Әдебиет • 08 Желтоқсан, 2017

Сұраған Рахметұлы, ақын: "Ақынды «үшінші көзі» ояу оқырман түсінеді"

2130 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қай кезеңде де халқымыздың ақындарға, өлеңге деген құрметі, ілтипаты ерекше болыпты. «Сұлу сөзді көкке ұшырған» (Гүлнәр Салықбай) қалам иелерінің нәзік жанын түсінуге әркез тырысады екенбіз. 

Сұраған Рахметұлы, ақын: "Ақынды «үшінші көзі» ояу оқырман түсінеді"

Тап басып түсіндіре алмасақ та, ақын сөзінен барақат тауып, ләззат аламыз. Тебіреніп, толғанамыз. Көп жағдайда оның не қасиеті бар осыншалық деп бас қатыра бермейміз. Ал ақынның өзі осы туралы не ойлайды екен?  

1. Ақын туралы, өлең жайлы пайымдар әртүрлі. Дүниеде неше ақын болса, сонша ақын мен өлең туралы түсінік бар. Сіздің ойыңызша өлең деген не? Ақын деген кім?

2. Қазақ өлеңінің бас халықтардың поэзиясынан басты айырмашылығы қандай?

3. Өлең былай болу керек деп ешкім кесіп айта алмайды. Ақындардың әртүрлі болатыны сияқты, өлеңдер де сан түрлі. Қазіргі жастар поэзиясы туралы не айтар едіңіз?

4. Өзіңіздің өлеңдеріңізге көзқарасыңыз?

5. «Өлең былай жазылу керек қой» деп жиі айтылатын «ақылға» көзқарасыңыз?

1

Өлең туралы айтылған, айтылуға тиіс түрлі пайымдаулар бар. Біздің кемшін санамыз байыбына бара алмайтын шытырман, шексіз кеңістік – өлең. Тұңғиық поэзия! Жаратушы бозторғайға берген сиқырлы үнін адамзатқа да берген. Үн һәм мұң түрімен. Ақын – соның жеткізушісі ғана. Тәңірдің сыйын санасына қондыру, жырлау кәдесіне ие болу – адамзаттық деңгейдегі күмбір саналы шайырлардың мұраты. Мысалы, ес пен үнаралық үшінші сызықта бейғажайып бір саф әуен тұрады. Бұл – өлең. Ертегілердің, аңыз, әпсаналық ыңыл-ишараттардың ерек иісінен оны ерекше терең сезінуге болады. Кезінде француздық экзистенциалист ғұлама Мерло-Понти адамның саналы ойлау қабілетінде «үшінші сызықтың» болуы мүмкін деп пайымдаған. Егер біз сана тартылысындағы сан қилы қозғалыстардың ішінен тек өлеңге ғана лайықты бөлігін елеп, екшей алмасақ хайуаннан өзгешелігіміз не?! 

Өлең – көктен келетін лағыл ғұмыр және көкпен бірге көкке шапшып өсетін кәміл ғұмыр. Қазақ поэзия әлемі де осы сорапта келе жатыр. Барар жеріміз, жетер биігіміз өте анық. Әлемдік өлшемді бағындыруға қазақ поэзиясының көші бет бұрды. Александр Блоктің сөзімен айтқанда «қай сүрлеумен жүрсең де Римге жетесің, өмір – тар шеңбер...». 

Қай дәуірде де ақындар «үшінші көзі» ояу оқырманды адастырып кете алмаған. Өлеңнің өмір сүретін жері – озық ойлы оқырманның жүрегі. Өлең ақынның жеке көзқарасы бола алмайды, болған да емес. Уақыт, шексіздіктің аражігінде тұратын метақұбылысты соцреализм қисыншылары идеоло­гиялық көзқарастың тар шеңберінде ұстағысы келді. Егер бейтаным әлем – поэзия болса, оны оңаша қалыптап микрокөзқарасқа таңудың керегі жоқ. Дүниеде қаншама түрлі көзқарастар тоғысы тұрса да, тіпті сондай өлеңдер жиынтығы қисапсыз болса да, поэзия үшін ол тек «деталь» есебінде ғана.

2

Қазақ поэзиясының күретамыры буулы болды. Өркениет тек бір тілде ғана тілдесуі керек деген отарлық көзқарас ұлттық көркем әдебиетті құлақтап алған. Ұлттық сана екіге айырылды да, әдебиетшілердің көп бөлігі жалқыпартиялық жүйеге қолтырауынның көз жасымен өлең­детіп жағынған. Әдебиеттің көне иррационалдық үрдісінен адасып қалған едік. Майдан тақырыбы жас буынға концлагеризмнің шебінде қаламұшымен мылтық атуды үйретті. Кірпияз ақын аға Қадыр Мырза-Әлі дәл осы сауалға баяғыда жауап берген.

 «...Ақтарып көне көріңді,
 Аруақтан ұрпақ жерінді,
Алыпқа тұсау салынды, 
Халыққа сөгіс берілді. 
Көз алдымда апырмай, 
тарихым болды тақырдай!
Сүмпиіп қалды фольклор,
Сүзектен тұрған батырдай!

Майдан туралы дәріптеулер ұлттық лириканың қанатын қанға малып, жасанды күлгін бояулы жырлар аласада ұшып жүрді. Ал Батыста руханият басқаша, мүлдем өзгеше өмір сүрді. Тұңғыш рет Америкада Ричард Бахтың «Жонатан Ливингстон атты шағала» туындысы жарияланғанға дейін уақыт, кеңістік секілді аспани жорамалдан аулақ жүрген жұрт біртүрлі күрсіністе қалғанын байқаймыз.Теңіз жағалауында құртшабақтарға таласып шулап-шұрқырасып жататын тоғышар шағалалардың арасынан уақыт пен кеңістіктің зауына ұмтылған «жаңашыл шағала» метағарышқа аттанды!
Қазақ поэзиясы бүгін қадам сайын тазару үстінде. Қазаққа ұлт тұншығып өлмеу үшін жаңа поэзия ауадай қажет. Жаңа поэ­зия қажет дегеніміз – қазақта поэзия жоқ деген сөз емес. Соңғы кезде тіл туралы шерлер өте көп жазылды. Рас. Бүкпесіз жаза беруге тілектестердің бірімін. Сексенінші жылдардың соңында Нобель сыйлығының иегері, ирлан­диялық Симус Хинидің «Терминус» атты өлеңі жарияланған. Тіл құдіреті туралы. Классик Мұхтар Мағауин де дәл сол кезде қазақ жыр­ларының бес ғасырын түгендей алған. Содан кейін түгел поэзияның ішкі мәніне бойлап алдаспан тілмен ақтаратындай сантарапты сараптар әлі де көрінбеуі уәйім. Ойы мәнге, үні әуенге жеткен кіші бальмонтизмшілдер де керек бізге! 

3

Жастардың мұңы да – өрім. Үні сыңғыр өршілдер қанат жайып келеді. Қай дәуірдің жастарының үні қан­шалықты жерге жетіп, нендей биікті бағындырарына ешкім жіп тағып лақпа сәуегейлік жасай алмасы анық. Қазіргі қазақ жас ақындарының транс­цендентальдық ұстанымы күмәнді емес. Үміт бар қалайда. «Сталин өлгенге дейін де, өлгеннен кейін де...» өрім жастардың түрені болған! Жас перілердің өлең жолында «өлермен» болуы жақсы ырым! Алайда өлеңге қойылатын қатаң талаптарды ескермеуге болмайды. Поэзияға жаңа келген дүр жастар үшін ертегі мен аңыздағыдай «ғайып ерен, қырық шілтен» мұратты жағдай жасалмаса да айтарлықтай кедергілер жоқ. Айтарымыз, жас ақындар бара-бара ода жазудың хас шеберіне айналып кетпесе болды.

Жастардың жан дүниесі толық жабық жүйеде де, жартылай ашық қоғамда да шуақты болатыны хақ. Жаһанды жалмай бастаған әсіре қалалану, қисапсыз өсіп келе жатқан арамтамақ тұтынушы супер тап, сарқылуға шақ қалған түземдік мәрттікті итеріп тастаған интернет жүйесі қауіп төндіріп тұр. Көршілес Қытайда миллиард оқырман бар. Бұл бек үлкен кеңістік, Кеңестен кейінгі теңдессіз базар. Бір жас ақынның жұқалтаң әрі шымыр жинағының тиражы бір миллионмен ғана басылса – сол ақын таңертең төсектен тұрғанда бірден жұлдызға айналуы ғажап емес. Соңғы кезде Қытайда жас ақындарды шет тілге аударуға қыруар қаржы бөлуде. Қазақ поэзиясында да «Димаштың» болмауы мүмкін бе?! 

Есениннің «егіздері», қолдан жасалған Қасымдар, кештіктердегі сарыжағал, боя­малы шумақтардың ақиелері көбейсе – оқырман оған ұмтылмайды, керісінше, тез ұмытады. Әлемдік поэзияда қалыптасқан бір үлгілі жаттанды дәстүрді жалғыз тал жас ақынның жарылысты өлеңі өзгерте алады. Ол үшін біз шет тілдеріне уақыт ұттырмай тәржімалануымыз керек. Поэзияны «шай ішерлік» деңгейдегі тіл сындырғандар аударса оның зардабы көп. Бергісі – өлеңнің сөзі қалып, мағынасы мен бояуы жоғалып кететіні бар. Сөзді аудару – бір мәселе де, ойды аудару – тіптен бөлек шеберлікті қажет етеді. Келісесіз бе, жоқ па, өз еркіңіз!

4

Ақынның көзқарасы – ұлтының көзқарасымен ғана шектелмейді. Менің өлеңдерім енді менікі емес – саналы жұрттың еншісінде. Оны қабылдау, қабылдамау еркіне солар ие. Қысқасы, менің ырқымнан тысқары ұзатылып кеткен із. 

Поэзияның өз коды, кілті болатын секілді «...жақсылардың кеудесі алтын сандық, кілт болмаса сандықты кім ашады!?». Қазақ қара өлеңімен «ақындардың кеудесін...» ашып отыр. Біздің мың жылғы тарихымыз осы қара өлеңде тұнып тұр. Өлеңге деген алуан пікірлерді қоғамдық көзқараспен шатастыруға келмейді. 

5

«Өлең былай жазылуы керек...» деген бір ғана қағидат, үлгі стандарт еш жерде жоқ. «...Көктемді қондырып қанатына, құс қайтып келеді Алматыма...». Ұлы Тұманбайдың осы шырқауына нендей пікір айтуға болады?! Либайдың: «...гүл құмыра тізулі, құтысымен шарап-дүр, мен қызумын, аспанда Ай төгіліп қарап тұр...». Бұған не дейміз!? Тұманбай аға тағы: «...көзімді жұмсам да көрем сені...» дейді!!! Тыныштықбектің лепесі­­мен  –  «жұпар аңқыған» өлең! Ен­деше, біз бүгін өзімізді өзіміз бір аударып, бір төң­керіп қарайтын халге жеттік.

Дайындаған 
Бағашар Тұрсынбайұлы,
«Егемен Қазақстан»