Аталған жаңғыртуларды құқықтық рәсімдеу еліміздің Негізгі Заңына және соның салдарынан келесі конституциялық заңдар жиынтығына түзетулер енгізуден басталды: Президент, Парламент және оның депутаттарының мәртебесі, Үкімет, Конституциялық Кеңес, Тұңғыш Президент – Елбасы, Қазақстан Республикасындағы сайлау, Республикалық референдум, Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы, сондай-ақ Прокуратура туралы жаңа заң қабылданды. Ел Президенті айтқандай, «конституциялық реформа билік тармақтарының нақты арақатынасын анықтап берді».
Қазақстанның экономикасын жаңғыртуда Елбасымыз бірінші басымдықты – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуына берді. Оның ішінде мемлекетімізді цифрлы елге айналдыруға баса көңіл аударылған болатын. Осы бағыттағы басты қадамдардың бірі – осы жыл соңында Парламенттің ақпарат және коммуникация мәселелері туралы заңды қабылдауы болады. Ол «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын табысты жүзеге асыру үшін заңнамалық негізді құрайды. Ұлт жоспарында айтылған ақпараттық қоғамды дамыту бойынша нақты міндеттерді шеше отырып, жаңа заңда ақпараттық қауіпсіздік, соның ішінде «Қазақстанның киберқалқанын» құру мәселелері де ескеріледі.
Жолдауда айтылған тағы бір мәселе «Қазақстан шетел инвестицияларын тартуда көшбасшылығын сақтап қалуы тиіс» және «еліміздің экономикасына қаржылық ресурстарды тартуда «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) маңызды рөл атқаруға тиіс», оның қызметінің заңнамалық негіздерін жетілдіру жолында депутаттар Үкіметпен бірге ауқымды жұмыс атқаруда. Сонымен биыл жыл бойы АХҚО-ны қаржыландыру көздері, оның органдарының құрылымы мен өкілеттігі, АХҚО сотының судьяларын тағайындау тәртібі анықталды.
Сонымен қатар Президент экономикамыздың тұрақты өсімі үшін еліміздің кен-металлургиялық және мұнай-газ кешендерінің стратегиялық маңызын сақтау бойынша міндеттерді де алға қойды. Осы жағдайға байланысты Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы жаңа кодекстің қабылдану қажеттілігі туды. Ол пайдалы қазбалардың қоры бойынша халықаралық стандарттар есебін енгізуді, жер қойнауын пайдалануға келісім жасау әдісін жеңілдетуді, геологиялық ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етуді, жер қойнауын пайдалану салдарын жою тәртібін жетілдіруді көздейді. Жаңа кодексте ұсынылған өзгерістерді жүзеге асыру жер қойнауын пайдалану саласында минералды-шикізаттық базаны толтыруға және инвестициялық климатты жақсартуға мүмкіндік береді.
Энергиямен қамтамасыз ететін компанияларды ірілендіруге бағытталған, электр энергетикасы мәселелері туралы қабылданған заң, өз кезегінде энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыруға және электр энергиясын тарату шығындарын азайтуға жағдай туғызады. Бұл заңның маңызды тұсы, иесіз қалған электр жүйелері және шаруашылық жүргізу құқығы немесе мемлекеттік заңды тұлғалардың жедел басқару құқығындағы электр жүйелеріндегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған нормалар болып табылады. Аталған жүйе категорияларын энергиямен қамтамасыз етуші компаниялардың балансына беру, оларға тиісті күтім жасалуына және сапалы қызмет көрсетуіне септігін тигізеді.
Шағын және орта бизнестегі әкімшілік жүктемені төмендету мақсатында Экологиялық кодексте қоршаған ортаға айтарлықтай әсерін тигізбейтін және жұртшылықтың қызығушылығын тудырмайтын нысандар бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізу міндетін анықтайтын нормаларды алып тастау ұсынылды.
Мемлекетіміздің «Еліміздің қаржы секторын «қайта жүктеуге», банк секторын қалпына келтіруге және «Doing Business» рейтингінде Қазақстанның орнын жақсартуға бағытталған заңнамалық базасына да түзетулер енгізілді.
Биыл Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа Кеден кодексіне сәйкес болу үшін «Қазақстан Республикасында кедендік реттеу туралы» жаңа кодексі де қабылданады. Аталған заңнамалық актінің новеллалары: электронды кедендік декларациялау басымдылығы, кеден декларациясын тіркеумен байланысты кедендік операцияларды орындау және кеден органдарының ақпараттық жүйелерімен тауарларды автоматты түрде шығару мүмкіндігі; сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға тауарды кедендік декларациялау кезінде кедендік баждар бойынша төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу қызметтерін көрсету кезіндегі ережелердің жетілдірілуі; ауызша жауап алу, кедендік бақылау, тауардың маркасын тексеру, кедендік бақылаудағы тауарларды есептеу, сондай-ақ тауарды есептеу жүйесі мен олар бойынша есеп беруді тексеру сынды формаларды жою жолымен кедендік бақылау формаларын азайту болып табылады.
Осы жылы қабылданғалы жатқан жаңа Салық кодексі Мемлекет басшысының Жолдауларында айтылған тиімсіз салық жеңілдіктерін жою, салық режімдерін оңтайландыру, салық-бюджет саясатын жаңа экономикалық шынайылыққа алып келу, бизнесті көлеңкеден шығуға ынталандыру, шикізаттық емес салада салық базасын кеңейту, салық әкімшілігін жақсарту, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың салық салу жүйесін жетілдіру және инвестициялық басым жобаларды жүзеге асыратын ұйымдарды салыққа ынталандыру механизмін жетілдіру міндеттерін жүзеге асыруға бағытталған.
2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет те Парламент депутаттарымен еліміздің Президентінің тапсырмасын орындау қажеттілігін есепке ала отырып бекітілді. Мәселен қаржы тиімсіз бағдарламалардан үшінші жаңғырудағы міндеттерді жүзеге асыруды қамтамасыз ететін бюджеттік бағдарламаларға қайта бөлініп берілді. Бұдан басқа тиісті заңдармен 2020 жылға дейін республикалық бюджетке Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферт көлемі кезең-кезеңмен 2 трлн теңгеге дейін қысқарады, қаржыны шынайы экономикаға айтарлықтай жылдам әрі тиімді жеткізу мақсатында бюджеттік рәсімдер жеңілдейді, квазимемлекеттік сектордың сыртқы және ішкі қарыздарын мониторингілеу және бақылау бойынша шаралар күшейеді.
Сонымен қатар жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша заң қабылданды, ол аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауыл аймақтары деңгейінде өз бюджеттерін кезең-кезеңмен енгізуге және жергілікті өзін-өзі басқаруда коммуналдық меншік институтын енгізуге, тиісінше жергілікті өзін-өзі басқару органдарының бюджет процесіндегі және жергілікті өзін-өзі басқаруда коммуналдық меншікті игерудегі өкілеттіктерін одан әрі кеңейтуге мүмкіндік береді.
Коллекторлық қызмет туралы жаңа заңның қабылдануы нәтижесінде коллекторлық агенттіктердің қызметтері үшін құқықтық алаң құрылды. Бұл өз кезегінде өз істеріне немқұрайлы қарайтын коллекторлық агенттіктердің борышкерлерге қысым жасауын шектеп, борышкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді.
Елбасы Жолдауларында агроөнеркәсіптік кешендерді дамытуға әрқашан да баса назар аударылады. Еліміздің Үкіметі Парламенттің қарауына тиісті заң жобасын енгізді. Сонымен бірге «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауда отарлы мал шаруашылығын дамыту және жаңа ғылыми, техникалық, басқарушылық жетістіктердің есебімен отандық мал шаруашылығындағы дәстүрлерді жаңғырту қажеттілігі көрсетілген еді. Осы орайда депутаттардың бастамасымен енгізілген, сосын қабылданған «Жайылымдар туралы» дербес заңы уақтылы болды. Бұл ауыл шаруашылығына берілген жерлерді тиімді пайдалануға, ауылдық елді мекендердің жанындағы жайылымдық жерлердің жағдайын жақсартуға, жайылымдық экожүйенің әрі қарай құлдырау барысын тоқтатуға, тұрақты азық базасын құру үшін отарлы жайылым жерлерін қолдану мүмкіндігін арттыруға және мал шаруашылығында экологиялық органикалық өнім алуға мүмкіндік береді.
Елбасы Жолдауындағы төртінші басымдық «адами капиталдың сапасын жақсарту» міндетін орындау мақсатында осы жылдың маусым айында бірқатар заңдарға түзетулер енгізілді. Түзетулерге сәйкес, зейнет жасындағы азаматтардың өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатында әлеуметтік және зейнеткерлік заңнамаларды жетілдіру, сондай-ақ аз қамтылған азаматтар санатына және балалары бар отбасыларға қолдау көрсету шараларын күшейту көзделген.
Сонымен жоғарыда аталған новеллалардың арқасында осы жылдың 1 шілдесінен: жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдарына байланысты зейнетақы төлемінің және мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің көлемі, бала тууына байланысты бір жолғы мемлекеттік жәрдемақы көлемі 20%-ға көтерілді. Сонымен қатар жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу мерзімі 2018 жылдан 2020 жылға дейін ауыстырылды.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жағдайында тұрғындарға медициналық көмек керсетуді жетілдіруге бағытталған тағы бір қабылданған заңда, басқа да мәселелермен қатар: төлеушілердің жаңа категориясын және олар үшін жарнаны мемлекет төлейтін тұлғалар категориясын енгізу, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде және кепілдік берілген тегін медициналық көмек жүйесінде елді мекендерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысын ұйымдастыру, әскери қызметкерлерге, құқық қорғау органдарының және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне медициналық көмек көрсету тәртібі регламенттелген.
Елбасының Жолдауын жүзеге асыру биылғы жылғы бюджеттің де нақтылануын талап етті, оның ішінде келесі басымдықтарға шығыстар бөлігінде: экономиканы жедел технологиялық жаңғырту (соның ішінде, республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарды дамытуға, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасын жүзеге асыруға); бизнес-ортаны түбегейлі жақсартуға және кеңейтуге (мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және нормативтік-техникалық құжаттарды жетілдіру); макроэкономикалық тұрақтылыққа; адами капиталдың сапасын жақсартуға; үш тілді білім беруге кезең-кезеңмен ауысуға; институттық түрлендіруге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске баса назар аударылған.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Жолдауында әкімшілік заңнаманы ізгілендіру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Бұдан басқа, Президент кейінірек әкімшілік айыппұлдарды күшейтуді емес, салалық заңнаманың алдын алу әлеуетін барынша ұлғайту қажеттілігі турасында да айтқан еді. Бұл тапсырмалар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне бірқатар нормаларды енгізу арқылы жүзеге асырылды. Атап айтсақ, әкімшілік айыппұл сомасы орта есеппен 30%-ға дейін қысқартылды, ескертумен шектелу сынды әкімшілік жазалау түрлерін қолдану, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарастыратын соттардың, органдардың (қызметтік тұлғаның) міндеттері айыпты ауырлататын жағдайлар болмаған кезде ескерту қолдану мүмкіндігімен кеңейтілді, жүзеге асыруға берілген бүкіл рұқсат құжаттарын емес, тек қызметтердің жеке түрлерін немесе тармағының қызметін тоқтату немесе айыру туралы нормалар қосылды.
Ізгілендіру мәселесі тек әкімшілік қылмыспен шектелмей, бірқатар Қылмыстық құқық бұзушылықтарды ізгілендіру мақсатында кәсіпкерлік саласындағы құқық бұзушылықтарға санкциялар төмендетілді және қоғамдық қаупі жоғары емес дәрежедегі экономикалық құқық бұзушылықтар қылмыс деп танылмайтын болды. Оның ішінде жалған кәсіпкерлік үшін қылмыстық жауапкершілік алынып тасталды.
Сондай-ақ құқық қорғау жүйесін жаңғыртуға, қылмыстық және қылмыстық процестік заңнамаларды жетілдіруге бағытталған заңдар қабылданды. Көріп отырғандай, заң шығарушы процестің негізгі субъектілері Үкімет пен Парламенттің қызметі біріншіден Мемлекет басшысының Жолдауларын жүзеге асыру аясында дер кезінде заңдарды қабылдауға бағытталған. Бұл қажырлы және орасан зор жұмыстың басты мақсаты – әрбір қазақстандық өзін мемлекеттің қамқорлығында екенін сезінуі.
Қайрат НҰРПЕЙІСОВ,
Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасы Парламентіндегі өкілдігінің басшысы