Қазақстан • 15 Желтоқсан, 2017

Тұрғындарға медициналық көмек көрсету үшін қанша қаржы керек?

1248 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ұлт денсаулық жағдайының көрсеткіші – мемлекеттің өз азаматтары алдындағы жауапкершілігінің көрінісі. Экономиканың бірде-бір саласы, оның ішінде денсаулық сақтау саласы да қаржыландыру көзінсіз дамымақ түгілі адымын да аша алмайды.

Тұрғындарға медициналық көмек көрсету үшін қанша қаржы керек?

Бұл, әсіресе, елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі өткір сезіле түскендей. Қазақстандық медицина саласын қаржыландыру мәселесі тек министрліктің ғана емес, денсаулығы үшін алаңдайтын кез келген азаматтың бас қатырар мәселесіне айналып келеді. «Тұрғындарға медициналық көмек көрсету үшін қанша қаржы керек?», «Егер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру  жүйесін енгізбесе, бюджет қаржысы денсаулық саласын қаржыландыруға жете ме?» деген секілді сауалдарға жауап іздеу мақсатында Алматыда қоғамдық талқылау өтті.  Медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Елена Бахмутова бастаған экономика және денсаулық сақтау ісінің сарапшылары осы сауалдарға жауап іздеп, өзара пікір таластырды.

Денсаулық саласы күні бүгінге дейін толығымен республикалық бюджет есебінен қаржыландырылып келді. Медицина саласының шығыны жыл сайын миллиондап артып отырады. Бірақ осы сұрнысты толық қанағаттандыруға, тиісінше қаржы бөлуге бюджеттің шамасы жете бермейді. Жыл өткен сайын денсаулыққа бөлінетін қаражат кеміп отырғаны сондықтан. Сарапшы Серік Тәңірбергеновтің сөзіне қарағанда, 2016 жылы Қазақстан денсаулық сақтау саласының жалпы шығыны 1 млрд 604 млн теңге болған. Дамыған мемлекеттерді айтпағанда, экономикалық деңгейі біздікімен шамалас елдердің өзі ішкі жалпы өнімінің 6,3 пайызын денсаулық жүйесіне беріп отырады екен. Біздің елде 2016 жылы ұлт саулығын сақтауға бөлінген қаржы көлемі 1,6 трлн теңгені құраған болса, 2017 жылы ол 1 трлн теңгеге де жетпей қалған. Салдарынан денсаулық сақтау жүйесіне жұмсалатын жалпы шығынның 40 пайызға жуығы азаматтардың қалтасынан шығып отыр. «Өткен жылы денсаулық сақтау саласының шығыны ІЖӨ-нің 3,4% құраған болатын. Бұл Африка елдерінің деңгейімен бірдей. Оның екі пайызын мемлекет бөлсе, қалғаны азаматтардың қалтасынан шығатын шығындар», дейді сарапшы.

Министрлік мәліметіне сүйенсек, кепілдендірілген тегін медициналық көмекке 451 миллиард теңгеге жуық (38 пайыз) қаражат жетіспейді. Атап айтар болсақ, стационарлық көмек 61 млрд теңгеге, консультативтік-диагностикалық қызмет 51 млрд теңгеге, амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласы 41,9 теңгеге, онкология қызметі 37 млрд теңгеге зәру. Салдарынан емханаларда ұзын-сонар кезек пайда болады. Әсіресе, салалық дәрігерлердің тапшылығынан кезек күтіп шаршаған жұрт ауруы жанына батқанда жеке меншік сектордың көмегіне жүгінуге мәжбүр.

Жалпы, жиынға қатысушылар кезек пен дәрігер тапшылығы мәселесінің де саланы қосымша қаржыландыру көздерін іздеуге итермелейтін факторларға жататынын атап өтті. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Елена Бахмутованың айтуынша, қор келесі жылдан бастап кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінің операторы қызметін атқармақ.

«Бұрын кепілдендірілген тегін көмекке бөлінетін қаржы әртүрлі деңгейдегі бюджеттерден бөлінетін болса, келер жылдан бастап ол республикалық бюджетте шоғырланады. Бірақ басты артықшылық неде? Бұрын бюджеттен бөлінген қаржы мемлекеттік тапсырыс алған денсаулық нысандарына бөліп берілетін. Жалпы, қаржыны реттеу жүйесі бөлінген ресурсты таратып беруге негізделді. Тарифтің өзі дұрыс есептелген жоқ. Салдарынан аймақтар арасындағы тепе-теңдік бұзылды. Медициналық көмектің бір ғана түрінің өзі әртүрлі тарифтер бойынша қаржыландырылды. Өйткені қаржы әр өңірдің бюджетіне қарай бөлінді. Ал, әр аймақтың мүмкіндігі әртүрлі. Қазір біздің алдымызда тұрған үлкен мәселенің бірі осы. Сақтандыру қорының мақсаты тарифке қатысты ұсыныстар әзірлеп, Денсаулық сақтау министрлігіне ұсыну. Біз тым болмаса сол тарифтердің барлық жерде біркелкі болуын қамтамасыз еткіміз келеді. Екінші, медициналық көмектің қолжетімділігі мәселесі. Өкінішке орай, бізде іс жүзінде медициналық көмек қолжетімді емес. Бұл да бір ұшы қаржыландыру деңгейіне келіп тірелетін мәселе», дейді қор басшысы.

Ал, «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығының президенті Гүлмира Илеуова енгізіліп жатқан жаңа реформаның жұмысына байланысты ешқандай әлеуметтік зерттеудің жүргізілмегені туралы айтты. Басқа ұйымдардың деректерін пайдалануға, әр жерден үзіп-жұлынған жүйесіз ақпарат беруге қарсы екенін білдірді. Осылай десе де, Г.Илеуова халықтың әлеуметтік сауалнамаға жауап беруден бас тартатынын, сарапшылардың зерттеу жұмысына салғырт қарайтынын немесе  қатысуға жалқаулық танытатынын жоққа шығармады.  Сондай-ақ сарапшы маман зерттеу нәтижелері көрсетіп отырғандай, тұрғындардың әлі де болса жекеменшік клиникалардан гөрі мемлекеттік емханаларды жағалайтынын, оларға деген сенімнің жоғары екеніне назар аудартты.

Серік Тәңірбергеновтің айтуынша, сақтандыру жүйесі әлемдегі барлық мемлекеттерде табысты жұмыс істеп келеді. Қазір үкімет әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу мерзімін екі жылға шегеру мәселесін қарастырып жатыр. Бұл не деген сөз? Яғни 2018-2019 жылдары да денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы ұлғаймайды деген сөз. Сондықтан қор бюджеттен бөлінген қаржыны дұрыс бөлу мәселесіне ден қоймақ. «Медициналық көмекті жоспарлау процесін түбегейлі қайта қарау қажет. Қор алдағы уақытта медициналық көмекті халықтың сұранысына, тұтыну деңгейіне қарай жоспарламақ. Атап айтқанда, өлім-жітімнің басты себепкері болып отырған сырқаттарға, аурудың құрылымына, халықтың жасы мен жыныстық ерекшеліктеріне мән беретін боламыз», деп түсіндірді Серік Тәңірбергенов. 

Қарапайым ғана мысал: Қазақстанда ауруханаға жату көрсеткіші жыл сайын артып отыр. 2016 жылы бұл көрсеткіш 500 млн артып, 2,8 млн дейін жеткен. Оның 70 пайызы ауруы асқынып, ішкі ағза жұмысы бұзылуына байланысты жеткізілгендер. Оған жыл сайын тіркелетін 7 млн жедел жәрдем шақыртуын қосыңыз.  Ал, өлім-жітім құрылымына үңілетін болсақ, бізде қайғылы жағдайларға душар ететін сырқаттардың «үздік» бестігі бар. Олар: жүрек-қан тамыры аурулары, тыныс жолдарының аурулары, онкология, жарақаттар мен ас қорыту жүйесінің сырқаттары екен. «Отандастарымыздың өліміне себепші болатын осы сырқаттардың төртеуі созылмалы аурулар. Дер кезінде анықтаса емдеуге болатын дерттер. Негізі, адам өмірін қиятындай сырқаттар емес. Өкінішке орай, дәрігерге уақтылы қаралмай, ауруын асқындыру салдарынан азаматтарымыз жарық дүниемен қош айтысып жатады», дейді сарапшы.

Айтуынша, былтыр көз жұмған әртүрлі жастағы 96 384 адамның 33 993-і, яғни 41 пайызы қан айналымы жүйесі ауруынан қайтыс болған. 20 пайызы, 16 453 сырқат, қатерлі ісік ауруынан бақиға аттанған.

Сарапшылар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі толық қуатта жұмыс істей бастаған соң емдеу мекемелерінің де қызмет көрсету сапасы жақсарып, дәрігерлердің жауапкершілігі арта түсетініне сенімді.

Өкінішке қарай, жұрттың басым бөлігі жиырма жыл бұрынғыдай медицинаны мемлекет қаржыландыра береді, сырқаттанса, тегін емделемін деген ойдан арылмай келеді. Бүгінгі қайшылықты пікірлер де осы көзқарастан туындап отыр. Өйткені тегін ем – денсаулық кепілі деп санайды. Алайда бұлай жасау  ендігі жерде тұрғындардың тұтынушылық талабын толығымен жаба алмайтын болып отыр. Барлық капиталистік мемлекеттердің жүйесінде он екі мүшесі сау, денсаулығы кінәратсыз адамдар сырқат адамдар үшін мемлекетке төлем жасайтыны ізгілікті іс ретінде қабылданады. МӘМС – мемлекеттің мойнына салмақ салудан құтқаратын бірден-бір саналы қадам.  Айналып келгенде, денсаулықтың 10-15 пайызы ғана медицинаға байланысты, қалғаны адамның өз қолында.

«Әр адам өз денсаулығына деген қарым-қатынасын өзгертуі тиіс. Тіпті, дені сау азаматтың өзі жылына кем дегенде бір рет дәрігерге қаралып, аурудың алдын алу шараларына көңіл бөлгені жөн. Мемлекет тарапынан кепілдік берілген тегін медициналық көмек шеңберінде тексеруден тегін өтуге болады. Мысалы, флюорография, қан және несеп талдауларын тапсырып, қандағы холестерин мен қант мөлшерін, көз іші қысымын тексерту қажет. Егер қандай да бір ақау табылып жатса осы кепілдендірілген көмек шеңберінде тегін ем-дом қабылдауға болады. Өйткені көптеген созылмалы сырқаттар аталған пакет шеңберінде тегін емделеді. Мұны бір адам істесе білінбес. Ал, елдің бәрін жұмылдырсақ ұлт денсаулығының жақсарары сөзсіз», деп қорытты С.Тәңірбергенов.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ