Пошта тасушысы – Құрманбек Райымбек. Оның құжаттағы есімі Құрманбек болғанымен, күллі ауыл үшін ол жай Құрман. Әр адам өзінің жаны сүйген ісінің, кәсібінің дейікші, патриоты болып келетіні бар, Құрман сондай жан. Жұрттың да бұл жігітке деген ықылас-құрметі бөлек. Осы ауылда 15 жылдан бері оқырманды газетпен, зейнеткерлер мен мемлекеттік жеңілдікке ие жандарды зейнетақы-жәрдемақымен дер мезгілінде қамтамасыз етіп келеді. Поштадан алар айлығы – 11 мың теңге. Сөмке мен етік тегін.
– Алатаудың етегіндегі табиғаты қатал жалғыз ауылмыз. Сөмкемді толтырып алып жаздың күні поштаны атпен тасимын, қыстың күні көшеде тау-тау боп үйліген қардан ат өте ме, әр көшеге арнап екі-үштен бөліп жаяу жеткіземін, – дейді Құрман қысыла. – Ақша да, газет те мерзімінен бір күн кешіккен емес, иелерінің қолына ұстата қоямын.
Ауылда 150 түтін бар. Құрман ес білгелі осылай, ауыл халқының саны азаймайды да, көбеймейді де. Аудандық «Жаңа өмір» газетіне жыл сайын 70 адам жазылады. Аудан үні. Кемуге тиіс емес. Көп жылдан бері солай. Облыстық «Ақ жол» – 24, «Егемен Қазақстан» – 20 дана.
– Жуалы аудандық байланыс-пошта торабының бастығы Нүрзия Алтыбаева деген бір «алтын» кісі бар, – дейді аудандағы 58 пошташының бірегейі Құрманбек Райымбек. – Өз газеттеріміздің жайы жаман болмас, сен мынау республикалық «Егемен Қазақстан» газетін ұмытпа, оқырманын төмендетпе,– деп отырады.
Сонымен бұл ауылдағы «Егеменнің» саны 20-дан еш кеміген емес. Құрманның соңғы жылдар бедерінде аңғарғаны мұсылмандықты дәріптейтін басылым сандарының молайғаны екен. Өз басы мұны жақсылыққа балайды. Таратып жүрген оншақты «Ислам және өркениет» газеті мен «Иман» журналы соның айғағы. Ауылға Алматыдан келетін жалғыз дана «Президент және халық» газетін зейнеткер-ұстаз Айып Қаражігітов жаздырып алады. «Айып ағамыз газетке жазылудан көшбасшы. «Егемен Қазақстаннан» бастап газет-журналға жылына бір рет бар зейнетақысын қиналмай бөледі», дейді Құрман.
Мектеп пен кітапхана қашанда ауылдың рухани-мәдени ордасы еді ғой! Амангелді атындағы орта мектептің директоры Айгүл Имаш бастаған Оралхан Батырқұл, Ешенқұл Қансейіт, Абзал Ережеп сияқты мұғалімдер, мектептің ұстаз-ардагерлері Қуандық Аманбаев, Лесбай Назарбаев, Мейірхан Бәйімбетов және басқалар баспасөзге жазылу науқанында алдымен «Егемен Қазақстанның» атын атайды деген пошташы жігіттің сөзі жүрек жылытты. Айтпақшы, бұл арада тау бөктеріндегі жалғыз ауылға қысы-жазы бір тынбай тоқтаусыз жүретін «Нивамен» пошта таситын инкассатор алып жүруші Сейтқас Тәшеекев пен жүргізуші-инспектор Болат Рахманқұловтың, бар істі назарында нық ұстайтын Шақпақ ата ауылдық округі пошта бөлімінің бастығы Бақытжан Ұсатаевтың еңбегін де атап өтпесе болмас. «Менің ел алдындағы абыройлы жүруім уақытпен санаспайтын осы марқасқа жігіттердің арқасы», дейді Құрман.
Ең қызығы, мен оған «Егеменнің» санын арттыршы деп қолқа салмасам да «Егемен Қазақстан» газетінің саны алдағы 2018 жылы ауылда 25 дана болады, уәде етемін» деп күлімсіреген Құрманның сөзі құлағымда қалып қойыпты. Журналист-тілші үшін баспасөзге жазылу науқаны кезінде бұдан асқан асқақ сөз, бұдан артық құрмет бар ма еді!? «Егеменнің» елдегі өз адамы болғаны қандай жақсы! Қазақстанда 7000-ның үстінде ауыл бар екен. Шіркін, әр ауылдағы әр пошташы осы Құрманбектей болсайшы!..
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы,
Жуалы ауданы,
Т.Дүйсебайұлы ауылы