Қазақстан • 12 Желтоқсан, 2017

«Қазақстан даму банкі» еурооблигация шығарды

384 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қазақстан даму банкі» АҚ 100 мил­лиард теңге көлемінде теңгеге деноминацияланған еурообли­га­циялардың дебюттік шығарылымын жүзеге асырды. Бұл туралы ак­ционерлік қоғамның басқарма төрағасы Болат Жәмішев арнайы ұйымдастырылған брифингте хабарлады. 

«Қазақстан даму банкі» еурооблигация шығарды

– Біз бұл келісімшартты дебюттік деп отырмыз, себебі теңгеге деноминацияланған еурооблигацияларды шығару банк үшін шын мәнінде тырнақалды қадам болып отыр,– деді Болат Жәмішев.

Оның айтуынша, құнды қағаздардың айналымда болу мерзімі 3 жылды құрайды. Өтеу мерзімі 2020 жылдың 14 қыркүйегіне белгіленген. Оның есеп айырысу мәмілесі ағымдағы жылдың 14 желтоқсанында жүргізілмек. Өтелуіне қарай кірістілігі 9,625 пайызды құрайды.

– Үш жылдық облигациялар бойынша 9,625 пайыздық мөлшерлеме біздің өз еліміздегі мүмкіндіктен төмен,– деді «Қазақстан даму банкі» АҚ басқарма төрағасы.

Банк ұсынып отырған бондтарды орналастыру географиясы бірнеше мемлекетті қамтиды. Атап айтқанда, Ұлыбританияда шығарылым көлемі 63 пайызды, АҚШ-тағы үлес 21 пайызды, Германияда 8 пайызды, басқа да Еуропа елдеріндегі шығарылым көлемі 6 пайызды құрайды.

Болат Жәмішев айтып өткендей, инвесторлардың қатары біршама кең. Басым бөлігі инвестициялық активтерді басқаратын 29 инвестор бар.  Бағалы қағаздардың эмиссия көлемінің 97 пайызын активтерді басқару қорлары, 2 пайызын хедж-қорлар, 1 пайызын банктер алатын болады.

«Бәйтерек» холдингінің еншілесі «ҚБД» ел экономикасының шикізат емес және инфрақұрылым секторын жаңғырту мен дамыту жұмыстарымен айналысатынын айта кетейік. Акционерлік қоғам экономикаға ішкі және сыртқы инвестиция тарту, өндірістік инфрақұрылым мен өңдеу өнеркәсібін дамыту сынды бағыттарға басымдық береді.

Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»