Медицина • 06 Желтоқсан, 2017

Суға да инвестиция қажет

882 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Бірнеше бағдарлама қабылданып, қыруар қаржы бағытталған, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі елімізде күн тәртібінен түсе қойған жоқ. Жуырда Мәжілісте «Қазақстан Республикасының елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің өзекті мәселелері» тақырыбында парламенттік тыңдау өтті. Осы орайда парламенттік тыңдауға қатысып, өз тәжірибесімен бөліскен Шымкент қаласындағы «Су ресурстары Маркетинг» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Анарбек ОРМАНҒА жолығып, көтерілген мәселелерге қатысты пікірін білген едік.

 

Суға да инвестиция қажет

– Анарбек Оңғарұлы, 2002 жылы «Ауыз су» бағ­дар­ламасы қабылданып, 2010 жыл­ға дейін іске асырылды. Ал 2011 жылы «Ақ бұлақ» бағдар­ламасы қабылданды. 2015 жыл­дан бастап «2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» бағдар­ламасының аясында ауыз су жобасы іске асыры­лу­да. Қалай ойлайсыз, ел хал­қын толық сапалы әрі қажет­ті мөлшерде ауыз сумен қамта­ма­сыз ету үшін тағы қанша уа­қыт қажет? Бөлінген қаржы қаншалықты тиімді жұмсалуда?

– Бұл енді өте күрделі мәселе. Өйткені жалпы дүние жүзінде сапалы ауыз суға деген сұраныс жылдан-жылға артып барады. Екі миллиардқа жуық халық осы күнге дейін сапалы ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Жуырда Астана клубының үшін­ші отырысына қатысқан Елбасы Н.Назарбаев «Үлкен Еура­зия-2027» текетірес немесе серіктестік» атты халықаралық жиында жер жаһанды тол­ған­­дырған келесі мәселе ре­тінде табиғи ресурстардың тапшылығын атап өтті. Әсі­ресе Елбасы ауыз судың жетіс­пеу­шілігіне кеңінен тоқталды. «Ең әуелі, тұщы су жетіспеуі мем­лекетаралық қарама-қайшы­лыққа әкеліп соғады. Су ресурс­тарының тапшы­лығы Үндістан мен Пәкістан қарым-қа­тынасын шие­леністіріп жіберді. Мұндай жағ­дайдың Таяу Шығыс пен Орта­лық Азияда туындау ықти­мал­дығы жоғары» деді Мемле­кет басшысы.

Біздің елімізде де сапалы ауыз суға мұқтаж елді мекендер аз емес. Бұл орайда мәселеге ғылыми тұрғыда мән беріп, әлемдік үлгілі тәжірибелерді енгізу, озық технологияларды пай­далану қажет деп ойлай­мын. Инвестиция тарту да маңызды. Елбасы Парла­­мент палаталарының бірлес­кен отырысында елімізде ком­му­налдық қызметтердің төмен бағалары ин­весторларды үрейлен­ді­ре­тінін, су және жылумен жаб­дықтауды жаңғыртудың өзі ора­сан қаражатты қажет ететінін, мемлекет-жекеменшік әріптестігін жетілдіру бойынша жұмысты жалғастыру керектігін айтты. Инвесторларға жағдай жаса­масақ жағдайдың түзелуі қиын. Тиісті министрліктің дерегіне қарағанда 2002-2016 жыл ара­лығында 850 млрд теңге Қа­зақстан бойынша елді мекен­дерді ауыз сумен қамтамасыз етуге жұмсалыпты. Иә, осы қар­жының барлығы тиімді пайда­ланылды ма? Елі­міздің көпте­ген жерлерінде әлде де ауыз суға қолы жетпеген немесе су тәу­лігіне 3-4 сағат берілетін елді мекендер бар. Жоғарыда келті­рілген қаржыны тиімді пайда­лан­ғанда екі Қазақстанды ауыз су­мен қамтамасыз етуге болар еді.

Енді өз мекемеміз бойынша бір мысал келтірейін, біз 100 мың текше метр қуаты бар, пайдаланған суды тазалау қон­дырғысын жаңғыртуға 2,5 миллиард теңге жұмсадық. Ал мемлекет мұндай қондырғыға 20 миллиард теңге жұмсайды. Өйткені асыра сілтеу, құнын артық көрсету сынды көптеген келеңсіздіктерге жол беріледі. Мұның бірден-бір жолы – Елбасы айтқандай, коммуналдық қызмет көрсетулерде мемлекет-жекеменшік әріптестігі бойынша жұмыс істеу. Көптеген дамыған елдерде, мысалы, Англияда жеке компаниялар халықты 99 пайыз таза сумен қамтамасыз етіп отыр. 50 миллион халыққа су береді. Неге солардың тәжірибесін үйренбеске?!

Мәжіліс Төрағасы Н.Нығ­ма­тулин бүгінгі күні сумен жаб­дықтау нысанын салу және пайдалануға беру барысында жүйелі әдістер жоқ екенін айтты. Топтық су құбыры салынғаннан кейін ауылішілік желілердің дайын болмауынан елді мекенге су беруге мүмкіндік болмайтынына өкінішін білдірді. Спикердің айтуынша, мұның барлығы бюджет қаражатын тиімсіз пай­далануға, сонымен бірге елді мекенді сапалы ауыз сумен қам­тамасыз етпеуге әкеледі. Сон­дай-ақ төрағаның «Франция, Испания сынды елдердегі әлемдік тәжірибеде мемлекеттік кәсіпорын концессия формасында немесе жалдау шарты негізінде сумен жабдықтауды басқаруға жауапты ретінде жеке компанияны тағайындап жатады. Бізде де мемлекет-жекеменшік әріптестігін енгізу су ресурс­тарын басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік берер еді» дегеніне толық қосыламын. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі «Қазсушар» кәсіпорнын магис­тралды су құбырлары желісін ғана емес, сонымен қатар елді мекендердің барлық су құбырлары желісін салу және жаңғырту барысында бірыңғай оператор ретінде айқындау қажеттігін ұсынуда. «Қазсушар» елді мекендерді топтастырылған ауыз сумен қамтамасыз етеді. Егер топтастырылған сумен қамтамасыз ететін кәсіпорындар саны оншақты болса неге олардың барлығы тиімсіз жұмыс істейді? Мысалы, қазір барлық облыс­тарда, аудандарда халыққа су беретін кәсіпорын бар. Алайда, олар тұтынушыларға тоқтаусыз сапалы су беріп, жұмыс орнымен қамтып, мемлекетке қажетті мөлшерде салық төлеп жатыр деп айта алмаймын. Сондықтан мем­лекет-жекеменшік әріптестігін кү­шейтіп, инвесторларды тарт­сақ­, сала жұмысын тәртіпке кел­ті­реміз.

– Парламенттік тыңдауда қандай ұсыныс-пікір біл­дір­діңіз?

– «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің жұмыс істеп келе жатқанына келесі жылы 20 жыл толады. Сол 20 жылдың ішінде біз мемлекеттен 1 тиын алған жоқпыз. Өзіміз тапқан қаржыны қажетті бағытқа инвестиция ретінде салудамыз, ал жетпеген қаржы бойынша Еуропа қайта құру және даму банкімен бірлесе жұмыс істеп келеміз. Неге біздің тәжірибені Қазақстан бойынша ендірмеске? Облыс орталығындағы меке­менің біздің тәжірибені ендіруге құлқы жоқ. Өйткені мемлекеттік мекеме болған соң, оларға бюджеттен қаржы алу оңай. «Су жоқ, құбыр тозды, тесілді, жамау керек» деп қыруар қаржы сұрайды. Оның ішінде мемлекеттік инвес­тиция бюджеттен қаралғаннан кейін қожайындары көп. Яғни, ол үлкен бір қазан. Бәрі сол қазанға шөміш салғысы келеді. Мұндай құрылымдарды, сыбайластық схеманы жою қажет.

Бекітілген тарифтің төмен­ді­гіне байланысты біз 2009-2015 жылдар аралығында тозығы жеткен су және кәріз жүйелерін жаңғыртуға Еуропа қайта құру және даму банкінен жалпы сома­сы 9,1 млрд теңге инвести­ция тарттық. Жылдық 5,5 пайыз сыйа­қысымен, мерзімі 10 жылға 4 келісімшарт жасап алдық, оны толық игердік. 2012-2017 жылдар аралығында тартыл­ған сол инвестицияның 4,8 млрд теңгесін банкке келісім­­шарт негізінде қайтарып бердік. Жалпы, 2001 жылдан бері енгі­зілген менеджменттің жаңа тәсіл­дері мен тартылған инвестиция­ның нәтижесінде су құбыр­ларының – 896, кәріз желілерінің 28,2 шақырымы қайта құрылды. Ауыз суды залалсыздандыру, өңдеу және тасымалдау бо­йынша жабдықтарды жаңғырту жүргізілді. Қалалық шайынды суларды тазарту кешеніндегі барлық қондырғылар заманауи тиімді технологияларға ауыстыру жолымен толық жаңғыртылып, биогаз, электр қуатын шығаратын нысан іске қосылды. Яғни, Қазақстанда, Орталық Азияда бірінші болып биогаз қондырғысын салып біттік. Биогаздан сағатына 500 квт электр энергиясы өндірілуде. Сөйтіп электр қуатын 50 пайыз үнемдеуге қол жеткіздік. Орынсыз су шығындарын 38 па­йыздан 16 пайызға түсірдік. Ең бас­ты­сы Шымкент қаласындағы тұ­­ты­нушыларды керекті мөл­шер­де және үзіліссіз сапалы ауыз су­мен қамтамасыз етіп келе жатырмыз.

– Жасыратыны жоқ, тұты­ну­шы­лар сумен қам­та­масыз ететін кей ме­ке­­ме­лердің басты мақсаты мемлекет­тен суб­­сидия алу ғана болып отыр­­ғ­а­нын жиі айтады. Бұл қанша­лықты рас?

– Тұтынушылардың шағым­данатын жөні бар. Мемлекеттік мекемелер субсидия алғанымен, соған сай жұмыс істемейді. Ауыз суды 500-700 теңгеден сатып отырса, жұмыс істеп қай­теді? Мысалы, қалада біздің тари­фіміз – 88 теңге. Ауылда топтас­тырылған су жүйелері ретінде тізімге кіргендерде – 400 -500 теңге, тіпті 3000 теңгеге дейін барады. Елімізде 2 миллионға жуық халық 1 текше метрге 40 теңгеден ақы төлеп келе жатыр. Қырық теңгенің үстіндегіге мемлекет субсидия береді. Сондай субсидия беретін жерге инвес­тор тартатын болсақ, ол қуана келер еді. Бірақ мемлекеттік құрылымдардың жеке компания­ларды нарыққа кіргізуге, оларға беруге құлқы жоқ. Тағы бір айта кетерлік мәселе, осы субсидия беруде әділетсіздік орын алуда. Бір елді мекен субсидия алады, енді біреулері алмайды. Барлық елді мекенге де беру қажет.

– Жоғарыда тариф туралы айтып өттіңіз. Шымкенттік тұр­­­­ғын­­дар қазірдің өзінде су­дың қым­­бат екенін айтуда. Ер­теңгі күні тариф тағы өспей ме?

– Шымкентте 1 литр су 8 тиын тұрады. Дүкенде сатылатын шөлмектегі бір литр суыңыз – 150 теңге. Қонақтарға сіз құбырдың суын емес, дүкеннен әкеліп алдына қоясыз, 150 теңгеге. Біздікі 8 тиын. Қалай қымбат деуге болады?! Қазіргі есеп бойынша, бір ай ауыз суды және кәріз қызметін пайдаланған тұтынушылардың 32 пайызы 200 теңгеге дейін төлейді. Қымбат па, арзан ба? Бір айда су және канализацияға 200- 400 теңгеге дейін төлейтіндер – 39 пайыз. Шымкентте миллионға жуық халық болса, соның 71 пайы­зы осыншама төлейді.

Тариф жөнінде парламенттік тыңдауда жақсы ұсыныстар айтылды. Біз жалпылама тарифті бекітеміз. Мысалы, бақуатты адамдардың 20-30 сотық жері, бассейні бар. Суды қалауынша пайдаланады. 80 теңгелік тариф оған да, көп қабатты үйде отырған зейнеткерге де бірдей. Яғни қалталыға тариф бөлек болуы тиіс. Екіншіден, Мәжіліс Төрағасының айтуынша, тариф халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобы үшін қолжетімді болмаған жағдайда субсидия­лау немесе атаулы көмек көрсету керек. Яғни, тарифті бірдей ету қажет те, жергілікті атқарушы органдар аз қамтылған отбасыларға атаулы көмек беруі тиіс. Қолданыста мұндай заң да бар, бірақ көпшілік біле бермейді. Мен тұрғын үй көмегін айтып отырмын. Ол бойынша жылу, жарық, коммуналдық қызметтер төлемі белгіленген пайыздан асса, көмек берілуі тиіс. Мұны білетіндер алуда, білмейтіндер алып жатқан жоқ.

Әңгімелескен

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»