам бар. Олардың саны жыл өткен сайын арта түсуде. Есесіне, қартайып немесе қайтпай қалып жатқан құстардың орнын толтыруға деген талап та артып келеді. Қазақстандағы құсбегілер мектебін дамытуға арнайы квота қарастырылмаған. Мектеп басшылығына жыл сайын табиғат аясынан бірнеше құсты алып үйретулеріне тура келіп тұр.
Осыған қарамастан Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларындағы «Ақ Сұңқар», «Милениум сокол», «Heaven Star» тәлімбақтарында коммерциялық бағытта құс өсіріп, оны сәтті түрде жүзеге асырып отыр. Бұл салада көрші қырғыз еліндегідей азаматтарға арнайы сертификат пен аңшы-бүркітші куәліктерін беру жетіспей отыр. Біздің ұсынысымызды ескере отырып, құқықтық-нормативтік базаның нығаюы дәстүрлі құсбегілікті одан әрі дамытып, болашақ ұрпақ үшін сақтап қалуға жол ашар еді деді А.Бербер.
Конференцияның аясында жойылудың аз алдында тұрған ителгіні сақтап қалу мәселелері талқыланды.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ