Тарихи публицистика жанрында жазылған, қазақ және орыс тілдерінде басылған толымды дүние автордың еліміздің жаңа тарихына көзқарасы мен оның ертеңіне деген ұстанымын танытады. Сөз басында Елбасы: «Бұл кітап менің ұлы қолдаушым, кемел келешегіне өзінің қазақстандық жолымен қарыштаған жасампаз халқыма арналады!» деп, кітаптың жалпы мазмұнын айқындап берген.
Жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед ашып, салтанатты шараны өзі жүргізіп отырды. Шараға Премьер-Министр кеңсесі басшысының орынбасары, саясаттанушы Ержан Бабақұмаров, ҰҒА академигі, сенатор Бақытжан Жұмағұлов, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкімбаев, «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, Президент әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко, Л.Н.Гумилев атындағы еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов қатысып, жаңа кітап туралы салмақты ой-пікірлерін ортаға салды.
Мұхтар Құл-Мұхаммед атап өткендей, бұл кітапты Елбасының өз қолымен жазылған тәуелсіздік энциклопедиясы деп сеніммен айтуға болады. Жаңа туындыда егемен мемлекеттің негізі қаланған күннен бастап, оның қалыптасу кезеңдерінің ерекшеліктері мен 26 жылдық тәуелсіздік дәуіріндегі ішкі және сыртқы сын-қатерлерді еңсеруге байланысты қабылданған шешімдердің мән-мазмұны мен тетіктері егжей-тегжейлі баяндалады.
Толымды дүниенің алғысөзінде еліміздің өз жолымен – қазақстандық даму жолымен жүретініне назар аударған Елбасы: «Деректерді талдап, оқиғаларға объективті баға беріп үйрену ғана емес, тарихи үдерістерді болашақ тұрғысынан терең түсіну, өткенге қазіргі кезең тұрғысынан көз салу және болашақты ойлай отырып, өткенді ұмытпау – біздің ортақ міндетіміз. Біз тарихтан өзімізге және еліміздің одан әрі дамуына қажетті тағылым ала беруге тиіспіз», дейді.
Кітап еліміздің жаңа тарихын тұтас қамтыған, мазмұны аса бай 4 бөлімнен тұрады:
1. Мемлекетіміздің дүниеге келуі. Қазақстанның бірінші жаңғыруы (1991-1995 жылдар);
2. Ұлы бетбұрыс. Қазақстанның екінші жаңғыруының басталуы (1996-1999 жылдар);
3. Қияға құлаш сермеу. Қазақстанның екінші жаңғыруы (2000-2010 жылдар);
4. Қалыптасқан мемлекет. Қазақстанның үшінші жаңғыруы (2010 жылдар). Әр бөлімнің өзі бірнеше бөлімдерге бөлінген. Олардың атауларына да мән беріліп, жаңа тарихымыз бен қазақстандық құндылықтардың дәуірлік оқиғалары нақты әрі дәл суреттелген. Атап айтқанда, «Тарихи әділеттілік салтанаты», «Тұғыры берік мемлекеттік құрылым», «Басты құндылығымыз – бейбітшілікті қастерлей білдік», «Жаңалықтың жылы лебі және қайта түлеген дәстүр», «Сыртқы саясат: тыңға түрен салғандай...», «Қияға көз тіккен қазақстан барысы», «Баянды болсын Бас қала!», «Саяси тұрақтылық жемісі», «Тәуелсіздік рухымызды шыңдады», «Әлем мойындаған көшбасшылық», «Көз алдымыздағы ұлы өзгерістер» және басқа да бөлімдерде еліміздің жарқын сәттері егжей-тегжейлі баяндалады.
Елбасының қаламынан туған еңбек: «Қазақстанды жоғары дамыған мемлекетке айналдыратын – азат ойлы, жаңашыл да жасампаз азаматтары. Ол үшін әркім жан-жақты және кемел білімге ден қойып, қажырлы еңбек пен өзін өзі толассыз жетілдіруді өмір салтына айналдыруы қажет. демек бүгінде болашақ үшін құлшына іске кірісетін, жігерімізді жанып, санамыз бен өмірімізді өзгертетін сәт тағы туып тұр. Ұлы тарих Кемел келешекке жетелейді», деп түйінделген.
Жаңа басылымның тұсаукесер салтанатына көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, көшелі ғалымдар, Парламент депутаттары, «Нұр Отан» партиясының басшылығы мен мүшелері, зиялы қауым өкілдері, белсенді жастар қатысып, кітапқа ерекше қызығушылық танытты. Елбасы қаламынан туған сүбелі дүние отандық және шетелдік оқырман қауымды қызықтырар тың туынды болады деген берік сенім бар.
Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:
– Осыдан тұп-тура 26 жыл бұрын халқымыздың жаңа дәуірі басталды. Бұл – егемендік, тәуелсіздік, еркіндік дәуірі. Бұл ер қазақтың Елбасымен бірге дәуірлеу кезеңі. Жаңа кітапта Елбасымыздың жаңа басшылығымен тәуелсіз еліміздің ширек ғасырдан астам уақытта қол жеткізген барлық жетістіктері сараланған.
Елбасымыздың жүрек төріндегі толғаныстарынан шыққан бұл кітапты бәріміздің қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасының негізін қалаған Тұңғыш Президентіміздің өз қолымен жазылған тәуелсіздік энциклопедиясы деп атауға толық негіз бар.
Тәуелсіздік заманы Қазақстан үшін ғасырлар жүгін арқалаған ғаламат дәуір. Соның бәрінде елі үшін туған Елбасы Қазақ елін әлемдік қауымдастықтың ең алдыңғы қатарына шығарды.
Қазақстан – бүгінде іргесі берік, ынтымағы жарасқан, экономикасы қуатты, саяси жүйесі сараланған, өз жолын, өз болашағын айқындаған, әлемдік қауымдастық алдындағы беделі биік, үш бірдей жаңғыруды ойдағыдай өткізе білген абыройлы мемлекет. Оның туған халқын замананың сан алуан сынынан аман алып шығып, биіктен биікке бастап келе жатқан Нұрсұлтан Әбішұлындай кемеңгер басшысы бар.
Алдарыңыздағы кітап – Елбасының бәріміз үшін ең қасиетті құндылық саналатын тәуелсіздік туралы ой-толғамдарының жиынтығы. Ендеше бұл көп ұзамай-ақ барша қазақстандықтардың сүйіп оқитын кітабына айналарына кәміл сенемін.
Ержан Бабақұмаров, Премьер-Министр кеңсесі басшысының орынбасары, саясаттанушы:
– Осы кітапта Қазақстанның құрылу кезеңдерін ашуға, тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығындағы күрделі ішкі және сыртқы сын-тегеуріндерге қатысты шешімдер қабылдау тетіктері мен ішкі қисынды талдауға ерекше назар аударылған. Бұл жай кітап емес. Бұл – Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел тарихы мен оның болашағына көзқарасы. 26 жыл ішінде болған оқиғаларға сындарлы талдам жасалған: бұл фактілер ғана емес, терең пайым. Кітапта көрініс тапқан білімнің құндылығы айқын көрініп тұр. Себебі кітап авторы Президент Нұрсұлтан Назарбаевты оқиғалардың куәгері, қатысушысы ғана емес, тәуелсіз мемлекетіміздің тарихын жасаушы деуге болады. Сондықтан бұл еңбек қажеттілігін жоғалтпайтын тұтас бір дәуірдің маңызды құжаты іспетті.
Кітапта қазақстандық даму моделінің мән-маңызы: оның эволюциясы, негізгі қағидаттары, тетіктері мен қозғаушы күштер айқын көрініс тапқан. Қазақстанның жаңғыруының үш толқынын қарастыруға көп көңіл бөлінген. Президент жаңғыртудың жүйелі үш толқыны ретіндегі мемлекет құрылысы мен біздің тарихымызға өз көзқарасын білдірген. Бірінші және Екінші жаңғыртудың арқасында тоталитарлық жүйені ысырып, нарықтық экономика құру, әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіру міндеттері ойдағыдай шешімін тапты. Үшінші жаңғырту елді жаппай жаңартуға және жаңа жаһандық шынайылық жағдайларында оны әлемнің аса дамыған отыз елінің қатарына енгізуге бағытталған.
«Тәуелсіздік дәуірі» – бұл өткен кезең туралы ғана кітап емес. Ол – болашақты бағдарлайтын: еліміздің болашақта қандай қағидаттарға сүйену керектігін көрсетіп берген туынды.
Бақытжан Жұмағұлов, ҰҒА академигі, сенатор:
– Менің ойымша, бұл оқырманның көңіл пернелерін дөп басатын, оқырманның ойына, мақсатына, ұмтылысына әсер ететін үлкен еңбек. Мен кітаптан екі аспект бойынша үлкен әсер алдым. Біріншіден, егемен Қазақстанның жаңа тарихының қамтылу ауқымы, болашаққа қойылған мақсаттар мен міндеттер және талдау тереңдігі тәнті етті. Екіншіден, автордың ойы, күрделі мәселелер туралы толғаныстары мен пайымдаулары, оларды шешу жолдарын іздеуі, көңіл күйі байқалатын шынайылық ерекше әсерлендірді.
Кітапта Президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің тірі ағза екенін айтып, оған дәлелдер келтірген. Сонымен қатар ел дамуындағы ең күрделі мәселелердің қалай шешілгенін көрсеткен. Маған тағы бір әсер еткен тұсы – адам капиталын алға шығару бойынша жүргізілген реформалар туралы болды. Осы ретте елімізде тәуелсіздік жылдары ғылым, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларын жетілдіру бойынша жасалған жұмыстар туралы кітапта толық айтылған. Мысалы, осы жылдары «Болашақ» бағдарламасының арқасында 12 мыңнан астам талантты жас шетелдің үздік ЖОО-ларында білім алды. Мемлекетте интеллектуалды мектептер дамыды. 2010 жылы Қазақстан болон процесіне кірді. Бүгінде біз білім-ғылым жүйесін әлемдік стандарттарға сай өзгерттік.
Тағы бір маңызды мәселе, 2007 жылғы конституциялық реформа болды. Оның ең басты жаңалықтарының бірі – еліміздегі Парламент сайлауалды мажоритарлық үлгіде пропорционалды, яғни тепе-теңдік сайлау жүйесіне ауысты. Осылайша еліміздегі саяси партиялар ашық бәсекеге, электоралды үдеріске толық қосылды. Бұл дамыған демократиялық елдерге тән жүйе еді. Біз жаңа жүйедегі парламенттік сайлауды сәтті өткіздік. Сонымен бірге сайлаудың осы пропорционалды жүйесі біздің өмірімізде толыққанды қолданысқа енді.
Санат Көшкімбаев, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары:
– Президент осы еңбекте атап көрсеткендей, сыртқы саясат – ішкі саясат бейнесінің жалғасы. Нұрсұлтан Назарбаев ұстанып отырған ішкі саясат – қазақстандық көп векторлы дипломатияның жарқын моделі. Кітапта бұл терминді жиі кездестіруге болады.
Елбасы еңбегінде мемлекеттің ішкі саясатының жарқын жетістіктері, ішкі саяси және ішкі экономикалық өзгерістердің қалай жүзеге асырылғаны баяндалған. Сонымен қатар аймақтық қауіпсіздік мәселесі де кеңінен талданған. Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалық еткені де еліміздің саяси тарихында ерекше атап өтетін кезеңге айналғаны атап көрсетілген. Қазақстан халықаралық аренада көптеген мемлекеттермен екіжақты және көпжақты дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Сонымен қатар еліміз ұстанған бағыт-бағдардың бірі ретінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес болғаны тегін емес. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Орталық Азиядағы интеграциялық бастамалары да мемлекетті алға жетелер тағы бір артықшылыққа айналды. 1993 жылы Ташкентте өткен саммиттен бері Президентіміздің ұсынысымен Қазақстан мен бізге көршілес мемлекеттер «Орталық Азия» аймақтары атала бастады. Еліміз осы уақытқа дейін Орталық Азиядағы елдермен қарым-қатынас жасаудың интеграциялық моделін ұстанып келеді. Әрине, қиындықтар аз болған жоқ. Бірақ 26 жылдың ішінде осынау интеграциялық стратегия өзінің өміршеңдігін дәлелдеп берді.
Леонид Прокопенко, Президент әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары:
– Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясында бірлігіміз бен тұрақтылығымызды сақтасақ, жарқын болашақ туралы үмітіміздің үлкен болатынын айтып еді. Мен «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының өне бойынан осы ойды көрдім. Кітапта бейбітшілік пен келісім саясатын жүзеге асыруға атсалысқан ҚХА-ның мемлекеттегі әлеуметтік-саяси процестерді тұрақтандырушыға айналғаны туралы жазылған, Қазақстанның жаңғыру кезеңінің үшеуінде де мемлекеттегі тұрақтылық пен бірліктің қалай нығая түскені айтылған. Бірінші жаңғыру кезеңінде қоғамдық келісімнің қазақстандық моделі, тіл мен мәдениет салаларындағы жалпыұлттық бірлік қалыптаса бастады. Бірлік пен келісімнің қазақстандық бірегей моделі жасалды. Қазақстан халқы Ассамблеясы Конституциялық статусқа ие болды. Ассамблея туралы Заң қабылданды. Мемлекет басшысы белгілеп берген ұлттық саясаттың негізгі қағидаттары жүзеге асырылды. Бұл кезеңді Президент «Мақсаттар мен әрекеттер, ақыл мен жүректің бірлігі» деп атады.
Екінші жаңғыру кезеңінде Елбасы еңбегінің нәтижесінде Қазақстанның бірлік моделі БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ секілді халықаралық институттар деңгейінде мойындала бастады. Үшінші жаңғыру кезеңінде Президент қазақстандық патриотизмнің болмысы қандай болуы керектігін айтты. Президент бірліктің заманауи формуласын жасады. «Бір халық – бір мемлекет – бір тағдыр». Бұл фор-
мула «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясында көрініс тапты. Менің пайымдауымша, «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің энциклопедиясы болып табылады.
Ерлан Сыдықов, Л.Н.Гумилев атындағы еуразия ұлттық университетінің ректоры:
– Бұл еңбек осы отырған әрқайсымыздың тағдырымыз туралы. Еліміздің ширек ғасырдағы бары мен нары туралы, еңбегіміз бен ерлігіміз туралы, жарқын істеріміз туралы кітап. Бұл Елбасының елге сыйы, елдіктің баянды бағына, бағаналы ордасына сыйы.
Біріншіден, бұл кітап – тұжырымдамалы, іргелі еңбек. Біз тарихшылар жүріп өткен тәуелсіздік жылдарындағы ширек ғасырымызды байыптайтын және шынайы баға беретін өрелі еңбекті күтіп жүргенбіз. Оны Елбасымыздың жазуы еліміз үшін де, елдігіміз үшін де үлкен оқиға деп білемін. Екіншіден, Нұрсұлтан Назарбаев жай ел басшысы емес, құрушы, жасампаз, көреген президент. Ендеше бұл еңбек жаңа мемлекетті өз қолымен, өз бастамасымен тұрғызған аса ірі тарихи тұлғаның әрі жылнамасы, әрі дәуірнамасы. Үшіншіден, Елбасы Тәуелсіздіктің елең-алаңынан «Біздің өз жолымыз бар» деп мәлімдеді. Бұл кітап – қазақстан жолының күнделігі, қазақстан жолының шежіресі, Қазақстан жолының тұғырнамасы. Тарихты тұлғалар жасайды. Тарих тұлғаларды анықтайды. Мемлекет құрудың жөн-жосығын да, теория, тәжірибесін де ғылыми өреде меңгерген Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тарихын жазуға толық моральдық құқы бар.
Бұл еңбекті оқу құралы ретінде білім жүйесінде кеңінен пайдалану қажет. Кітаптағы тұжырымдамалар, ойлар мен маңызды фактілер бойынша түрлі мәдени-танымдық шаралар кешенін ұйымдастырғанымыз дұрыс. Ел тарихын, оның деңгейін танытатын жаңа еңбекті көп кешіктірмей Біріккен ұлттар ұйымының тілдеріне аударып бастыртқан жөн. Сондай-ақ технология дәуірінде Елбасы еңбегін цифрлы жүйеге түсіріп, түрлі форматта насихаттау қажет.
Арнұр АСҚАР,
Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,
Майгүл СҰЛТАН,
«Егемен Қазақстан»