«Стандарттар құзыреттілік тәсіліне негізделген, соған сәйкес оқу бағдарламалары өзгерді: міндетті меңгерілуі тиіс белгіленген оқу материалынан емес, күтілетін нәтижеге қарай әрекет жасаймыз» деген сөйлемнен-ақ нұсқаудың өзгеріс, жаңғырту ерекшеліктерін талдау бағыты түсініксіз екені байқалады. Оқыту үдерісіндегі күтілетін нәтиже білім, білік, іскерлік пен дағды екендігі ескерілмеген. Сондай-ақ бұрынғы бағдарламаның кемшілігін көрсетеді. Яғни «оқытудың мазмұны мен көлемін анықтау тек теориялық білім беруге арналады да, сол білімді меңгерудегі білік, іскерлік, дағдылардың мазмұны нақтыланбайды» деген ой айтылған. Бұл пікірден оқытудың негізін пәндік ғылым, білім құрайтынын мойындайтынын аңғаруға болады. Бірақ стандарт та, бағдарлама да, оқулық та пәндік білім негіздерін игеруді көздейтіні ескерілмеген. «Білім алушылар пәндік сапалы, дәйекті білім алды, бірақ оларды өмірлік жағдаяттарда қолдану дағдылары жоқ» дегені шындыққа жанаса бермейді.
2012 жылы бекітілген оқу стандарты бойынша «Қазақ тілін оқыту пәні» білім негіздерін игерудегі тілдік білім бастауышта тілдік түсінік, 5-сыныпта лексика, фонетика, 6-сыныпта сөз таптары, 7-сыныпта сөзжасам, 8-сыныпта синтаксис, 9-сыныпта стилистика, 10-сыныпта тіл мәдениеті, 11-сыныпта шешендік өнер бағытында берілген. Бұрынғы стандарт осы білім мен біліктілікті игертуді дидактиканың ұстанымдары бойынша анықтайды. Мысалы, оқыту үдерісінің мақсаты – білім, білік, іскерлік пен дағды қалыптастыру. Сондықтан білім мазмұны мен көлемімен бірге берілетін білік пен іскерлік, дағдылар да анықталды.
Қазір тіл білімінде жұмсалымдық бағыттағы әдістемелік зерттеу көбейді. Бұрынғыдай тілдің тұлғалық жағына баса назар аударып, тілдік құралдарды сипаттап, жүйелеу жеткіліксіз болып қалды. Тілдің табиғатын толық ашу үшін сипаттап, жүйелеумен қатар әрекет ету, жұмсалу, қолдану бағытын да қарастыру қажет болды. Ал тілдің қолданылуы – сөйлеу, қатысымдық әрекет. Білім беру жүйесі жаңа бағдарламада өзгертіліп, нұсқау жаңа стандартты басшылыққа алған. Мәселен, стандартта «Міндетті оқу пәндері бойынша оқытудан күтілетін нәтижелер жалпы орта білім берудің базалық мазмұнын анықтау үшін негіз болады. Жалпы орта білім берудің оқу бағдарламаларында оқытудан күтілетін нәтижелер әрбір оқу пәнінің бөлімдері бойынша оқыту мақсаттарымен нақтыланды» деп тұжырымдалған.
Стандартта «тыңдалым және айтылым» бойынша білім алушы сөйлеу тәртібінің, бағалаудың ашық және жасырын берілген түрлерін талдай отырып, тілдесу және стильдік қатыстылығы бар түрлі саладағы мәтіндерді түсінеді. Дайындалған және дайындалмаған монологтік және диалогтік, оның ішінде көпшілік алдында тілдесу жағдайында коммуникацияның түрлі мақсатына қол жеткізеді, тыңдаушыларға әсер етуге талпына отырып, сөйлеу тәртібінің тактикасын іске асырады, көзқарасын білдіре отырып, тыңдалған мәтіндегі ақпаратты талдайды және сыни тұрғыдан бағалайды, мәтіннің мазмұнын болжайды, стилистикалық дифференцияны есепке ала отырып, тілдік бірліктерді қолдану құрылымы мен нормаларын сақтайды деп анықталған. Сол сияқты оқылым, жазылым бөлімдерінде осылайша білім мен іскерлік, дағдыларды аралас тәртіппен көрсетіп, жүйесіз берген. Оқытудың ғылыми негізі стандартта сөйлеу түрлері бойынша икемділік пен дағдыларын дамыту ғана талап етіледі. Яғни пәндік ғылым негіздерін бөліп қарастырмайды, сөйлеу түрлері тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым әрекеттерінде лингвистикалық білім, білік, икемділік, дағдылар ескерілмеген. Сонда білімсіз оқыту, әсіресе қазақ тілі пәні бойынша тіл білімі негіздері арқылы білім, білік қалыптастырылмаса, онда «білім деңгейі жоғары, ой-өрісі дамыған тұлға қалыптастыру» деген мақсат қалай орындалмақшы?..
Бағдарламада оқыту мазмұнына өзгерістер енгізілген екен. Бұл «функциялық сауаттылық, оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, ғылыми-жаратылыс сауаттылығы» бойынша негізделген. Егер бағдарламадағы әр пәннің тақырыбы бойынша білім мазмұны мен көлемі дұрыс нақтыланбаса, сауаттылығы ғылыми білімге негізделмесе, оқытудың негізгі нәтижесі болып табылатын білік, іскерлік, дағды қалыптастыру нәтижесі де күмәнді деуге болады. Сондай-ақ бағдарлама «Қазақ тілі» пәнін оқытудың негізгі міндеттерін анықтайды. Қазақ тілін ана тілі ретінде тани отырып, өмірлік қажеттіліктерінде коммуникативтік әрекеттер түрінде (тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым) сауаттылыққа қолдану деп түсіндіреді. Бұл оқыту бағыты ма, әлде әдістемелік бағыт па, түсіну қиын. «Тіл сауаттылығы мен сөйлеу сауаттылығын, сөз байлығын басқалармен еркін қарым-қатынасқа түсу» деген сөйлемді де түсініп болмайды.
Біріншіден, сөйлем дұрыс құрылмаған, екіншіден, «тіл сауаттылығы» мен «сөйлеу сауаттылығының» білік, дағдылары белгісіз, қарым-қатынас жасаудағы тілдік бірліктер туралы білім қолданылмаған. «Көркем мәтін және жай мәтіндерге мақсатқа сай қорытынды жасау, синтез, анализ жасау дағдыларын қалыптастыру» сөйлемі де қазақ тілінің ұғымына сай келмейді. Мәтін теориясында «көркем мәтін» мен «жай мәтін» түсінігі жоқ. Мәтіннің стильдік түрлерін ауызекі сөйлеу, стиль, публицистикалық стиль, көркем әдебиет тілінің стилі, іс-қағаздар стилі деген түрлері бар және мәтіннің тілін хабарлау, баяндау, сипаттау деп те ажыратады. Ал бағдарламадағы оқытуға ұсынылатын тілдік материалдар оған сай емес. Сондықтан мәтін туралы талап орынды емес.
Тұжырымдағанда, бағдарламаға орай мұғалімдер оқыту үдерісіндегі оқыту-оқу әрекеттерін, әдіс-тәсілдер мен сабақ түрлерін қолдану туралы тәуір жоспар жасай алмайды. Өйткені бағдарлама оқытудағы нәтижеге жету амалдары мен әдіс-тәсілдерін, білім берудегі біліктілік, икемділік, дағдыларды анықтап бере алмаған. Ал бұл мұғалімге оқыту үдерісін сапалы жүргізу тұрмақ, қарапайым оқытуды ұйымдастыруға да жарамайды.
Амангелді ЖАПБАРОВ,
педагогика ғылымдарының докторы, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры
ШЫМКЕНТ