Зеленов ауданы – Орал қаласының маңында қолайлы жерде орналасқан, топырағы ең құнарлы саналатын аймақ. Оның үстіне бұл өңірге шалғай аудан тұрғындары жаппай көшіп келіп орналасты. Содан да болар Зеленов ауданы шаруа жүргізу үшін де, жеке мал үшін де жерден тапшылық көріп отырғаны рас еді. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Зеленов ауданының биылғы он айлық әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берген аудан әкімі Асхат Шахаровтың осы мәлімдемесі ауылдағы ағайынның көңілінен шыққаны анық.
Құнарлы топырақ болған соң аудан шаруашылықтары негізінен егін егеді. Әкімнің айтуынша, өңірде биыл 215,8 мың га алқапқа дән себілген екен. Мұның 133,3 мың гектары дәнді дақылдар болса, майлы дақылдар – 31,5 мың га, мал азығы – 47,7 мың га, картоп, көкөніс, бақша дақылдары 3,2 мың га құраған. Міне, жаз бойғы еңбек ақталып, диқандар әр гектардан орта есеппен 17,3 центнер өнім алыпты. Жалпы алынған өнім 225,3 мың тоннаға жеткен.
Қазіргі мемлекеттік саясат ауыл шаруашылығында қызмет ететін кәсіпорындардың іріленуін қалайды. Бұл бағытта ауданда 9 ауылшаруашылық кооперативі құрылған. Оның төртеуі – ірі қара малын бордақылаумен, екеуі – сүт өңдеумен, екеуі – тұқымдық түрлендірумен, біреуі бау-бақша өсірумен шұғылданады.
Әрине, жер болса ол жерге еңбек ететін шаруа да табылады. Биылдың өзінде шағын және орта кәсіпкерлік саласында 988 жаңа жұмыс орны ашылып, 14 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны іске қосылған.
Өңірде кәсіпкерліктің дамуына мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау тікелей әсер етеді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 2017 жылдың 10 айында жалпы құны 1 930,2 млн теңге құрайтын және 222 жаңа жұмыс орнын ашатын 21 жоба мақұлданған. 4 кәсіпкер 9 млн теңгеден аса қайтарымсыз грант алып, ауданда айран-сүт өндірісін (түрік айраны), жұмсақ иілгіш тас, тоқыма өндірісін, химиялық өнім алуға қажетті минералды шикізат өндірісін жолға қойған.
– Ірі инвестициялық жобалар қатарында екі жобаны бөле-жара атауға болады. Біріншісі – «Жайық Агро ЛТД» ЖШС Щапов ауылдық округінде өндірістік құны 4,087 млрд теңге болатын, қуаты жылына 6000 тонна құс етін өндіретін, 200 адамды жұмыспен қамтитын құс фабрикасын салып жатыр. Екінші жоба – Белес ауылдық округіндегі көмірсутегі шикізатын сақтау және өңдеу кешенінің құрылысы. «Жайық Петролеум ЛТД» ЖШС-ның құны 5,5 млрд теңге болатын бұл жобасында болашақта 180 адам қызмет етпек. Алғашқы нысан биыл жыл аяғында пайдалануға беріледі. Екінші нысан 2018 жылы іске қосылады, – дейді Асхат Шахаров.
Зеленов ауданында әлеуметтік нысандардың құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Биылдың өзінде жаяу жүргіншілер үшін екі аспалы көпір пайдалануға берілді. Ақжол, Павлов ауылдарына таза су құбыры тартылған. Калинин ауылында 160 адамдық дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып біткен. Бұл нысан Тәуелсіздік мейрамы қарсаңында ашылмақ. Дариян ауылында 300 орындық жалпы орта білім беретін мектеп интернатымен қоса салынып жатыр. Володар ауылында су құбыры жүйесі жаңғыртылуда. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясы қаржысы есебінен (213,98 млн теңге) Дариян ауылында 8 көше күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Сондай-ақ Макаров (5 шақырым), Жайық (1,5 шақырым), Өркен ауылдарында (4,3 шақырым) кіреберіс автокөлік жолдары жөндеуден өткен.
Ауданда жас мамандар ықыласпен пайдаланып жүрген мемлекеттік бағдарламаның бірі – «Дипломмен – ауылға!» жобасы. 2017 жылы мұнда 71 маманға 238 млн 36 мың теңге несие берілген. Жас мамандардың басым бөлігі (51 адам) – білім саласына, 11-і – денсаулық сақтау мекемелеріне, 3 адам – әлеуметтік қамту мекемелеріне, 6 маман мәдениет саласына қызметке тұрған. 40 маманға көтермеақы төлеуге 6 млн 353 мың теңге қаралып, ол қаржы толық төленген. Жастардың жаппай келуі аудан болашағының зор екенін де білдіріп тұрғандай.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы