Ал осы егемен мемлекеттің бастапқы қиын-қыстау кезеңінен бастап әлем өркениетінің кеңістігіне кіруге мүмкіндік берген тарихи жолды салған да көшбасшы тұлға. Біздің ойымызша тарих тұлғаны сомдайды, кейін тұлға тарихты жасайды. Бұл қайталанып отыратын үрдіс. Тарихта әр кезең өз заманының тұлғасын тудыра-ды және қалыптастырады, кейін сол тұлға тығырыққа тірелген өз заманының дағдарысынан елін аман алып шығады және қоғамды сапалық тұрғыдан анағұрлым жоғары дәрежеге көтеріп, өзі де көшбасшы тұлғаға айналады. Міне, ХХІ ғасырдың бірінші ширегінде қазақ елі осындай өркениетті құбылыстың куәсі болып отыр. Мұндай құбылыс бір кезде түркі дәуірінде де Түрік қағанаты – бабаларымыз құрған мемлекет тарихында болған еді. Түркі елі Күлтегін, Тоныкөк абыз сияқты тұлғаларын тудырды, кейін осы тұлғалар өз кезеңіндегі империялармен иық түйістіре алатын, Сары теңізден Қара теңізге дейінгі аралықты билеген Ұлы Түркі қағанатының салтанатын әлемге паш етті.
* * *
Түнде ұйықтамадым,
Күндіз отырмадым
Қызыл қанымды төктім,
Қара терімді ағыздым. (Тоныкөк жазуы, XXXXII жол).
Ұлы Түркі қағанаты өз тарихын тайға таңба басқандай, бітіктаста осылай бастап жазған еді. Белгілі бір ұқсастығы бар осындай қайталау, әрине, басқа заманда және басқа дәрежеде XX-XXI ғасырлар тоғысында да қайталанды.Бұл қайталану сол бабалар ізін жалғастырған қазақ елінің еншісіне тиді. Ал көшбасшылық елдің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевқа бұйырды. «Дағдарыстар мен жанжалдар дүниенің төрт бұрышын біздің көз алдымызда тітіркендіріп отыр. Азаматтары қайыршылықта өмір сүріп немесе әскери жанжалдарда қаза тауып жатқан жолы болмаған мемлекеттер саны ұлғая түсуде. Тұрақсыздық Орталық Азияның шекараларына да тым жақын келіп тұр. Соңғы 2-3 жылда, жаһандық проблемалардың өсе түскенін көре отырып, мен Қазақстанымызды қалай нығайту мен қауіпсіздендіру және аса табысты 30 елдің қатарына ену жолынан адастырмау туралы ойладым. Мен жағдайды басқа мемлекеттердің көшбасшыларымен талқыладым. Барлық жауапкершілікпен ұлтқа мына жайды ескерткім келеді. Біздің әрі қарайғы дамуымызға әлі 5 жаңа сыртқы сын-қатерлер қауіп төндіруін жалғастыруда», дей келіп, Елбасы оларды атап өтіп қана қоймай, одан сүрінбей өтудің тетіктерін де айшықтады.
Шынында да алғашқы қоғамдық құрылыстан кейінгі замандардың қай-қайсысы да болсын адамзат қоғамы мемлекет құру жолынан өтті. Өйткені адамдар қоғамының өмір сүруінің басты шарты – мемлекет болды. Онсыз ол қоғамның тұрақты ғұмыр сүруі мүмкін емес еді. Сол даму сатысында тұрған қоғамның талап-тілегіне сай мемлекеттік институттар түрлі формаларда қалыптасты және оның өзі сол қоғамды реттеп отырды. Бірақ оларды құру өздігінен жасалған жоқ. Қоғамның өз ішінен ерекше тұлғалар шығып, мемлекет құруға барлық күш-жігерін жұмсады.
Ғұн-сақ заманында Еділ патша шығысы Тынық мұхиты, ал батысы Атлант мұхитының жағалауларына дейінгі аралықта қуатты империя құру жолында күрессе, Бумын, Естеми, Күлтегіндер батысы – Қара теңіз, шығысы Сары теңіз аралығында қуатты қағандық құра алды. Сондықтан да Күлтегін тас жазуындағы «Ілгері – күн шығысында, оң жақта – күн ортасында, кейін – күн батысында, сол жақта, түн ортасында осының ішіндегі халықтың бәрі маған қарайды, халықты осыншама көп еттім» – деген жазулар бабалар аманатына айналды. Қазақ хандығы да заманында «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» арқылы Дешті Қыпшақ жерінде мемлекет құрып, Еуразия кеңістігінде өзін мойындатты.
Тәуелсіз мемлекеттіліктің негізін құруды жүзеге асыра отырып, Елбасы оның теориялық негіздемесін жасау үшін де көп еңбек етті. Еліміздің тәуелсіздік алып, дербес мемлекетін құру жолына түсуінен бастап, бүгінгі өркендеген шағына дейінгі кезеңде жанқиярлықпен шешуге тура келген әрқилы мәселелеріне қатысты Елбасы ғылыми негізделген еңбектер жазып қана қоймай, оның жүзеге асуын да қамтамасыз етті. Сөйтіп әлемде «қазақстандық экономикалық ғажайып» термині қазірдің өзінде пайда болса, ол Елбасының теория мен практиканы, саясат пен экономиканы тиімді ұштастыра отырып жүргізудегі өлшеусіз еңбегінің нәтижесі еді.
* * *
«...Бай халыққа отырмадым,
Іші ассыз, сырты тонсыз
...халыққа отырдым.
Жалаңаш халықты – тонды,
Кедей халықты бай қылдым.
(Күлтегіннің үлкен жазуы, XXVI, XXVII, XXVIII жолдар).
Бабалар тарихындағы қай қоғам болмасын ондағы биліктің тұрақтылығы сол елдің шаруашылық жай-күйіне тікелей байланысты. Жоғарыда келтірілген жыр жолдары Түркі қағанының көздеген мақсаты елін, халқын молшылыққа кенелту екендігі көрініп тұр. Бұл тұрғыда әлемге әйгілі Ұлы Жібек жолының гүлдену кезеңі осы Түркі қағанатымен тұспа-тұс келуі де кездейсоқ емес еді. Өкінішке орай, біз ата-бабалар құрған қағандықтар мен мемлекеттердің күнделікті бейбіт өмір тәжірбиесіне жете көңіл аудармай келеміз. Әдетте шаруашылығын айтқанда,оның тек түрлері ғана атап өтіледі. Ал оның даму эволюциясы және оның саяси тарихқа ықпалы назардан тыс қалады. Сондықтан да болар, өткен замандардағы Қазақстан жерінде болған мемлекеттер тарихи сырт көзге көбінесе саяси оқиғалардан, жаугершілік пен шапқыншылықтар тізбегінен ғана тұратын сияқты. Ал шын мәнінде саяси оқиғалардан гөрі ата-баба тарихы өркениеттің эволюциялық үрдістері мен күнделікті өмір арқылы қолы жеткізген дәстүрлі шаруашылық пен мәдениеттің бай тәжірибесіне толы.
Кейінгі кезде посткеңестік кейбір елдердегі саяси дағдарыстар қазіргі Елбасымыздың ұстанған саясатының дұрыс екендігін айқын көрсетті. Қай қоғамда болмасын саяси өзгерістер экономиканың дамуымен негізделгенде ғана өз мақсатына жете алады. Елбасының «Алдымен – экономика, содан кейін саясат» формуласы жаңадан тәуелсіздік алған ұлт үшін алдағы қиындықтардан сүріндірмей өткізетін сара жол – «Назарбаев моделі» болып қалыптасты. Бұл модельдің өміршең екендігін тарих өзі дәлелдеп отыр.
Бүгінгі таңда «Ұлт жоспарының» үшінші шешуші міндеті ретінде «Қазақстандықтардың тұрмыс жағдайын жақсарту. Бұл кең көлемде орта тапты құру үшін қағидатты түрде маңызды. Индустрияландыруға негізделген экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін біз түбегейлі құрылымдық реформаларды жүзеге асырамыз. Білім беру мен денсаулық сақтау – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің стандарттарына бағдар ұстанатын болады. Экономиканы әртараптандыру үшін біз өңдеу өнеркәсібіне трансұлттық компанияларды тартамыз, ол Қазақстанның әлемдік нарыққа шығуын қамтамасыз етеді», деп нық сеніммен айтты.
* * *
Қарулы жау келтірмедім,
Атты әскер жолатпадым.
(Тоныкөк жазуы).
Түрік қағанатының саяси тарихы сол кездегі алпауыт көрші елдермен (Қытай, Иран, Византия және т.б.) жүргізген қарым-қатынастары мен сыртқы саясаттың небір жемісті іс-шараларына толы екендігі мәлім. Сол заманнан басталып, Қазақ хандығы және оның жалғасы болып табылатын Қазақстан Республикасының кең байтақ жері мен елін сақтап қалуы белгілі дәрежеде әр заманның басшы тұлғаларының іскерлік, саяси көрегендік, «шығысқа тән сабырлылық пен даналық» қасиеттеріне байланысты болды.
Елбасы Н.Назарбаевтың ұзақ жылдар бойы жүргізген сыртқы саясаты нәтижесінде ұзындығы 7 591 км шекара мәселесі сәтті шешілді. Өз сөзімен айтқанда, «Тарихымызда тұңғыш рет біз өзіміздің стратегиялық әріптесіміз Ресеймен заң жүзінде ресімделген мемлекеттік шекараға ие болдық». Бұл – қазақ жері үшін қажымай талмай күрескен ата-бабаларымыздың аруағы бір аунап түскен кез болды.
«Біз өзіміздің стратегиялық әріптестеріміз – Ресеймен, Қытай Халық Республикасымен, АҚШ-пен, Еуропалық одақ елдерімен, Ислам әлемімен ынтымақтастықты жалғастырамыз. Біз халықаралық ұйымдарда белсенді жұмыс істейтін боламыз. Орталық Азиядағы көшбасшы ретінде Қазақстан біздің өңіріміздегі қауіпсіздік пен экономикалық дамудың ортақ архитектурасына қолдау көрсетеді. Қазақстандық дипломатия ислам әлеміндегі және посткеңестік кеңістіктегі өткір өңірлік дау-жанжалдарды бейбіт жолмен реттеу жөніндегі күш-жігерін ұлғайта түсетін болады», деп, Елбасы «Ұлт жоспарын» табысты орындаудың кепілі ретінде қолайлы халықаралық ахуал қалыптастыру шарттарын да айқындап берді. Тек сөз жүзінде ғана емес, оның іс жүзінде жүзеге асырылып жатқанын Елбасының Таулы Қарабах мәселесіндегі Армения мен Әзербайжан арасындағы, Түркия мен Ресей арасындағы кикілжіңдерді реттеуде, Сириядағы соғыс қимылдарын тоқтатуда белсенді де нәтижелі атсалысуынан көруге болады.
* * *
Өтүкен жерінде отырып
керуен жіберсең
еш мұңың жоқ,
Өтүкен қойнауында отырсаң,
Мәңгі елдігіңді сақтайсың сен.
( Күлтегіннің жазуы, IV,VIII жолдар).
Түрік қағанаты екінші рет бой көтеріп, мемлекетін күшейту кезінде елорданы орнын дұрыс шешудің маңызы зор болды. Әсіресе қағанаттың оңтүстігіндегі қуатты империядан қауіпсіз болу үшін, стратегиялық жағынан Монғолия, Таулы Алтай өлкелерінің солтүстігіндегі Өтүкен қойнауы өте қолайлы болды. Ұлы Жібек жолының бір тармағы баратын ол жер түркі жұртының шаруашылығына да, керуен жіберіп, сауда жасауына да жайлы еді. Түркі бабаларымыз «Мәңгі ел» мұратын да осы Елордамен байланыстырғанын жоғарыдағы жыр жолдарынан көруге болады. Сондықтан халықтың тоқтығын да, қауіпсіздігін де армандаған Түрік қағаны осы Өтүкен қойнауын Елорда ретінде белгілеген болатын.
Елорданы жан-жақты ойластырып барып, белгілеу тікелей Елбасы ісінің жемісі. «Сын-қатерлерге қарамастан, біз жаңа елордамыз – Астананы, барлық қазақстандықтардың мақтанышын салуды бастадық», деп Елбасы тебірене толғанды. Шынында да Елбасының Ақмоланы таңдауы көрегендіктің, саяси батылдықтың үлгісі ретінде тарихта қалатыны сөзсіз.
Елбасы тұрған мақсатты айшықтай келе: «Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары біз егемен мемлекеттің негізін қаладық. Бұл біздің мемлекеттік құрылыстың бірінші сатысы болатын. Одан кейін нығайып алған соң, біз қалыптасқан мемлекетке қарай қадам жасадық. Бұл екінші саты болатын. Енді ұлы реформаларды бастай отырып, біз Мәңгілік Елге жол саламыз. Бұл біздің мемлекеттік құрылыстың үшінші сатысы болмақ», деп атап көрсеткен болатын.
Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы да өткенге үңіліп, бабалар аманатын орындап, бүгінді бүтіндеп, ел болашағын ойлағандықтың куәсі.
Сатай СЫЗДЫҚОВ,
профессор, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы Этносаралық қатынастар және ҚХА толеранттығы орталығының директоры