- Осы жылғы бюджет түсімдерінің орындалысы 127 млрд.теңгені құрады. Осыған орай, 2018 жылға облыс бюджетінің кірістері 7% өсіммен 137,2 млрд. теңге көлемінде болжанды. Бұл қаражатқа 15 млрд. теңге көлемінде республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттер есепке алынды, деді облыс әкімінің орынбасары Шолпан Ілмұханбетова.
Осылайша, 2018 жылға арналған облыс бюджетінің жалпы көлемі 152,2 млрд. теңгені құрайтын болады. Аталған қаражат келесі салаларға бөлінбек.
Мемлекеттік қызметкерлерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу бойынша пилоттық жобаны іске асыруға 2,5 млрд. теңге қаралып отыр. Қазіргі таңда, Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында, мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын факторлық-балдық шкала бойынша төлеуге өту жөніндегі жұмыстар жүргізуде. Жалпы, сипаттағы мемлекеттік қызмет үшін болжанған қаржы көлемі 4,6 млрд. тенге.
Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 5,3 млрд. теңге жоспарланып отыр. Оның ішінде, Ішкі істер органдары қызметкерлерінің біліктілігі үшін үстемеақы мөлшерлерін ұлғайтуға және лауазымдық жалақыларын көтеруге республикалық бюджеттен 426 млн. теңге қарастырылды.
Білім беруге де айтарлықтай басымдық берілмек. Саладағы іс-шараларды орындауға 59,7 млрд. теңге жоспарланған. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеумен толық қамтуды қамтамасыз ету мақсатында «Балапан» салалық бағдарламасы бойынша қолдау жалғаспақ. Облыс бойынша бөбекжай саны 117 бірліктен 258 бірлікке дейін артып, қамту көрсеткіші 50%-дан 93%-ға өсті. Осыған байланысты, балабақшалардың жұмысын қамтамасыз етуге 10,4 млрд. теңге қаралған. Ал, орта білім беруге 40 млрд. теңге қаралды. Аталған қаражат негізінен үш ауысымды оқуды болдырмау мақсатында жұмсалмақ.
Денсаулық сақтау саласына 2,8 млрд. теңге қаралып отыр. Даму бюджеті бойынша 150 орындық ана мен баланы қорғау Орталығының құрылысын аяқтауға 942 млн. теңге және Мұнайлы ауданында 150 орындық орталық аурухана құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын түзетуге 10 млн. теңге қарастырылды.
Мәдениет, спорт және туризмге жоспарланған қаржы 7,8 млрд. теңгені құрайды. Оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі механизмі бойынша Ақтау қаласындағы Мұз сарайының құрылысын қоса қаржыландыруға - 1,2 млрд. теңге қаралған.
Өңір экономикасы дамуының маңызды бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау және жер қатынастары. Келесі жылға жоспарланған қаржы көлемі 3 млрд. тенге. Оның ішінде агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 1 млрд.теңге және қоршаған ортаны қорғау бойынша iс-шараларға 287 млн.теңге. «Аруана» асыл тұқымды түйе сатып алу жобасын жалғастыруға 77 млн. теңге жоспарланып отыр.Біздің өңірде ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамту ең өзекті мәселе екені белгілі. Сондықтан «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында жобаларды қаржыландыруға 4 млрд. теңге көзделген. Оның ішінде 2,3 млрд. теңге республикалық бюджет трансферттері. Бұл қаражатқа келесі жылы 5 аудандағы 10-нан астам ауылды сумен қамту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Жаңаөзен каласындағы су тазарту имаратының, «Қазба-Ақшымырау» және «Басқұдық-Бекі» магистралді су құбырлары құрылысын қаржыландыру да жоспарланған. Бюджет заңнамасына енгізілген жаңа өзгерістердің ең маңыздысы - бюджеттің 4-ші деңгейінің енгізілуі. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап халық саны 2 мыңнан асатын елді мекендердің өз дербес бюджеті болады. Облыста дербес бюджет 30 ауылда және 1 қалада енгізілмек. Дербес бюджетке 11 кіріс пен 19 шығыс түрлері беріледі. Сонымен бірге, Премьер-Министр сапары аясында Маңғыстау облысының өзекті мәселелерінің Кешенді жоспары жасақталған болатын. Жоспарға жалпы құны 97 млрд. теңге болатын 67 жоба енгізіліп, орталық құзырлы органдармен келісілді. Жиында сөз алған аймақ басшысы Республикалық бюджеттен бөлінетін 97 млрд.теңгенің ауқымды қаражат екенін айтты. «9 ай ішінде 1360 тапсырма бердім. Оның қазіргі таңда 460-сы орындалды. Халыққа қажетті әлеуметтік нысандар салынып, тұрғындардың қажеттілігіне орай ұсыныстар орындалды. Аталған соманы енді осындай маңызды жобаларды жүзеге асыруға қарастыру керек. Әсіресе, бізде дамуы тиіс ауылшаруашылығы саласына көңіл бөлу керек деп санаймын»,-деді.
Сессияда депутаттар да өз ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, Жаңаөзенде қоғамдық көліктер санын арттырып, облыста маршруттар бағытын көбейту керек. Әсіресе, «Ақтау-Бейнеу-Атырау» бағытына автобустарды жүргізуді жолға қою қажет. Сонымен бірге, аймақтағы маңызы бар тасжолдардың кешенді жобасын жасақтау керек.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов орынбасарлары мен басқарма басшыларына аталған ұсыныстарды мұқият қарап, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы