Үкімет • 06 Желтоқсан, 2017

Мәскеуде Каспий жағалауы мемлекеттері Сыртқы істер министрлерінің мәжілісі өтті

852 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәскеуде Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан сыртқы саясат ведомстволары басшыларының қатысуымен Каспий жағалауы мемлекеттері Сыртқы істер министрлерінің мәжілісі өтті.

Мәскеуде Каспий жағалауы мемлекеттері Сыртқы істер министрлерінің мәжілісі өтті

Тараптар Каспий мәселелеріне қатысты күн тәртібінің бірқатар маңызды тұстарын, соның ішінде Каспий теңізінің түбі мен жер қойнауын бөлу, аумақтық және iшкi суларда жүзу режімi, теңiздің түбiмен суасты құбырларды жүргізу, теңіздер мен әлем мұхитына еркін қол жеткізу сынды өзге де өзекті жағдаяттарды қарастырды.

Мәжілістің негізгі нәтижесі Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияның жобасы бойынша барлық негізгі мәселелердің келісілгені болып табылды.

Жуық арада сарапшылар 2018 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруы бойынша Қазақстанда өтетін Каспий жағалауы мемлекеттері басшыларының саммиті барысында қол қою үшін Конвенцияның жобасын дайындау бойынша техникалық жұмыстарды жүргізбек.

Каспий теңізінің мәртебесін реттеу және халықаралық саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастықтың құқықтық режімін құру Каспий өңірінің саяси тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз ету, оның табиғи байлықтарын сақтап, арттыру және бірегей географиялық жағдайын пайдалану мәнмәтініндегі маңызды стратегиялық мәселе болып табылады. Атап айтқанда, Елбасы Н.Назарбаев ұсынған «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес Қазақстан және оның көршілерінің транзиттік-көліктік әлеуетін тиімді қолданудың жаңа мүмкіндіктері ашылады.

«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Каспий жағалауы мемлекеттерінің ынтымақтастығына баса назар аударады. Бұл орайда алдымызға қойған басымдықтарының бірі – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенция бойынша келісімге қол жеткізу. Конвенция Каспий жағалауы мемлекеттерінің ынтымақтастығына жаңа серпін береді және аймақтағы қауіпсіздік, тұрақтылық пен өркендеудің кепілгері болады деп сенемін», – деп атап өтті Қазақстан Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахманов.

Конвенция бойынша жұмыс 20 жылдан астам уақыт жүргізілді. Құжаттың жобасында Каспий теңізіндегі тараптар қызметінің негізін қалайтын қағидаттар, теңіз айдынын, табанын айыру, әскери ынтымақтастық және биологиялық ресурстарды, теңіз түбі мен жер қойнауын, жүзуді, қоршаған ортаны қорғауды, теңіз ғылыми зерттеулерді игеруіне байланысты шаруашылық-экономикалық ынтымақтастықты іске асыру мәселелері белгіленеді.

Қазіргі таңда тараптар Каспий аймағының экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тараптар Каспий теңізінің ортасын қорғау туралы нобайлы конвенцияға хаттама, сонымен қатар трансшекаралық мәнмәтіндегі қоршаған ортаға тиетін әсерді бағалау бойынша хаттама жобалары әзірленуде.

Каспий жағалауы елдерінің барлық күш-жігері аймақтағы бейбітшілікті, қауіпсіздікті, тұрақтылықты және тұрақты экономикалық, экологиялық, мәдени-гуманитарлық даму мен ынтымақтастықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Дайындаған

Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»