Суреттерді түсірген Ерлан Омар, "Егемен Қазақстан"
«Қазақстан мен Мажарстан арасында дәнекер болған Дьёрд Алмаши сынды тұлғаға арналған бүгінгі шараны біз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырып отырмыз. Шараның ерекшелігі - Дьёрд Алмаши осыдан 100 жыл бұрын қазақ даласына келіп, Жетісу жерінде көптеген зерттеулер жүргізген. Мәліметтер жинап, фотосуреттер түсірген. Бүгін сол мұра Қазақстанға жеткізіліп отыр», деді Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі. Ол Дьёрд Алмашидің фотосуреттері Қазақстан халқына алғаш рет ұсынылып отырғанын атап өтіп, мұраны алып келген Мажарстан тарапына алғысын білдірді.
Дархан Қыдырәлінің айтуынша, Дьёрд Алмаши қазақ тілін жетік білген және Еуропада Орталық Азия туралы кітап шығарған. «Алмаши - үлкен этнограф. Оның Жетісу қазақтары туралы жинаған мұрасы Мажарстан музейінде сақтаулы. Оның түсірген суреттері бір ғасыр бұрынғы жылнама іспетті. Ғалымның неміс тілінде жазылған "Азия жүрегіне саяхат" атты ауқымды еңбегі бар. Біз венгр ғалымдарымен сол кітапты қазақ тіліне аударуға байланысты келісімге келдік», деді академия басшысы. Оның айтуына қарағанда, кітап қазақтардың ырым-тыйымдары, салт-дәстүрлері, өмір салты туралы жазылған.
Түркі академиясы халықаралық ұйымының басшысы Дархан Қыдырәлі венгр шығыстанушысы Дьёрд Алмаши есімін ел жадында қалдыру үшін оған Алматыда ескерткіш тақта орнату мәселесі талқыланып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар жиында Венгрия ғылымдар академиясы этнография институтының ғылыми қызметкері Давид Шомфаи Қара Дьёрд Алмашидің Орталық Азияға жасаған алғашқы экспедициясы туралы баяндама оқып, мажар шығыстанушысы Дьёрд Алмашидің ізімен қазақ жерін қалай аралағаны туралы айтып берді. Сондай-ақ ол мажар халқының ыстық сәлемін жеткізді. «Ассалаумағалейкүм, құрметі қауым, қазақ бауырларымыз! Жалпы мажар халқының және 13 ғасырдан бері мажарлықтармен бірге өмір сүріп келе жатқан құман-қыпшақтардың сәлемін жолдаймын», - деп бастады сөзін Давид Шомфаи Қара. Ғалымның айтуынша, ол Қазақстанға келмес бұрын Алмашидің еңбегімен мүлде таныс болмаған.
«Тоқсаныншы жылдары Мажарстанда бір ағамызбен кездестім. Ол маған «Сен қазақша үйрен! Олар құман-қыпшақтардың ең жақын тілінде сөйлейді. Ата-бабаларыңның салт-дәстүрін білгің келсе, Қазақстанға бар» деп кеңес берді. Өкінішке қарай, ол ақсақал көп ұзамай 1992 жылы қайтыс болды. Сонда сол ағамыздың жұмысын жалғастырмақ ниетте 1993 жылы мажарстандық ең бірінші студент болып Алматы қаласына оқуға түстім», - дейді мажар ғалымы. Оның айтуынша, ол Қазақстанға келгенде қалада көбі орысша сөйлеген. «Қазақша білетін мен көшеде біреуден бірдеңе сұрасам «Говорите на русском» деп жауап беретін. Мен оған шыдамай Жетісудың ауылдарына қашып кеттім. Кейін Мажарстанға оралып, Иштван мырзамен танысып, екеуіміз 1993-1994 жылдары екі елдің арасындағы кеңес дәуірінен кейінгі мәдени байланыстарды орната бастадық. Ол кісі бірнеше жылдан бері Алмашидің еңбектерін, мұрасын зерттеген. Сондықтан, ол маған Алмашидің «Азия жүрегіне саяхат» атты кітабын сыйға тартты. Оны ашсам, өзім көрген, аралаған Жетісу бейнеленіпті. Кітапқа ынтық болғаным сонша, бірден Алмашидің еңбектерін зерттеуге кірістім», - дейді Давид Шомфаи Қара.
«Мен Қазақстанға келген кезең - кеңес дәуірінен кейінгі Қазақстан болатын. Қазақ даласында киіз үй сирек кездесетін. Бақсылармен кездесіп, бүркітшілермен бірге жүрдім. Түйешілермен ұзын сонар әңгіме өрбіттім. Бірақ, Алмаши мен жүрген жермен 100 жыл бұрын жүріп өтіпті. Алмашидің кітаптарын оқып отырып, өзімнің көрген-білгендеріммен салыстыру мен үшін өте қызық болды. Сондықтан, мен бұл кітапты қолыма алғаннан кейін тастап кетпей, 700 бетті екі күнде оқып шықтым. Алмашидің мұраларына ғашық болып қалдым. Жалпы жұртқа танытуды өзіме міндет қойдым. Алмашидің мерейтойы болған кезде біз оның ізімен жүріп өтіп, деректі фильм түсірдік», - дейді ол.
Баяндама жасаған Давид Қара тыңдаушыларға тың деректер ұсынып, өз экспедициясы барысында Алмашидің түйешісі болған адамның ұрпағын кездестіргенін айтты. Сонымен қатар шараны ұйымдастырушы Түркі академиясына Патша үкіметі тұсында жазылған, Алмашиге Балқаш өңірін аралау барысында көмек көрсету туралы жазылған «Бұйрық хатты» тапсырды.
Cеминарда сөз сөйлеген Венгрияның Қазақстандағы елшісі Андраш Барани венгрлер өздерінің түп тамыры туралы үнемі ізденісте болғанын, Алмашидің қазақ жеріне 1900 және 1906 жылдары келгенін айтты. "Бүгін венгр ғалымдары әкелген фотосуреттер Мажарстанда 20 жыл бұрын көрсетілген. Қазақстанға бірінші рет әкелінді", деген ол Алмашидің суреттері арқылы Еуропа Орталық Азиядағы халықтар өмірімен, салт-дәстүрімен, тұрмысымен танысқанын атап өтті.
Мажарстаннан Түркі академиясының шақыртуымен арнайы келген Иштван Шанта елші Андраш Барани атап өткен көрмені 1997 жылы Венгрияда өзі ұйымдастырғанын айтты. "Мен Алмашидің жиен немересімен жақын таныс болдым. Ол екі жыл бұрын қайтыс болды. Негізі, Дьерд Алмаши суреттерді өзінің досына сыйлапты. Оның ұрпақтары атасынан қалған мұраны Алмашидің жиен немересіне, ал ол маған табыстады", дейді ғалым. Осылайша тарихи суреттер жүз жылдан кейін қазақ жеріне жеткізіліп отыр.
Еуропаға Қазақстанды танытқан ғалымдардың бірі, шығыстанушы Дьёрд Алмаши 1867-1933 жылдары өмір сүрген. Қазақ даласын зерттеу үшін ол Қазақстанның оңтүстік және Балқаш өңірін аралап, 200-ге жуық фотосурет түсірген. Сонымен қатар аңшылық, құсбегілік туралы да қызықты мәліметтер қалдырған. Манас дастанының "Семетеймен қоштасу" бөлімін аударып, Еуропада жариялаған.
Гүлнұр Қуанышбекқызы,
"Егемен Қазақстан"