12 Қараша, 2011

Қойнауы құт, жері бай, өркенді өңір – Ақтөбе!

441 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін
15-16 қарашада Астанада Ақтөбе облысының күндері өтеді

ТҰРАҚТЫ ДАМУДЫҢ ТҰҒЫРЫ БЕРІК

Ақтөбе облысы – ел экономикасының серпінді дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан өркенді өңір. Жері құт, қойнауы қазыналы аймақта бұл қарқын Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында үдей түспесе кеміген жоқ. Бұл «Әуелі экономика, содан кейін саясат» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлағатты ұстанымының, көрегендік саясатының нәтижесі. Облыс әкімі Архимед МҰХАМБЕТОВПЕН сұхбатымыздың өзегіне негізінен қол жеткен жетістіктердің қаншалықты салмақты екендігі, алдағы атқарылар шаруалардың қаншалық­ты ауқымдылығы арқау болуы да сондықтан. – Архимед Бегежанұлы, сіз облыс бас­шылығына біраз тәжірибе жинап, ысы­лып келдіңіз. Және өңір тізгінін ұс­тауы­ңыз Тәуелсіздіктің 20 жылдығына да­йын­­дықты тиянақтар кезге тура келді. – Мен осы қызметке тағайындалуға бар­ғанымда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мерейтой аясындағы шаруалар адамдар­дың өздеріне жасалып жатқан жағдайды сезінетіндей дәрежеде болуын тапсырды. Сондықтан да мен өзімнің аудандарға жұ­мыс сапарымды қызметке кіріскеннен кейін іле-шала бастап кеттім. Барлық аудандарда, алыс ауылдарда болып, адам­дар­дың тұрмыс-тіршілігімен етене таныстым, өзек­ті мәселелерді бақылауға алдым. – Нақтырақ айтсақ? – Осы бір тарихи сәтте артта қалған жыл­дарға көз жүгіртсек, өткен жылы­мыз­дың табыссыз болмағанын аңғарамыз. Об­лыстың аймақтық жалпы өнімі 2010 жылы 1993 жылмен салыстырғанда 822 есе өсті. Мерекелі жылы оның көлемін 1 трлн. 300 млрд. теңгеге жеткізуді жоспарлап отыр­мыз. Бұл көрсеткіш тұрғын­дардың жан басы­на шаққанда 787 есе өсті. Үстіміздегі жылы аймақтық жалпы өнім жан басына шаққанда 11 мың доллардан келеді деп күтілуде. Соңғы он жыл ішінде өнеркәсіп секторындағы өнім өндіру 10,3 есе өсіп, өткен жылы 962 млрд. теңге құрады. Біздің өңір өзінің үлесі бойынша еліміздің жалпы өнеркәсіп көлемінде алғашқы бестіккке кіреді. 1996 жылы облыс еліміздің өнеркәсіп өндірісінің 3,8 пайызын қамтамасыз етсе, қазір аймақтың үлесі 8,0 пайызға жетті. Елбасы ұсынған индустриялық-инно­ва­циялық бағдарламаны жүзеге асыру бізді жаңа істерге жігерлендіреді. Облыс тек соңғы жеті жыл ішінде 400-ге жуық инвестициялық жобаларды жүзеге асыр­ды, бұл 25 мың адамды жұмысқа орна­лас­тыруға мүмкіндік берді. Соңғы он жылда күрделі қаржы көлемі 2 триллион теңгеге жетті. Үстіміздегі жылы 74,0 млрд. теңге тұратын 27 жоба жүзеге асы­рылуда. Индустрияландыру картасына 521,4 млрд. теңге болатын 63 жоба енгізілді, осы жобалар жүзеге асқанда 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. – Үстіміздегі жылдың экономикалық даму көрсеткіштеріне көңіліңіз тола ма? – Бұл жағынан да ілгерілеу бар. Үс­ті­міздегі жылдың он айында эконо­ми­ка­ның барлық секторында өсім қарқыны сақтал­ды және бұрынғыдан да нығая түсті. Осы кезеңде аймақтық жалпы өнім жан басына шаққанда 10300 АҚШ дол­ларын құрады. Сондай-ақ, өндірілген өнім көлемі 1 трлн. теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңі­мен салыстырғанда 108,4 пайыз болды. Үс­ті­міздегі жылдың он айында өңдеу өнер­кәсібінің өсімі 105,2 пайыз болды. Өткен жылы өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнім­ді­лігі бір адам­ға шаққанда 28,8 мың АҚШ доллары бо­лып, 29,7 пайыз артса, биыл бұл көр­сет­кіш бір адамға 43,3 мың АҚШ дол­ларын құрады. – Экономиканы дамытудың тағы бір жолы шағын және орта бизнестің үлесін көбейту екені белгілі. Бұл ба­ғыт­тағы облыстың қадамдары қандай? – 2000-2011 жылдары шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамыды. Осы кезең­де субьектілер саны 24,2 есеге өсіп, 29 мың бірлікті құрады. Оларда жұмыс істейтіндер саны 5,5 есе өсті, өндірілген өнім көлемі 1,5 миллиард теңгеден 350,0 миллиард теңгеге дейін ұлғайды. Бюджетке түсімдер 70,0 мил­лиард теңге бол­ды немесе 27 есе өсті. Былтырдан бастап, экономиканың басым салаларында қызмет ететін шағын және орта бизнес субьектілеріне кешенді қолдау көр­сетуге бағытталған «Бизнестің жол кар­тасы – 2020» бағдарламасы жүзеге асы­рылу­да. Бағдарламаны жүзеге асыруға 2010-2011 жылдары республикалық бюд­жеттен 2088,8 миллион теңге бөлінді.Бағ­дарламаны жүзеге асыру кезеңінен бастап жұмыс­шы­лар саны 5,6 мың адамды құрай­тын 200-ден астам кәсіпорынға мемлекеттік қолдау көрсетілді. – Соңғы жылдардағы қуаңшы­лық­тың салдарынан шаруалар біраз қиындық көрді. Егіншіліктің тәуекел аумағында орналасқан біздің өңір үшін саланы жүргізудің оңтайлы жол­дарын іздестіретін кез келген жоқ па? – Жалпы, ауыл шаруашылығын ғы­лы­­ми негізде жүргізуге бағыт ұстау бүгінгі күннің басты талабы. Биыл бұрынғы жыл­дар­ға қа­ра­ғанда тым-тәуір астық жина­лып, диқан­дар бір серпіліп қалды, енді осы­ны тия­нақ­тайтын ізденістер жасау керек. Мал шаруа­шы­лығында да біраз ізденістер бар. Агро­өне­ркәсіптік кешенді д­а­мы­ту үшін екі стра­тегиялық міндеттерді жүзеге асыру көз­делу­де. Об­лыс­та азық-түлік қауіпсіз­ді­гін қамта­масыз ету, бәсекеге қабілетті өнім өн­діру және экспорттық мүмкіндікті арт­тыру қолға алынуда. Осы мақсатта 2010 жы­лы Мәр­төк ауданында жо­балық қуаты жылына 7200 тона сүт өн­діретін 1100 сиырлық «Айс» ЖШС-ңің тауар­лы сүт фермасы іске қо­сыл­ды, үсті­міздегі он айда әр сиырдан 4266 литр сүт сауылды. «Париж Ком­му­насы» ЖШС-нің Бестамақ мал ша­руа­­шылығы кешенінде жылына 40 мың шошқа өсіріліп, 3,5 мың тонна ет да­йын­да­лады. Жылына 1500 тонна қызанақ өсі­ре­тін «Изет Гренхаус» ЖШС-нің жы­лы­жай ке­шені іске қосыл­ды. «Көк­тас Ақтөбе» ЖШС-нің «Аққұс» құс фаб­ри­ка­сының сегіз құс қора­сы­ның қайта жарақтан­ды­ры­лып, жаң­ғыр­тылуы құс етін өндіруді был­тыр екі есе арттырды, мұндай қайта жарақ­тандыру «Рамазан» ЖШС құс фабри­ка­сын­да да жүр­гізілді. «Сыбаға» бағ­дарла­ма­сы бойынша үсті­­міз­дегі жылы ауыл ­ша­руа­­шы­­лық құры­лым­дары 2383 ірі қара са­тып алды, тапсырма 103,6 пайыз орындалды. – Облыстағы жұмыссыздықты жою және кедейшілікпен күрес жайы­на тоқтала кетсеңіз ? – Үстіміздегі жылы облыста 14392 жа­ңа жұмыс орны ашылды, бұл жылдық жос­пардың 118,9 па­йызы. Облыс бойын­ша 10103 жұмыссызға жұмысқа орна­ласу­ға қолдау көрсетілді. Тұр­ғындардың мақ­сат­ты тобына жа­та­тын жұмыс­сыз­дарды жұмысқа орналастыру үшін кәсіп­орындар мен ұйым­дарда 1429 әлеуметтік жұмыс ор­ны құ­рыл­ды, 3983 адам қо­ғам­дық жұ­мыс­қа тар­тыл­ды. Ел­ба­сы­ның тікелей тап­сыр­ма­сы­мен да­­йын­­­­дал­ған «Жұ­мыс­­пен қам­ту – 2020» бағ­­дар­ла­масы еңбек ры­­но­­гын­­дағы өзекті мә­­се­лелерді шешіп, жұ­­мыс­сыз­дықпен күрес­ке сер­­­пін беретін жа­ңа қа­нат­қақты бағ­дар­ла­ма. Үстіміз­дегі жы­лы бағ­дар­­ла­ма­ның үш ба­ғы­ты бойынша оған 5132 өз бетінше жұмыспен айналы­су­шы­лар­ды, жұ­мыссыздарды және табы­сы аз адам­­дар­ды тарту көзделді. 2786 адам­ды ең­бек­ке ор­на­ластыруға ықпал ету, оның ішінде 786 адам­ды еңбекақысы ішінара субси­дия­­лан­дырылатын әлеуметтік жұ­мысқа тарту қаралған болатын. Қазіргі таңда 1017 адам әлеуметтік жұмысқа орналасты. – Елбасы Н.Назарбаев биылғы Жол­дауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуды, халық­ты тұрғын үймен қамтамасыз етуді қадап тапсырды. Бұл тапсырманың орындалу барысы қалай? – Тәуелсіздік жылдары ішінде ай­мақ­та 4,3 млн. шаршы метр тұрғын үй пай­да­лануға берілді. Облыста 2001 жылы бар­лық қаржыландыру көздері бойынша іске қосылған тұрғын үй 80,9 мың шаршы метр болса, биыл бұл көрсеткіш 400,8 мың шар­шы метрге жетеді деп отырмыз. Үсті­міз­дегі жылдың он айында 306,0 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстыр­ғанда 101,1 пайызды құрайды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лығын жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру облыста жақсы басталды. Бағдар­ла­маның бірінші тетігі бойынша респуб­ли­калық бюджеттен «Ақтөбе» ӘКК ар­қылы бөлінген 120 миллион теңгеге са­лын­­ғанына 40 жылдан асқан сегіз үйге, ал екінші тетігі бойынша респуб­ликалық бюджеттен бөлінген 343750 мың теңгеге оператор «ТабысАқтөбе» ЖШС 45 үйге жөндеу жұмыстарын аяқтады. Биыл бағ­дарламаны жүзеге асыруға көп пәтерлі тұрғын үйлердің 7 мың адамы қатысты, 600-ден астам адам жұмыспен қамтылды. – Ақтөбе қаласы қанатын кеңге жа­йып келеді. Елбасының шаһардың 140 жыл­ды­ғында болашақта Ақтөбе миллион тұрғыны бар қала болуға лайық деген ақжолтай тілегін естігенбіз. Бұл ізгі ниеттің жүзеге асуы жолында қандай жұмыстар тындырылуда? – Ақтөбе болашақта миллион тұрғы­ны бар үлкен мегаполис болады деп күтілуде. 2000 жылы тұрғын үй қоры 4,5 миллион шаршы метр ғана болса, соңғы 11 жылда ғана тұрғын үй қоры 2,6 миллион шаршы метрге өсті. Тек мемлекеттік бағдарлама аясында 2,3 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. Қазіргі таңда Нұрсұлтан Әбішұлы­ның тапсырмасымен Ақтөбе қаласын әлеу­меттік-экономикалық дамытудың моделі жасалды. Перспективалық даму жос­пары бойынша «Ақ­төбе-Сити» ауданы­ның ау­ма­ғы 1000 гектарға жуық болады деп белгіленіп отыр. Осы ауданда Тәуелсіздіктің 20 жыл­дығы саябағының негізін қаладық. Оған 300 мың түп бағалы ағаш көшеттері отырғызылды. Сон­дай-ақ, тұрғын үй бағ­дарламасы бойынша да тұрғын үйлер са­лынады, коммерциялық тұрғын үй салуға тілек білдіріп жүрген кәсіпкерлер де бар. Ақтөбе қа­ла­сының әкім­дігі «Ақ­төбе-Сити» ауданында әкімдік ғима­рат­­та­рын салатын бола­ды. Бұл жерде таяудағы он жыл­дан астам уақыт ішінде 300 мың тұр­ғыны бар, әдемі үлкен аудан бой көтереді. – Елдің ертеңі білімді ұр­пақ екені сөзсіз. Білім сала­сының дамуы қай дәрежеде деген сауал­­дың көкейде тұрға­ны рас... – Соңғы жылдары бұл сала­ға бөлінетін қаржы көбейе түс­ті.  Биыл­дың өзінде білімге бө­лін­ген қаржы көле­мі облыс бюд­жетінің 32,7 пайызын құрап отыр.Тәуел­сіздік алған 1991 жыл­мен са­лыс­тырғанда 202 есе өсіп, 40,5 миллиард теңгеге жетті. Тәуел­сіздіктің 20 жылында ғана 20354 орындық 54 мектеп пай­да­лану­ға берілді. Оның ішін­де 43 мектеп соңғы он жылдың еншісінде. Ал «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бо­­йын­ша 2400 орындық екі мектеп салынды. Соңғы он жылда 402 мектепке дейінгі балалар мекемесі ашылды. Қазір олар­дың саны 503-ке жетті. Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың қолдауына ие болып республикалық акцияға айналған «Ауыл­дың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасы биыл «Қазақ­стан­ның 20 жылдығына – 20 екпінді апта» ұранымен өткізіліп, 92 мың жас елді мекендерді көріктендіру, көгалдандыру, тазарту жұмыстарына тартылды.  – Ең басты байлық адам денсаулығы екенін Елбасы ұдайы айтып жүр. Бар­лық игіліктер адамға қызмет етуі тиіс. Осы мәселеге кеңірек тоқтала кетсеңіз. – Денсаулық саласын қаржыландыру 1995 жылғы 1,2 млрд. теңгеден 2011 жылы 29,6 млрд. теңгеге өсіп, 20 есеге артты. Тәуелсіздік жылдарынан бері 139 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріліп, 293 нысан жөнделді. Республи­ка­ның денсаулық саласын дамытудың «Саламат­ты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы сияқты ұлттық деңгейдегі ұзақ мерзімді стратегиялық бастамалар жүзеге асыры­лу­да. Денсаулық сақтау саласын дамыту бо­йынша алынған шаралар облысты меди­циналық қызметпен толықтай қамтуға қол жеткізді. Жылдан-жылға денсаулық сала­сы­ның бюджеті артып келеді. – Облыста «Мәдени мұра» бағдар­ламасын жүзеге асыруға, ұлт­тық құн­ды­лықтарымызды қастер­леуге бай­ла­ныс­ты қандай жұмыстар жасалды? – Осы жылдарда тұрғындарға мәдени қызмет көрсету сапасы жақсарды. Мәде­ни және өнер мекемелерінің, ұжым­дары­ның саны артты. Тарихи-мәдени мұра­лары­мызды насихаттау жүйелі жүргізілу­де. 14-15 ғасырлардағы Абат-Байтақ бірегей ескерткіші қалпына келтіріліп, Қобыланды батырдың кесенесі тұр­ғызылды. Облыс орталығын­дағы Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова­ның мемориалдық кешені мен Батырлар аллеясы тарих­қа тағзым етудің белгісі. 1999 жылы облыс бойынша 201 мәде­ниет мекемесі жұмыс істесе, үстіміздегі жы­лы оның саны 481-ге жетіп отыр. Осы жыл­дар­да 280 мә­де­ниет мекемесі, оның ішінде 111 клуб, 142 кітапхана, 10 мұра­жай жә­не бас­қа 17 мәдениет пен өнер мекемелері жа­ңа­дан ашылып, тұрғын­­дар игілігіне айналды.

САПАЛЫ ӘРІ ТИІМДІ

Біздің серіктестіктің жылу ұстағыш газды-бетон бұйымдарын шығаратын зауыты германиялық техно­ло­гияға негізделген кәсіпорын. Мұндай зауыт елімізде небәрі екеу-ақ. Біреуі бізде, екіншісі Астанада. Біздің өнімдеріміздің жылу ұстағыш, отқа төзімді, жеңіл де өнімділігіне байланысты силикат кірпіштен тоғыздан астам артықшылығы бар. Газды-бетон блок­тары жеңіл де үлкен, сондықтан қабырғаларды тез қалау­ға болады. Ал, кірпішке қарағанда ерітінді 5-7 есе аз жұмсалса, қалау шапшаңдығы 3-4 есе артады. Тас пен ағаштың қасиеттерін бойына қатар сіңірген газды-бетон бірегей жоғары технологиялық құрылыс мате­риа­лы. Газды-бетоннан салынған ғимарат қыста жылы, жазда қоңыр салқын қалыпты ұстап тұрады. Біздің өңірде газды-бетон шығаруға қажетті кварц құмы, әк және басқа материалдар жеткілікті. Қазір кәсіпорында шығарылатын өнімдер ішкі рынокты бірте-бірте толтырып келеді. Енді елімізден тысқары жер­лерге шығаруды ойластырудамыз. Кәсіпорында шыға­ры­латын газды-бетон блоктары бәсекеге қабілетті, халықаралық стандарттарға толық жауап береді. Жобаны жүзеге асыруға 25 миллион долларға жуық қаржы салынды. Зауыт әлі толық қуатында жұмысқа көшкен жоқ. Жобалық қуаттың 75 пайызы ғана игерілді. Дегенмен, жақын күндері өнім өндіруді анағұрлым арт­тыруға мүмкіндік мол. Біздің құры­лыстық газды-бетон блоктарымызға Қызыл­ордадан, Ақтаудан, Оралдан және Атыраудан тапсы­рыс­тар түсуде. Ал, кәсіпорын толық қуатында жұмыс істегенде айына өнім өндіру көлемін 10 мың текше метрге дейін жеткізуге болады. Қазір зауытта 160 маман жұмыс істейді. Өндірісте қолданылатын озық технология маман жұмыс­шылардан кәсіби біліктілікті талап етеді. Мұнда бәрі электроникамен байланысты, қондырғылар автомат­тан­дырылған, оларда жұмыс істеу үшін арнаулы білім керек. Сондықтан кәсіпорында мамандар мен жұ­мысшыларды даярлауға, олардың кәсіби біліктілігін жетілдіруге ерекше мән беріледі. Осындай игі істердің нәтижесінде зауыт «Қазақ­стан­ның үздік тауары» республикалық конкурсында «Халық үшін үздік тауар» номинациясы бойынша жеңімпаз болды. Ерболат РАХЫМБАЕВ, «Экотон-Батыс»ЖШС директоры.

ІЗДЕНІСТЕР МЕН ИГІ ІСТЕР

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты осы міндеттер үдесінен көрінуге жұмылып отырған бірден-бір жоғары оқу орны. Институт ректоры Ғалымжан Нұрышевтың мәлімдеуінше, өткен жеті жыл ішінде инс­титуттың материалдық базасы анағұрлым жақсар­ды. Оның дәрісханалары, оқу бөлмелері мен зертханалар заманауи қондырғылармен жабдықталды, оқу ғи­марат­тарын, құрылымдық бөлімдерді толықтай қам­ти­тын бірыңғай компьютерлік желімен жарақтан­дырыл­ды. Студенттер тұрақты түрде институттың веб-сай­тын, интернет қызметін пайдаланады, мұқтаж студенттердің бар­лы­ғы дерлік «Студенттер» үйінде орналасқан. Профессор-оқытушылар құрамының ғылыми дәрежелілігі 46,8 па­йызды құрайды. 11мыңнан астам түлектердің 81пайызы ауыл мектептерінде еңбек етуде. Жылдан-жылға студенттер құрамының сапасы жақсарып келеді. Мысалы, биыл­ғы оқу жылында студенттер контингентінің 60 пайыздан астамы мемлекеттік грант негізінде оқып жатыр. Биыл ресми баспасөз бетінде жарияланған тәуелсіз сараптама қорытындысы бойынша институт педаго­ги­калық жоғары оқу орындарының арасында 2-ші орын­ға шықты, алты мамандық бойынша алдыңғы үш­тіктен көрінді. Институтта республикада ал­ғашқылардың бірі болып оқыту жүйесін кредиттік технологияға толықтай көшіру жүзеге асырылды. Бұл жоғары оқу орны Болон үдерісінің толыққанды мүшесі, бүгінгі күні оқытушылар мен студенттердің академиялық ұт­қыр­­лы­ғын іске асырып, дамыту мәселесі қолға алынуда. Институтта іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізетін 4 ғылыми зертхана мен орталық жұмыс істейді. «Педагогикалық шеберлік шыңына» атты институтішілік педагогикалық олимпиада жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Мұнда «Жас педагог мектебі» жұмыс істейді. Бүгінгі таңда институт алыс және жақын шетелдердің 27 жоғары оқу орнымен тығыз байланыс орнатқан. Биыл институт жанынан «Конфуций институты» ашылды. Жалпы, соңғы екі жылдың ішінде институттың 13 оқытушысы, 12 магистранты және аспиранты шетелдерде ғылыми іссапарда болып, 13 оқытушы алыс-жақын шетелдерден әртүрлі біліктілік көтеру курстарынан өтіп келді. Биыл Президенттің «Болашақ» стипендиясы негізінде институттың 5 оқытушысы Польша мен Ресейде ғылыми тағылым­дамада болып қайтыпты.

*  *  *

ТАТУЛЫҒЫМЫЗ ТҰРАҚТЫ, БІРЛІГІМІЗ БЕРІК

Тәуелсіздіктің 20 жылдығы тамаша табыстарға толы. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев егемен елімізді небір күрделі кезеңдерде тура бағыттан адастырмай алға бастап, тәуелсіздіктің тұғырын бекітетіндей берекелі істер бекемдегенін барша қазақстандық анық сезініп отыр. Осы жылдарда Қазақстанды әлемге танытты, мемлекеттілігін қалыптастырды, алыс-жақын шетелдерде абы­ройын ас­қақ­­татты. Астананы Арқаға көші­ріп, ешбір мемлекет бас­шысының дәті бармайтын ға­сыр­лық жобаны жү­зеге асыр­ды. Айта берсе, тәуел­сіз­дік жыл­дары атқа­рыл­­ған шаруалар қисапсыз көп. Қазақстан хал­қы Ассамблеясының жиын­дарына келген сайын Ас­тананың қанатын кеңге жайып, көріктене түскеніне тәнті боламын. Бірінен бірі асып түсетін алып ғимараттардың қалайша тез бой түзеп қалғанына таңданамын. Астана жыл санап, ай санап емес күн сайын сұлулана түсетін сияқты болады да тұрады. Ас­та­наның айбындылығы өңірлерге де сәу­лесін түсіріп, жаңаруға бастап келеді. Біздің Ақтөбенің де сыланып жа­са­рып, жаңғырып келе жатқаны рас. Мұ­ны айтып отыр­ғаным, тәуелсіздік бізді ғарыштық жыл­дым­дықпен өмір сүруге жетелеп келе жатқандай айналаң оң өзгерістер, өміршең істерге толы. Біздің ата-бабаларымыздың алыстағы Болгариядан, Бес­­сарабиядан Ақтөбе жеріне қоныстанғанына бір ға­сыр­­дан астам уақыт болған екен. Міне, содан бері осы Бол­гарка ауылында біздің ата-бабалары­мыз­дың төртінші-бе­­сін­ші ұрпағы тұрып жатыр десем артық айтқандық бол­мас. Болгарлар осында тұрып жатқан халықтармен біте қайнасып, құда-жекжат болып кетті. Болгарка ауы­лын­да ондаған ұлттың өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Көбі бірнеше тілді түсінеді, сөйлейді. Қиын кезде қо­нақ­жай­лық таныт­қан қазақ халқына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Елбасының елімізде ұлтаралық келісімді нығай­ту­да­ғы бастамалары қашанда халықтан қолдау тауып жа­та­ды. Қазақстан халқы Ассамблеясы Елбасы баста­ма­сы­мен дүниеге келген тәуелсіздіктің төл перзенті. Нұр­сұл­тан Әбішұлы, біздің басты жетістігіміз – жүзден астам ұлттар мен ұлыстардың бір елде татулықта, бірлік пен бейбітшілікте өмір сүріп жатқанымыз, мұны айрық­ша бағалау, қастерлеу керек деп үнемі айрықша атап өтеді. Біз егеменді еліміздің ертеңі үшін еселі еңбек етіп, ұла­ғатты ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Ел ертеңінің темір­қазығы болатындай ұрпақтарымыз да достықтың, тату­лық­тың үлгісін көрсетуі қажет. Сонда ғана тәуелсіздік тұғыры бұрынғыдан да беки түседі, өмір­шеңдігі ұзарады. Паввег МАГЛЕЛИ, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.

* * *

НЕСІБЕ

(Жырауларша әсірелеу)

Ай-хай, дүние, сайран самал соғады, Тоқ шаңырақ, құт ірге. Ақтөбені көрмегендер көп әлі. Келдің. Көрдің. Шүкір ме?   Уа, көрдіңіз! Жайдары жұрт, кішік ел, Көркем әлем, көк арай! Талай-талай ақылы мол кісілер Ақтөбені сағынбайды, ...О, қалай?   Ақтөбенің Алматыдан несі кем, Астанадан немесе?.. Түсіндіріп берер едім, кешігем, Өзің айтшы, жеңеше.   Ұқтырар ем, жол күтіп тұр, кешігем, Алматыға асықтым. Алматыда, уай, менің артық еді несібем, Бірақ ылғи Ақтөбеге ғашықпын.   Ақтөбеде сайран самал соғады, Күледі Күн, толады Ай. Ақтөбені көрмегендер көп әлі, ...Обал-ай!                         Ертай АШЫҚБАЕВ.

* * *

ІЛГЕРІЛЕУ ҚАДАМДАРЫ

Біздің серіктестік Қарғалы ауданындағы 1 миллиард тонна темір кені қоры бар Велихов кенішін игеруді 2006 жылы қолға алды. Яғни, бұл кеніштегі кеннің қоры 100-150 жылға жетеді. 2008 жылдан бастап Солтүстік Велихов кен орынын жылына 5,0 млн. тонна темір кенін ашық әдіспен өндіру үшін кеніш құрылысын салумен бірге, өндірістік игерудің бірінші кезегін жүзеге асыру басталды. Кеніш құрылысы мен инфрақұрылым құруға 15 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынды. Серіктестікте жаңадан 160 жұмыс орны ашылды. Олардың дені жергілікті тұрғындар. Әртүрлі фракциядағы темір кені түріндегі өнім Ресейдің Магнитогор, Қытайдың Баган зауыттарына және өзіміздің Соколов-Сарыбай кен өндірістік бірлестігіне жөнелтілуде. Кәсіпорын аудандағы ең ірі салық төлеуші болып табылады. Елбасының Қазақстан халқына биылғы Жолдауына сәйкес Велихов кен орнының екінші кезегін игеруге қадам жасалуда. Жобаның мақсаты Ақтөбе қаласындағы «SBS Steel» ЖШС салуды жоспарлап, электр-металлургия зауытын жылына 5,0 млн. тонна темір шикізатымен қамтамасыз ету және тау-кен кластерін жасау үшін кен өндіретін және өңдейтін және 1,0 млн. тонна темір концентратын шығаратын тау-кен байыту кешені құрылысын салу болып отыр. Салынған инвестицияға Қарғалы кен байыту комбинатында ашық әдіспен темір кенін өндіру және өңдеу, сондай-ақ, магниттік сепарациялау ар­қы­лы тауарлы темір концентратын алу бойынша өндірістік қуат­тарды инфрақұрылымдық нысандар бой көтереді. Өндіріс сапа жүйесінің халықаралық стандарт жүйесіне сәйкес ұйымдастырылады. Жобаның барлық технологиялық бөлімі халықаралық стандарттарға сәйкес орындалды. Техн­о­ло­гиялық бөлімшелер іске қосылғаннан кейін олардың бар­лығы да халықаралық талаптарға сәйкес сертификатталатын болады. Кеңесхан ІРГЕБАЕВ, «Ақтөбе Темір ВС» ЕК» ЖШС-нің техникалық директоры. Қарғалы ауданы.

* * *

ЭКСПОРТҚА ШЫҒАРЫЛАТЫН ӨНІМ

Бұл жобаны жүзеге асырудың бастауында Елбасымыз тұрды десем, артық айтқандық бола қоймас. 2006 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеге сапары кезінде мен басқаратын «Әлия» жабық базарында болды. Сауда қатар­ларын аралап келе жатып еттің бағасын көріп, сіздерде ет қым­бат деп еді, арзан ғой деді. Мен Нұрсұлтан Әбішұлы, ет­тің осындай бағасын тұрақты ұстап тұру және ол сапалы болуы үшін үлкен мал шаруашылығы кешені болу керек деп айтып қалдым. Менің дәлелдерімді құлақ қоя тыңдаған Ел­басы олай болса қолға алыңыз да, іске кірісіңіз дегені бар емес пе? Содан еліміздің өзге өңірлерін аралап, бізбен әріптестік жұ­мыс істейтін фирмаларды іздестіріп, келісім-шарт жасастық. Кешен құрылысын салуға Бестамақтағы бұрынғы құс фабрикасы тұрған жерді бөлді. Алдымен 40 мың шошқалық мал шаруашылығы кешені құрылысының жобасын жасаттық. «РІС» трансұлттық компаниясынан алғашқыда 1400 мегежін әкелдік, қазір оған өзіміздің 1800 мегежін қосылды. Бастап­қыда жылына 2,5 мың тонна шош­қа етін өндіріп келсек, биыл оны 3,5 мың тоннаға жеткізгелі отыр­­мыз. Қазірдің өзінде 2,5 мың тонна шош­қа етін өткіздік, жыл аяғына дейін тағы да 1 мың тонна өт­кізу­ге мүмкіндігіміз бар. Осыншама шошқа етінің 90 пайызы Ресейге өткізіледі. Өз­дері келіп алып кетеді, сұраныс өте жоғары. Жалпы, елімізде кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасалған. Осындай қолдауды сезіну жаңа биіктерге ұмтылдыратыны сөзсіз. Бұл Елбасының сарабдал саясатының арқасы, еліміздегі бірлік пен татулықтың нәтижесі дер едім. Сондықтан тың жігермен еңбек ету әр қазақстандықтың борышы деп білемін. Солай болатынына сенемін де. Оған еліміздегі экономикалық дамудың бүгінгі қарқыны мен алда атқарылмақ шаруалардың ауқымы дәлел болғандай. Гайк ТЕРТЕРЯН, «Париж Коммунасы» ЖШС директоры. ________________________ Материалдарын дайындаған «Егемен Қазақстанның» Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі Сатыбалды СӘУІРБАЙ.