Парламент • 21 Желтоқсан, 2017

Салық қатынастары туралы заң мақұлданды

513 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның жалпы отырысында мемлекетаралық салық қатынастарын реттеуге бағытталған бірқатар заң жобалары мақұлданды. Соның бірі – Қазақстан мен Үндістан Үкіметтері арасындағы қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға және оның Хаттамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы болды.

Салық қатынастары туралы заң мақұлданды

Алдымен осы заң жобасына қа­тысты түсінік берген Мәжіліс Төрағасы Үндіс­танға қатысты қаралып жатқан кон­венция 20 жылдан бері қолданыста еке­ніне назар аударып, осындай келісім­дердің тиімділігін талдап, оларды уақ­тылы жаңарту қажеттілігіне көңіл бөлді. «Жалпы хаттама салықтық қа­тынастардың салыстырмалы тұрақ­тылығына кепілдік береді және кірістерге қосарланған салық салуды болғызбайды. Бұл екі мемлекет арасындағы анағұрлым тығыз экономикалық байланыстарды жолға қоюға мүмкіндік береді», деді Н.Нығматулин.

Ал заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов аталған хаттама ақпарат алмасу жолымен екі мемлекеттің салық қызметтерінің ынтымақтастығын одан әрі дамытуға және Қазақстан Республикасына жекелеген кіріс түрлеріне салық салу құқығын беру бөлігінде конвенцияның жекелеген ережелерін қайта қарауға бағытталғанына басымдық берді. «Осы хаттамамен «Қазақстан» терминіне өзгеріс енгізілді, сондай-ақ конвенцияда қолданылатын қазақстандық салықтардың атаулары қолданыстағы заңнамамен нақтыланды. Оған қоса елдің экономикалық мүдделері ескеріліп, салық салу мәселелерін нақтылау немесе қайта қарау бөлігінде өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, тұрақты мекемеге, басқа да кірістерге қатысты өзгерістер мен толықтырулар, сондай-ақ уағдаласушы мемлекеттердегі резиденттікті айқындауды реттейтін бап ережелері нақтыланды», деді Б.Сұлтанов. Ал қосымша баяндама жасаған Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Алек­сандр Суслов болса, салықтық жалтару­ларды болғызбау және салықтық қызмет­тер арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мақсатында резиденттікті айқын­дауды реттейтін бірқатар бапқа ақпарат ал­масуға, жеңілдіктерді шектеуге және салық­тарды жинауға көмек беруге қатыс­ты түзетулер енгізілгендігін атап өтті.

Одан кейін депутаттар күн тәртібіне сай «Қазақстан мен Ирландия Үкіметтері арасындағы Табысқа салынатын са­лық­тарға қатысты қосарланған салық салу­ды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвен­цияны және оған хаттаманы ратифи­ка­циялау туралы» заң жобасын мақұл­дады. Бұл конвенцияның мақсаты – ин­вес­тициялар үшін қолайлы жағдай жасау арқылы Қазақстан мен Ирландия ара­сындағы экономикалық ынтымақ­тастықты нығайту және кеңейту болып табылады. Қаржы министрі Б.Сұлтанов таныстырған конвенцияда осы немесе өзге уағдаласушы мемлекеттің резиденттері болып табылатын заңды және жеке тұлғалардың кірістеріне қо­сарланған салық салуды болғызбау көзделеді. Ал Қаржы және бюджет коми­тетінің мүшесі Екатерина Никитинс­каяның түсіндіруінше, құжатта қосар­ланған салық салуды болғызбау әрбір уағ­дала­сушы мемлекеттер конвенцияның ереже­леріне сәйкес салық төлеушіге салық­ты бір рет қана – уағдаласушы мемле­кет­тердің бірінде төлеу мүмкіндігі қамта­масыз етіледі. «Екінші мемлекет салық заң­намасында белгіленген әдіске қарай, оған төленген салық сомасына есепке жат­­қызады немесе екінші мемлекетте салық салу бойынша жүргізілген кі­рісті салық салынатын жиынтық кірістен алып тастайды», деді ол өз сөзінде.

Отырыс аясында Мәжіліс депутаттары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына Сенат ен­гізген өзгерістермен келісіп, Қазақстан Үкі­меті мен Әзербайжан Үкіметі арасын­дағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады. Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы халықаралық автомобиль қатынасында жолаушылар мен жүктерді тасымалдауды, олардың ау­мақтары арқылы транзитті жүзеге асыру үшін құқықтық негіз жасауды көздейтін бұл құжат аясында мемлекеттер арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықты белсенді дамыту мен іскерлік байланыс­тарды тереңдету қарастырылады.

Сондай-ақ осы күні Мәжіліс Қазақстан мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Орта білім беруді жаңғырту жобасы) ратификациялау туралы және Теңіз кеме қатынасы қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз іс-әрекеттермен күрес туралы конвенцияға 2005 жылғы хаттаманы ратификациялау туралы сынды бірқатар ратификациялық заң жобалары бойынша бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімдерін белгіледі. Сонымен қатар депутаттар жиын аясында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшелері М.Сәрсембаев пен В.Фоостың өкілеттіктерін өз өтініштері бойынша мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы қабылдап, З.Баймолдина мен Н.Годунованы Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі қызметіне тағайындады.

Отырыс соңында әдеттегідей халық қа­лаулылары сөз алып, Г.Бижанова, М.Ма­геррамов, А.Смағұлов, Е.Бектұрғанов, Н.Микаелян, З.Балиева, Ж.Омарбекова, А.Рау сынды депутаттар орталық мемлекеттік орган басшыларының атына өз сауалдарын жолдады.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»