Қауіпсіздік Кеңесі қандай ұйым?
Қауіпсіздік Кеңесінің міндеті – әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, бітімгерлік миссиясын атқару, халықаралық санкциялар салу және ҚК қарарлары арқылы әскери іс-қимыл мәселелерін шешу. Кеңес БҰҰ құрамындағы негізгі алты мекеменің бірі саналады. Қауіпсіздік Кеңесі БҰҰ-ға мүше басқа мемлекеттердің орындауы міндетті шешім шығаруға құқылы. Іргелі ұйымға мүше болған ел өзінің бастамаларын ұсынуға және мүддесін қорғауға, маңызды деп санаған мәселелерге әлемнің назарын аудартуға мүмкіндігі бар. Қысқаша айтқанда, Қауіпсіздік Кеңесі – өз ұстанымының өзектілігін дәлелдеуге арналған бірегей алаң. Сондықтан аталған Кеңеске мүшелікке сайлану абыройлы міндет.
Жалпы, ҚК күн тәртібіне негізінен Палестина-Израиль қақтығысы, Ирактағы, Йемендегі, Ливандағы және тұтастай Таяу Шығыс проблемасы енген. Бұдан бөлек, КХДР-дың атом бомбасын сынақтан өткізуі мен ядролық қаруды таратпау проблемасы да өткір болып отыр. Дегенмен, БҰҰ ҚК-нің бүгіндегі күн тәртібін қамтитын мәселелердің үштен екісіне жуығы Африкадағы қақтығыстарға арналған. Құрлықтағы бірқатар мемлекеттегі ұзақ мерзімге созылған, шиеленіскен қақтығыстар жиі талқыланады. Ондағы жағдайға арналған отырыстар айына бірнеше рет өтіп, бірқатар құжаттар келісіліп, уақытқа созылған консультациялар өтеді.
Қауіпсіздік Кеңесі жұмысының тағы бір парасы – Ауғанстанға арналған. Африкадағы дамушы елдердің мәселелері Ауғанстандағы жағдайға ұқсас. Екі аймақта да халықаралық терроризмге қарсы күрес, тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу, гуманитарлық көмек көрсету, жұмыс орындарын құру, климаттың өзгеруімен күрес және басқа да көптеген мәселелер туралы сөз болады. Мәселен, биылғы 17 наурызда Қауіпсіздік Кеңесі Ауғанстандағы террористік ұйымдардан келетін қауіп-қатер жөніндегі №2344 қарарын қабылдаған болатын. Айта кету керек, Ауғанстан мәселесі – Қазақстан басымдық беретін бағыттардың бірі.
Қауіпсіздік Кеңесі халықаралық террористер тізіміне енетіндерді анықтап, оларға санкция салып отырады. Кеңес комитеттерінің 1267 және 1988 санкциялар режімі лаңкестік құрылымдардың қызметіне байланысты жеке, заңды тұлғалар және ұйымдарға қатысты жол жүру, активтерге тыйым салу, сондай-ақ қару-жарақ эмбаргосына тыйым салуды көздейді. Оның үстіне, жеке және заңды тұлғалар мен ұйымдарды террорист деп тану үшін Қауіпсіздік Кеңесі құрамындағы мемлекеттердің келісімі керек. Алда-жалда Кеңестің тұрақты мүшесі оған вето қойса, олар террорист ретінде танылмайды. Мәселен, таяуда АҚШ, Франция және Ұлыбритания «Джаиш Мохаммед» лаңкестік тобының басшысы Азхар Масудты халықаралық террорист ретінде тануға ұсыныс білдірген. Алайда Қытай Кеңестің тұрақты мүшесі ретінде оған вето қойды. Нәтижесінде, Үндістандағы бірқатар террорлық әрекетті ұйымдастырды деп есептелетін Азхар Масуд тағы да «қара тізімге» енбей қалды.
Қазақстан бастамалары
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қауіпсіздік Кеңесіне жолдаған саяси Үндеуі Қазақстан бастамаларының негізі ретінде алынған. Онда Елбасы БҰҰ-ның 100 жылдық мерейтойына орай ядролық қарусыз әлем құру мақсатында халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, сондай-ақ бейбітшілік, қауіпсіздік және даму арасындағы ажырамас байланысты қамтамасыз ете отырып, ғаламшарды соғыстар мен шиеленістерден арылту ісінде күш-жігерді біріктіру және ынтымақтасу қажеттігіне баса назар аударғандығы белгілі.
Үндеуде БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшесі ретіндегі Қазақстан жұмысының басымдықтары атап көрсетілді. Олардың қатарында ядролық қарусыз әлемді жақындату, жаһандық соғыс қатерін болдырмау, Ауғанстандағы бейбітшілікке ықпалдасу, Орталық Азияда бейбітшіліктің өңірлік аймағын қалыптастыру, Африканың бейбіт дамуына жәрдемдесу секілді мәселелер бар. Сондай-ақ еліміз БҰҰ қамқорлығымен Жаһандық лаңкестікке қарсы коалиция (желі) құруға, БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарын, бейбітшілік, қауіпсіздік және даму арасындағы ажырамас байланысты ілгерілетуге мүдделі.
Қауіпсіздік Кеңесі Қазақстанға не береді?
Қауіпсіздік Кеңесі – еліміздің бейбітшілік пен қауіпсіздік пайымымызды ілгерілетуге мүмкіндік беретін шешуші алаң. Егер Қазақстан тарапы ұйымға мүше басқа мемлекеттермен бірлесіп өз бастамаларын іске асыруға қол жеткізсе, онда әлемде бейбіт өмір сүретін қоғамдастық құруға мүмкіндік мол.
Бұдан басқа, Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелік Қазақстанның әлемдік ауқымдағы рөлін арттырып, елдің халықаралық келіссөздерде жаһандық процестердің тұрақты және жауапты қатысушысы ретіндегі позициясын нығайтады.
Елбасы Н.Назарбаев былтыр «Осы заманның түйінді проблемаларын шешуге қатысу біздің алдымызда көптеген елдермен және өңірлермен қатынастарымызды дамыту үшін мүмкіндіктер ашады», деп мәлімдеген болатын. Мемлекеттің бұл сөзі шындыққа айналғанын уақыт дәлелдеп отыр. Бұрын Қазақстанның халықаралық байланыстары Еуропа, Азия және Солтүстік Американың көшбасшы елдерімен шектелетін еді. Қазіргі таңда еліміз шартараптың әр бұрышымен диалог жүргізіп, әріптестікке қол жеткізді. Мәселен, бұрын елімізбен байланысы аз Эритрея, Фиджи секілді мемлекеттердің дипломаттары Қазақстанға іссапармен келді. Латын Америкасының бірқатар еліне визасыз режім жасалды. Еліміздің сыртқы байланысының осылайша кеңеюі Елбасы Н.Назарбаев ұстанатын көпвекторлы саясаттың заңды жалғасы.
Сонымен қатар Қазақстан Орталық Азия проблемаларын, өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға, терроризм мен экстремизмге қарсы күресуге, экономикалық, экологиялық және гуманитарлық мәселелерге әлемдік қоғамдастықтың назарын аударды. БҰҰ ҚК құрамына ену біздің дипломаттар үшін баға жетпес тәжірибе. Бұл дипломатиялық қызметтің ғана емес, бүкіл мемлекеттік аппараттың кәсіптік деңгейін арттыруға ықпал етуде.
Бір жылда қандай жұмыстар атқарылды?
Еліміз Қауіпсіздік Кеңесі құрамындағы алғашқы жылын табысты өткізді десек қателеспейміз. Біздің дипломаттар ұйымның көптеген отырыстарына, ашық пікірталастары мен брифингтеріне қатысты. Сонымен қатар, бірқатар бейресми консультацияларға атсалысып, Кеңеске тұрақты емес мүше елдердің бірлестігінің кездесуінде болды. Қазақстан делегациясы Кеңестің түрлі комиссиялары құрамында Колумбия, Гаити, Орталық Африкаға іссапармен барып қайтты. Еліміздің өкілдігі Қауіпсіздік Кеңесінің қарарлары секілді маңызды құжаттарды қабылдауға мазмұнды үлес қосты.
Қалыптасқан ереже бойынша Кеңеске тұрақты емес мүше мемлекеттердің әрқайсысы қосалқы органдарға төрағалық етеді. Өңірлік ерекшелігі, барлық мүдделі тараптармен екіжақты берік байланыстары ескеріліп, Қазақстанға Қауіпсіздік Кеңесінің Ауғанстан/Талибан комитетіне, ИЛИМ/Әл-Каида комитетіне және Сомали/Эритрея Санкциялық комитетіне төрағалық ету тапсырылған болатын.
Осы қосалқы органдардың қызметін рәсімдік реттеу, санкциялық режімдердің практикалық бағыттылығын қолдау біздің дипломаттарға жүктелген міндет. Мысалы, комитеттер нақты жеке тұлғалардың санкциялық парақтарға енгізілуіне жауапты. Соның негізінде олардың жүріп-тұруы шектеледі, қаржы активтеріне тыйым салынады. Мұндай комитеттердің мәселелері өте күрделі болғандықтан, ұзақ мерзімге күн тәртібінен түспейді. Қазіргі таңда біздің дипломаттар жүргізген сәтті жұмыстың нәтижесінде, Кеңеске мүше елдер Қазақстан төрағалық ететін Сомали және Эритрея жөніндегі Санкциялық комитет тиімді әрекет атқарып жатқанын мойындағаны белгілі.
Кеңеске төрағалық
Келер жылғы қаңтарда Қазақстан тарапы Кеңес отырыстарына және бейресми консультацияларға төрағалық етеді. Төраға Қауіпсіздік Кеңес құрамына кірмейтін БҰҰ-ға мүше мемлекеттер үшін арнайы брифинг өткізеді. Бұдан бөлек, мүше мемлекеттермен, БҰҰ-ның негізгі органдарының және арнайы мекемелерінің басшыларымен, өңірлік және басқа да топтардың төрағаларымен екіжақты кездесулер ұйымдастырады.
Төрағалықтың функциясына БҰҰ органдары басшыларының бейресми кездесулерінде Кеңес атынан мәлімдеме жасау кіреді. Сондай-ақ төраға атанған мемлекет ҚК атынан бұқаралық ақпарат құралдарына мәлімдемелер мен түсіндірмелер жасайды. Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәртібі алдын ала бір ай бұрын бекітіледі. Оны Кеңеске төрағалық ететін ұйым әзірлейді. Жұмыс тәртібі бекітілген жиындар күнтізбесіне сай өткізіледі. Әйтсе де, ара-тұра кезектен тыс мәселелер күн тәртібіне енуі мүмкін.
Қазіргі таңда төрағалық мерзімі кезінде өтетін іс-шаралардың тізімі әзірленіп жатыр. Қазақстан Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахмановтың айтуынша, Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен өтетін халықаралық бейбітшілік және қауіпсіздік бойынша жоғары деңгейдегі БҰҰ ҚК-нің ашық пікірталастарын шақыру жоспарда бар. Оның сыртында, Орталық Азия және Ауғанстан бойынша министрлер деңгейіндегі пікірталастар, елшілер деңгейіндегі Таяу Шығыс жөніндегі тоқсандық пікірталастар өткізіледі.
Төрағалық мерзімі кезінде Қазақстан тарапы ядролық қаруды таратпау мәселесіне ерекше көңіл бөлуді жоспарлап отыр. Мәселен, Елбасы Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» атты парадигмалық манифесін жүзеге асыру бойынша шаралар қарастырылмақ. «Жаппай қырып-жоятын қаруды тартпау және сенім шаралары» тақырыбы бойынша жоғары деңгейдегі тақырыптық пікірталас ұйымдастыру көзделуде. Сондай-ақ Орталық Азияға қатысты бірқатар жиындар мен жарыссөздер өтеді. Төрағалық мерзімде талқыланатын мәселенің бір парасы Таяу Шығыстағы жағдайға арналмақ. Онда дәстүрлі талқылаудан бөлек дінаралық үйлесім, өркениеттер диалогы секілді тақырыптар қозғалады.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»