Әдебиет • 11 Желтоқсан, 2017

Таңдайдан тамған теңеуі

787 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Қазақ сөзін, әз ұяны былай қойғанда, қарт құрлықтың төріне шығарып, ұлт болмысын танытуда Абай биігін ұлттық ұстынға айналдыра білген, жұртымыздың өзі әлі де жабыла тани алмай, атын білсе де, затын жан-жақты зерделей алмай келе жатқан Абай хакімді қара жонда жатқан Құнанбай ауылынан алтындай қорытып, асылдай жарқыратып, әлемнің санагер жадына жеткізген Мұхтар Омарханұлына шынайы шәкірт болу екінің бірінің, егіздің сыңарының қолынан келе бермес. Ұлттық көркем ойдың көшін бастап, парасат патшалығының ордасына қазақ сөзін кіргізіп, ауыспалы дүниенің ауанын шетін шындықпен шегендей білген шебердің – ұлы Мұхтардың ұлындай болған Зейнолла Қабдолов туралы оның жүздеген шәкірттері қай кезде де «Менің Қабдоловым» деп айтуға қақылы. Айтты да, айтыла да береді. Біз де айтып көрелік. 

Таңдайдан тамған теңеуі

Ғазиз көретін, сұлу мінез, сұлу білім,

өнер иесі досым, інім Зейнолла!

Дос, аға көңілден тілейтінім – сенімен бірге жүру,

өзара бірге еңбектену...
Мұхтар Әуезовтің шәкіртіне берген баға-қолтаңбасы

Бір қызығы, Зекең туралы шәкірттерінің ортақ сөз үлгісі бір­дей. Санамалап келгенде, са­пасына бөлгенде, әрине, әрқай­сысының төбесі мен еңісі, толғаны мен кемісі бар шығар, бірақ ұстазға деген шәкірттік көңілде ала жаңбыр, алағай бұлт жоқ. Таза, тамыз аспанындай тұп-тұнық. Қазақ білімінің қара шаңырағында – Қазақ ұлттық университетінің сан алуан аудиторияларында Зекеңнің әрі жұмсақ, әрі бипаз, әрі күйпаз, әрі сырбаз, әрі сынпаз дауысы күні бүгінге дейін жезқоңыраудың жүрек тербер сазымен үндесіп, сыңғырлап тұрғандай болады. Қазақ әдебиеті кафедрасының есігін ашқанда төрде тұрған Зекең: «иә, кел, әңгімеңді айта ғой» дегендей саған жылышуақ танытқандай төрге шақырады. Елеңдеп, есік жаққа қайта-қайта қарағыштай бересің. Зекең жымия амандасып, жан жылуын жетелеп, сөз сәулесін себездеп кіріп келе жатқандай болады.

Алматының ол кездегі күзі Қыз Жібектің көшіндей еді-ау. Жан-жақтан келген көгенкөздер бас қостық. Сонда жоғары курс­тан жеткен сөз: «біздер сорлап қа­лыппыз. Әуезов жоқ, дүниеден өткен, енді оның қоңыр үнін ести алмайсыңдар. Бірақ біздер есесіне оның үздік шәкірті Зейнолла Қаб­­­доловтан дәріс алдық, соған да мар­хабат. Сендерге бұл бақыт та бұ­йырмайтын болды, Зейнолла ағай ғылыми жұмыспен ұзақ де­ма­лысқа кетіпті». Мектеп партасынан енді ғана көтерілген біз­дер бұл сөздің байыбына барып жарытпаған секілдіміз. «Е, мұғалім көп емес пе?» деген жұбанышты жамылып жүріп жаттық.

Жылдар жүгіре бастады. Жел­тоқсанның аяғына таман оқу ордасында дәстүрлі түрде өтіп тұратын Мұхтар Әуезовті еске алу кеші болады екен. Осыған да ептеп қа­тыса бастадық. Бипаз да сырбаз, аздап мақтана сөйлейтін, бі­рақ онысы нақты дерекпен дә­лелденгесін ешкім дау айта алмайтын Сұлтанғали Садырбаев аға­мыз – кештің тұрақты тізгін­қағары.

1969 жылдың аяғында, халық­тық ойдың қаранары Сәбит Мұқановпен кездесу болып, оны аққұба, қызылшырайлы, зерделеп сөйлеп, зейіндеп түйіндейтін бір ағай басқарды. Ол кісі Сәбеңді ертіп, төрге озғанда зал гулеп кетті. «Бұл кім?» деп абыр-сабыр болдық та қалдық. Сөйтсек, «бір көруге зар болып жүрген» Зекең – Зейнолла Қабдолов ағамыз осы кісі екен. Зекең төгіліп отыр. Сәбең жайдары, тақиялы басын шұлғып қойып, көңілдене тыңдайды.

Бір кезде залдың ортасына таман бір қол көтерілді. Сөз сұ­рап тұрған – журналистика факультетінің бірінші курс сту­денті Аманжол. Зекең байқап отыр, бірақ бірінші курстың сту­денті не айтар дейсің деп отыр ма, сөз бере қоймады. Сол кезде оны байқап отырған Сәбең: «ана балаға сөз берші, бірнәрсе айтқысы келіп тұр ғой» деді Зекеңе қарай еңсеріле бұрылып. Сөз берілді. Мінбеге келген Аманжол көп сөйле­ген жоқ, «Сәбе, сіз ақын емессіз, поэзияңыз нашар» деді дүңк еткізіп. Зал араның ұясына айналды. Зекең терлеп кетті. Бірақ Сәбең саспады. Асықпай басып мінбеге көтеріліп, сөз бастады. «Жаңағы балаға рен­жуге болмайды, айтқанына рах­мет, мен де оның жасында Абай­ды ақын емес деп едім» деді Сәбең жымия тұрып. Зал жадырап, күдік пен күмән бұлты ыдырап, көңіл аспаны шәйдай ашылды. Сол кезде Зекеңнің жүзі сәбидей нұрланып еді. Содан кейін оның Сәбең туралы сөзі Алатаудың ақша бұлтындай түйдектеліп, арты ақ жаңбырға ұласқан.

Үшінші курстамыз. Оң-со­лымызды танып, «адам болып» қалған кезіміз. Зекең елу студенттің ішінен он екі шәкіртін бөліп алып, «Өлең құрылысы» деген арнаулы курстан дәріс оқитын болды. Бұл топқа жазылу университетке түскеннен кем болған жоқ, конкурс қатты болды. Іліктік. Бір аптадан соң Зекең бізге ақындарды шүлен таратқандай таратып берді. Әркім қалаған ақынын алды. Арнайы тізім бойынша екі аптадан соң әрбіріміз алған ақындарымыз туралы баяндама жасайтын болдық. Айбергеновтен бастады, оны арал­дық досымыз алды. Бірінші баян­дама да сол болатын болып тізімделді. Күткен күн келді, бірақ баяндама дайын болмай шықты. Зекең ештеңе деген жоқ, аялы жанарын бір төңкере қарап, шығып кетті. Келесі аптада да баяндама дайын болмады.

Зекең бәрімізге ойлана қа­рап сәл тұрды да: «қарағым, за­чет­каңды әкел, мен сенен емес Төле­геннен ұялып отырмын, саған керегі баға болса, қойып берейін» деп оның сынақ кітапшасын алып, белгісін қойып берді де, «сен бара бер, енді саған әдебиет аудитория­сынан орын бола қоймас» деді шаршаңқы үнмен. Келесі баяндама топ старостасыныкі болатын. Тақырыбы – Махамбет поэзиясы. Ол жазғанын бас алмастан 45 минут оқыды. Оқулықтарда жазылған жайлар сол күйі оның қалың дәптеріне түскен екен. Зекең ойлы қалыпта тыңдады да отырды. Баяндама аяқталды. Зекең орнынан баяу көтеріліп, әдеттегідей аялы жанарын кең ашып, шола бір қарап: «паһ!» деді де, аудиториядан шығып жүре берді.

Бұл арнаулы курстың ең жақсы жағы, сол кезде атақтары аспандап тұрған Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Қадыр Мырзалиев, Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиенбаев се­кілді ақындар өздері туралы баян­дама жасалғанда келіп, тыңдап отыратын, сұрақтарға жауап бе­ре­­тін, жаңа өлеңдерін оқитын. Әсіресе Мұқағали аңқылдап сөй­леп, саңқылдап жыр оқитын. Әліміз келгенше талдап, таразылап, біз де бой көрсетіп қалатынбыз. Дә­ріс қызықты, мазмұнды, мәнді өте­тін. Бұл да ұстаздың әдебиетті қа­дірлеп, жас толқынға жақсылап жеткізуінің бір парасы екен.

Менің тақырыбым – Жұмекен Нәжімеденов поэзиясы. Жазып шықтым. Кезегім келгенде баяндама жасадым. Баяндамаға бірнеше күн қалғанда кафедраға барып, Зекең сәлем беріп, Жұмекенді ша­қырсаңыз деп өтіндім. Зекең менің бас-аяғыма көз тоқтата қарап: «қойшы сол Жұмекенді, өлеңді ке­лістіріп жазғанмен, келістіріп оқи алмайды, бұққан торғайдай болып, күмілжіп тұрғаны» деп қысқа қайырды. Ұнатпайды екен ғой деп ойладым. Баяндамамды тыңдап болып, «сен Сырбайға бар (Мәуленов), мен телефон соғып қоямын, «Жұлдызға» бастырайық, дұрыс екен» деді мейірбаян үнмен. Содан кейін Жұмекен поэзиясы туралы ағылып келіп сөйледі дейсің. Теңеуі де, образы да, ойы да, айсбергтей қалқыған сөз тіркестері де, сөзбен салған суреттері де, тапқыр тіркестері мен танымды тропалары да, желең қарағанда жеткізбес жұмбақтары да Зекеңнің талдауын­да ауызша баяндама болып, құйылып түсті. Зекең Жұ­ме­кенді жақсы көреді екен деп қуан­дым. Өзі көбіне қайталап айта бе­ретін «ұстаздық – ұлы нәрсе» осы ма екен?

Филология факультетінде бізге «Қазақ тілінің грамматика­сы» пә­нінен Орынбасар Төлегенов деген ұстаз сабақ берді. «Төле­геновтен өтсеңдер онда болды, уни­верситетті ойдағыдай бітірдім дей беріңдер» деген сөз болатын. Біз ұлт ұстазы атанған Ахмет Бай­тұрсыновтың атын ең алғаш осы Орынбасар ағайдан естідік. Қазақ тілінің грамматикасы атты пәннен лекция оқып тұрып, бір күні: «сендер білесіңдер ме, бастауыштан бастап баяндауышқа дейін, зат есімнен бастап сан есімге дейін, жұрнақ пен жалғау, қосымша мен есімшеге дейінгі атауларды та­уып, атап, тіл білімінің айналысына енгізген Ахмет Байтұрсынов деген ғалым, оның 1912 жылы «Тіл – құрал» деген оқулығы шыққан» деп жүзі күреңіте ойланып қалып, сонан соң түсі әлдебір реңге құ­былып: «ол халық жауы болатын» деп қосып қоятын. Тіл біліміне қатысты жүздеген терминдер мен атауларды жіктеп, талдап, қол­данылу процесін жүйелеген мұндай еңбектің авторын залым сая­­сат қалай тірі қойсын. Орын­басар ағай «ол халық жауы болатын» деп немістің оғы шауып, қиылып түскен үш саусағын жо­ғары сілтеп, осылар не ойлап отыр екен деп бетімізге барлай қа­райтын. Сол кісі ұстаз Зекеңді қат­­ты құрметтейтін. Әдебиеттану са­ласында оны сәтті төңкеріс жа­саған ғалым деп жиі айтатын.

Ал Тіл білімінде төңкеріс жа­саған сол Ахаңның ізгілік ізін сөз өнерінде өзіндік білімпаздықпен, жоғары талғаммен, аса тауып ай­тылған атаулармен, талантты терминдермен, көңіліңе қона кететін тіркестермен, тапқырлығына таң­дай қағатын сөздермен берген және оның бәрін дәлдеп, дәмдеп, мә­нерлеп-сәндеп берген Зейнолла Қабдоловтың «Сөз өнері» оқулығы әдебиеттану ғылымындағы, оның теориясы мен практикасын жаңаша жаңғыртудағы соны сүрлеу, жаңа жол болатын. Қазақ сөз өнеріне ақын болып келіп, ақжармалық танытқан, «қасы бар қарлығаштың қанатындай» деген әдемі теңеуі әдеби рекорд болып, ұзақ жылдар ақындарға алғызбай тұрған, сұлу мінезі мен сұлу білімі ұлы Мұхаңның назарын аударып, өзінен отыз жастай кіші шәкіртіне дос болып тіл қатқызған не нәрсе еді? Бір ауыз сөзбен айта алсақ – оның ерекше таланты, ерен білімі мен білігі, ел мойындап үлгі еткен әдеби-адами әдебі, оқулық тілімен айтқанда, эстетикалық-этикалық болмысын ашып тұратын мархабатшыл мінезі.

Зекең «Сөз өнеріне» барар сәтте оқу орындарының тіл-әдебиет бөлімдерінде академик Қажым Жұмалиев ағамыздың «Әдебиет теориясы» деген жұқалтаңдау оқулығы қолдан-қолға өтіп жү­ретін. «Сөз өнері» оқулығы руха­ни-мәдени жаңғырудың нақ өзі болатын. Сөз жаңғырса, сана жаңғырады, сана жаңғырса бәрі жаңғырады. Қабдолов еңбегі са­наға сәуле түсіріп, әдебиет де­ген алып айдынның алыс жа­ға­лауы бар екенін қапысыз көр­сетті. Көркем прозаның жалына қа­лам артқанда «Ұшқыны» мен «Жалыны» тілі төгілген, өмір­мен өрілген биіктен көрінді. Жа­зу­шылықты, ғалымдықты, ұс­таздықты – айтулы үштағанды ұстап тұрған тін – ақындық. Дертке емес, ділге айналған дара тіл. Жүрек мартенінде қайнаған дарын осы екеуінің өрімін домбыраның қос ішегіндей жұптаумен өтті. Оның бекзат мінезі мен жан дү­ние­сінің іңкәр сұлулығы тіпті кез келген қара мақаласының өзінде, тұра қалып айтқан сөзінде Қаб­долов көкірегінен шыққанын көр­сетіп, сәйгүліктей сылаң қағып, сыңғырлап тұратын.

Әдебиеттің үш ұстыны бар: теориясы, тарихы және сыны. Осы­ның ғылыми өрістегі ең күр­­­делісі – әдебиет теориясы. Зе­кең әдебиеттің үш ұстынында да өз биігіне шыққан және ол биік­тіктерді басқаға бере салмайтын жан еді. Әсіресе әдебиет сыны мен теориясын қатар алып жүргені ерек­­ше сөз етуге тұрарлық. Өзі қа­лыптаған әдеби терминдер мен тропалардың тоқсан баулы тармағы сын жазғанда «сылдырап өңкей келісімді» түзіп, журналистік жанрдағы жазғандарының өзі жұ­тынып, жұтылып тұратын. «Біз Ғабит Мүсіреповті мақтамаймыз, Ғабит Мүсіреповпен мақтанамыз» деген қанатты сөзінен бастап қа­­­­зы­налы көшін жалғаған образды тіркестерін өзінің рухына қа­ратып айтсақ, біз де Зейнолла Қабдоловты мақтап қана қойған жоқпыз, біз Зейнолла Қабдоловпен мақтандық». Өкініштісі, осыны көбіміз көзі тірісінде айта алдық па?

Өзі жиі айтатын және аса қат­ты мән беретін шеберлік деген сөз оның сөйлеген сөзінде, оқы­ған лекциясында, жазған мақа­ласында, аударған дүниесінде, біреуге жолдаған хатында, берген сұх­батында, тіпті той үстіндегі тілегінде өзгеге ұқсамай, өзегін ашып үлбіреп, өрісін көрсетіп үлгі боп тұратын. Айтқыштығы мен аң­ғарымпаздығы, тапқырлығы мен сөз саптауы да ешкімге ұқ­сай бермейтін Зекеңнің Евней Бөкетов туралы «Селен мен өлең» атты мақаласында өзі жазғандай, «Әдебиет – адамның ары мен ажары, әдебиетті оқу – сананы са­рабдал ақыл мен ойға кенелту, кеудені уыздай дірілдеген тап-таза ұятқа толтыру, қиялға қанат байлау, қияға құлаш ұру, алға – асыл мұратқа ұмтылу» деп төгіледі. Қарап отырсаң досына берген ба­ғасы өзіне де құйып қойғандай келіп тұрған жоқ па! Осыны оқығанда әдебиетші болғаныңа мақтанасың.

Айтқыштық, шешендік қай­дан келеді? Әуелі ол тектен туады. Білім мен білік жиналғанда көптен туады. Асқан зеректік пен зерделілік ұласқанда көктен туа­ды. Ащы сөз кектен туады. Ал Зекең айтқан сөздің бәрі тұщы, жаныңның ақ жаңбыры секілді жүректің жазирасын суландырып, көңілді нұрландырып тұрады. Ол сөздің сұлуын тапқан суреткер болатын. Сұлу ғұмыр кешкен жан еді. Жұбайлық ғұмырында да Сәуле апай екеуінің жарасымы жұртты баурап, жақсы үлгімен көрінумен өтті.

Зекең ақын еді. Сыпыра ақын емес, сұңғыла ақын еді. Сөздің дәмі таңдайына татыған ақын еді. Маңдайына бақ қонған ақын еді. Сондықтан оның қара сөзі өлеңдей өрілетін, мақаласы жыр болып төгілетін, сыны сыр болып көрінетін. Фердоусидің қырық мың жолдық «Шахнамасын» түпнұсқадан қазақша төгілтіп, төл дүниедей түзген шандоз шайыр Тұрмағамбеттің: «Талжібектей таза сөз еш жеріңді жырмайды» деген сөзі еске түседі. Дәл осы айтылғандай, Зекеңнің талжібектей таза сөздері жаныңды желпіп, сезіміңді шертіп, бүр жарып бөртіп тұратын.

Әлем әдебиетінде «ақындар өлеңді өзі үшін жазады, драматургтер көрермен үшін жазады» деген тіркес бар. Бұл пікірмен Абай атам келіспейді, Абайды пір тұтатын Мұхаң да келіспейді, Мұ­хаңның шынайы шәкірті Зекең тіпті келіспейді. Оның әрбір айтқан сөзі, жазған мақаласынан бастап күллі ғылыми еңбектері адамды сұлулық пен іңкәрлікке, адалдық пен құштарлыққа, ізгілік пен игілікке үндейді. Ол не жазса да, өзі үшін жазған жоқ, елі үшін, елінің ертеңі үшін жазды. Сондықтан қаламгерлік мұратын халықтық мұратқа ұластырған Зекеңнің соңында қалған бай мұрасы – халқына қалтқысыз қызмет етудің мәртебелі мысалы.

Таңдайынан тамып түскен теңеуінің өзі туған елінің мәдени мұрасына мәңгілік үлес қосқан Ұстаздың туғанына 90 жыл тол­ғанда көкейге келген шәкірттік сөз осы еді. Рухы шат болсын!

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты