Шамғон Қажығалиев өзінің ерекше қабілетінің арқасында 1950-жылы Алматы консерваториясын үш мамандық бойынша бітірген. Атап айтқанда, домбыра бойынша Қазақстанның халық әртісі Қ.Жантілеуовтен, скрипка бойынша профессор И.А.Лесманнан дәріс алған және халық аспаптар факультетінде оркестрмен дирижерлеуден А.Қ.Жұбанов пен Л.М.Шаргородский сыныбын тәмамдаған. Сондай-ақ 1964 жылы Ленинград консерваториясының опера-симфония дирижері факультетін (профессор Э.П.Грикуровтың сыныбы бойынша) бітірді. Ахмет Жұбановтың дарынды шәкірттерінің бірі болды. 1944 жылы консерватория ашылғанда Ахаңның 6 шәкірті болған, олар: Шамғон Қажығалиев, Фатима Балғаева, Құбыш Мұхитов, Хабидолла Тастанов, Болат Сарыбаев және Фуат Мансұров. Осы алты дарын иесі де кейін өнер әлеміндегі жарық жұлдыздарға айналды.
Мен 1967 жылы Оралдың музыкалық училищесін бітіріп, Алматыдағы консерваторияға оқуға түстім. Онда Қаршыға Ахмедияров, Шәміл Әбілтаймен бірге оқыдық. Қаршыға екеуміз конкурстан өтіп, Құрманғазы атындағы оркестрге қабылдандық. Міне, біз сол кезден бастап Шамғон ағаның өнегесін көріп өстік. Оқи жүріп, бес жыл бойы оркестрдің құрамында өнер көрсеттік. Консерватория бізге теориялық білім берсе, ал оркестр практикалық консерваторияға айналды. Халық арасында осылай аталушы еді. Оркестр құрамында Рүстембек Омаров, Бақтияр Құбайжанов, Айса Шәріпов, Самиғолла Андарбаев, Ғинолла Исмағұлов, Абдол Ниязқожаев деген ел ағалары болды. Солардан тәлім-тәрбие алдық.
Оркестр құрамында бірге жүру, бір ұжымда сыйластықпен еңбек ету, сыпайы да салмақты болу, сахна мәдениетін сақтау, көрерменмен ілтипатты байланыс орната білу – осының бәрі өмір мектебі. Бүгінгі таңда да жастарға айтар ақыл-кеңесіміз бар, өйткені жасы үлкен адамдар кейінгі толқын бұрыннан келе жатқан жақсы дәстүрді жалғастырса екен, киелі өнерімізді шоуға, даңғазаға айналдырмаса екен деген тілектерін білдіреді. Дәстүрлі өнердің төл қасиеті сақталғаны жөн.
Қадыр Мырза Әлі ағамыз «Нағыз қазақ қазақ емес, Нағыз қазақ – домбыра!» деп тегін айтпаған ғой. Шынын айтқанда, қазақты қазақ етіп отырған да домбыра. Ал сондай ұлттық құндылығымыз – домбырамызды қастерлей алмасақ, кім болғанымыз?
Жас ақын Серік Сейітманның:
«Домбыраның пернесінде ән ғажап,
Домбыраның шанағында зарлы
азап.
Қазақ болып қалды мәңгі домбыра,
Домбыра боп қалса екен-ау әр қазақ!», деген ғажап жыр жолдары бар. Қадыр ағамыздың өрелі ойын әрі қарай жалғастырып тұр емес пе?!
Шамғон ағамыз күй өнерін киелі санаған жан. Күйдің ырғағының, екпінінің, орындалу шеберлігінің сақталуына өте қатаң қарайтын еді. Кез келген күй не музыкалық шығарма орындалғанда, оның бір қағысы не артық, не кем болуына жол бермейтін-ді. Күйді бұзып немесе өзінше бір мәнермен орындайтындарға жаны қас болды.
Шәкең басқарған оркестрде мен 15 жылдай еңбек еттім. Шамғон ағаның қасында жүрдік, ақыл-кеңесін қалт етіп, қағыс жіберген емеспіз.
Шамғон Сағаддинұлы сахна мәдениетіне өте қатаң қарайтын адам еді. Оркестрдің сахнаға шығуына, жеке әншілердің көрермен алдына келіп, өнер көрсетуіне дейін үлкен мән беретін-ді. Өзінің халық алдына шығуы, дирижерлік жасауы, қошемет білдірген халыққа ілтипат білдіруі – бәрі-бәрі бір керемет келісім мен үйлесімділік тауып жататын. Өне бойынан тектілік қасиетті көруші едік.
Жоғары білім алып, дирижер болғандар аз емес қой, алайда кейбіреулер оркестр мен жеке әншіні қосқанда, екеуін бір арнаға түсіре алмай жататын тұстары кездеседі. Оны сырттағы адам көп біле бермейді, ал оркестрдің ішінде отырған адамдар аңғарып қалады. Мен оркестрдің ішінде отырып, Шәкеңнің керемет зеректігін іштен көрдім. Кейбір әншілер әннің бір жерін не қысқартып, созып жіберуі мүмкін, сондайда шебер дирижер ғана оны оркестрмен үндестіріп, «тігісін жатқызып» жібере алады. Оркестрдегі 80 адамды бір екпінде ұстау, жеке әншіні сүйемелдей білу үлкен қабілеттілікті, асқан дарындылықты талап етеді. Мұны күй құдіретін, оркестр өнерін қапысыз меңгерген адам ғана абыроймен атқара алады.
Шамғон Сағаддинұлының және бір үлкен қасиеті – ұлттық дәстүрлі өнер мен еуропалық музыканы терең білетіндігі. Алматы консерваториясынан ұлттық өнерді игергені, ал Ленинград консерваториясынан опера-симфония дирижері мамандығын алуы оны жан-жақты қалыптастырды, сондықтан ол – тұңғыш кәсіби дирижер. Опера – бүкіл өнердің жиынтығы. Операның құрамында күй, би, хор, ән, оркестр, ария – осылардың бәрі бар. Ал соның бәрін басқару, «бір тілде сөйлету» үлкен жүректі дирижерлердің ғана қолынан келеді. Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев кезінде дирижер Шамғонның дирижерлік жасауымен ән салғанды қалап тұратын еді, өйткені тұғырда Шәкең тұрғанда, олар да сенімді болады, ешқандай оқыс жағдай орын алмайды.
Оркестр алдында дирижер тұратын тұғыр «дирижер пульті» деп аталады. Шәкеңнің «Дирижер пультіне бір аттап шығуға болады, ал сол бір аттау үшін қанша тер төгуің керек?» деген қанатты сөзі бар еді. Яғни дирижер болу үшін көп оқуың, көп ізденуің керек екендігін айтқаны ғой.
Сырттай қараған көрерменге сахнаға шыққан адамдар үнемі жарқырап тұрады. «Осылардың өмірі керемет!» деп тамсанады. Шын мәнінде олай емес қой. Мәселен, үш минут өнер көрсетіп, жарқырап шығудың арғы жағында қаншама еңбек жатыр? Соны ескергеніміз жөн. Шәкеңнің тағы бір сөзі бар. Дирижерлік жолды таңдаған жандардың өнері көңілінен шықпай жатса, көп оқып, көп үйрену, үлкендерден тәлім алу қажет екенін айта келіп: «Өзін өзі сыйлайтын дирижер жүз астрономиялық сағаттағы музыканы жатқа білуі керек!» – дейтін еді.
Шамғон аға жас кезінде кездескен қиындықтарға қарамай, Ленинград консерваториясын да жақсы бітірген. Кейде оркестрдегі бір адам дұрыс дайындық жасамаса немесе өз ісіне шынайы берілмегенін байқап қалса: «Мен балам мен әйелімді нан мен суға қаратып отырып оқыдым. Ал сіздер музыканың терең иірімдеріне мән бермейсіздер. Өнер жолына түсу үшін бәрін ұмытып, соған біржола берілуің керек. Әйтпесе, ел сүйсінетін музыка шықпайды», деп ескерту жасайтыны бар еді.
Осы тұста сәл шегініс жасайын. 1947 жылы Алматы консерваториясында домбырашылар конкурсы болды. Сол байқауға Шамғон Қажығалиев, Нұрғиса Тілендиев, Рүстембек Омаров, Хабидолла Тастанов, Сейілхан Құсайынов, Ғылман Әлжанов, Әлмұрат Өтеғұлов сияқты өте мықты домбырашылар қатысқан екен. Сонда бірінші орынды Шәкең алған ғой! Бұл оқиғаны көп адам біле бермейді. Мықтылықтың бір айғағы осындай!
Шәкеңнің өзі де шебер домбырашы екеніне талай рет куә болдық. Айталық, оркестрде отырған кезімізде, бір адам күйдің кейбір тұстарын дұрыс тартпай отырса, Шәкең домбыраны қолына алып, «Қали ағамыз былай тартқан» деп өзі көрсетіп береді. Сондай сәттерде Шамғон ағаның домбыраны шебер тарта білетіндігіне тәнті болдық. Сол қолы пернеге жабысып қалған сияқты, оң қолымен әрбір ырғақты шегелейді! Сонда домбыра шанағынан күй әуені төгіліп жатады. Ал қобызшыларға кеңес бергенде, әдеттегідей қобызды дәстүрлі түрде ұстамай, скрипка сияқты ұстап, ойнап береді. Ол – скрипканы да шебер тартқан адам. Негізі, дирижердің өзі орындаушы болғаны ғажап-ақ! Ал қазақ оркестріндегі дирижер міндетті түрде домбыраны жақсы тарта білуі тиіс, өйткені оркестрде күй домбырамен, қобызбен орындалады. Өзге аспаптар толықтырушы қызметін атқарады.
Шәкеңнің адами қасиеттері де бір бөлек еді. Ол қамқор, мейірбан, кең пейілді, сонымен қатар өзіне де, өзгеге де талап қойғыш болатын. Өтірік пен жалған сөйлеуге, жағымпаздыққа, жылтырақ пен көзбояушылыққа жаны қас болды. Кім болса да, шынын айтқанды, қандай күй тартсаң да, шынайы орындағанды жөн көретін еді. Көп сөйлегенді жаратпайтын. Өзінің ұстазы Қали Жантілеуов көп сөйлемейтін адам болған. Қандай жұмысыңды да іспен көрсетсең болғаны, одан басқа талап қоймайды.
Жалпы, өмірде түйгені мол, көп білетін адамдар тіршілікте ұсақ-түйекке аса мән бермейді. Шәкең, қазақша айтқанда, кесек турайтын ірі жан еді. Қашан да ұжымның береке-бірлігін сақтай білді.
Адамдарды сыйлау қабілеті ерекше болды. Сол қасиетімен ұжымға, аға толқын мен кейінгі буын жастарға үлгі бола білді. Адамдарды сыйлай білетін қасиеті болмаса, 50 жылдай оркестрді басқарып тұра ала ма?!
Шамғон Сағаддинұлының жаны оркестрмен бір болды. Өзі барған жерге оркестрдің де барғанын жақсы көруші еді. Бұл – өзінің ұстазы Ахмет Жұбановтан қалған тәрбие. Бір үлкен қалаға барғанда, үкіметтік концерт болыпты, содан кейін банкетке Ахмет Жұбановтың өзін шақырған да, оркестр-
ді шақырмаған екен. Сонда Ахаң: «Мен бармаймын», – депті. «Неге бармайсыз?» деп сұрағанда, «Оркестр бармаған жерге мен де бармаймын, оркестр керек жоқ жерге, мен де керек емеспін!», деген екен. Содан соң ол кісіні амалсыз оркестрмен қоса шақырған екен.
Құрманғазы оркестрі шетелге де жиі шығып тұрғаны белгілі. 1975-1976 жылдары Италия мен Францияға бардық. Сонда бір стадионда Ермек Серкебаев ағамыз Фигароның опералық ариясын орындағанда мыңдаған көрермен айрықша ықыласпен қабыл алды. Шәкең мен Ермек аға, оркестр үшеуі бір адам сияқты үндестікпен өнер көрсетті. Ол енді бір ұмытылмастай оқиға болды. Сол сияқты, Бибігүл Төлегенова оркестрге қосылып, «Бұлбұлды», «Гауһартасты» айтқанда, ғажап жарасымдылықты көретін едік. Ермек ағамыз «Сұрша қызды», тағы басқа әндерді Құрманғазы оркестрімен айтса екен деп тұратынбыз.
Шамғон Қажығалиевтің салып кеткен даңғыл жолы жалғасын табуда. Бүгінгі таңда Құрманғазы атындағы оркестрге Арман Жүдебаев дирижерлік етеді. Өзі консерватория бітірген, жігерлі, асқан талантты, мықты күйші жігіт. Оркестрдің директоры Нұрғиса Дәуешов те үлкен ұжымның қалыптасқан дәстүрін сақтап, халықты өнердің кәусәр бұлағымен сусындата беру жолында еңбек етіп келе жатқанын айта кеткеніміз жөн.
Өзінің ізін басады деген үлкен ұлы Тілес өмірден ертерек кетті. Мәскеуде оқыған, керемет өнер иесі болатын. Дарынды композитор болып қалыптасып келе жатыр еді. Амал қанша?..
Халқымыз «Орнында бар оңалар» деген. Шәкеңнің өнер керуенін екінші ұлы Нарын жалғастырады деп сенеміз. Қыздарынан тараған ұрпаққа да Шәкеңнің асыл қасиеттері даритыны анық.
Ендігі жерде Шамғон Сағаддинұлының есімін ел есінде қалдыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілгені абзал деп ойлаймын. Алматы, Астана, Орал қалаларында Ш.Қажығалиев есімі берілген көше болса, қандай ғанибет! Шәкеңнің атында өнер мектептері ашылса, орынды болар еді. Алматы қаласында Шамғон ағаның еңселі ескерткіші тұрса, қандай жарасымды болар еді?! Осыған мемлекеттік деңгейде мән беріліп, Үкімет, Мәдениет және спорт министрлігі, ұлтжанды азаматтар үн қосып, қолдау білдіріп, нақты істер жүзеге асырылып жатса, елдігіміздің белгісі емес пе?! Бұған жеке кәсіпкерлер де атсалысуына болады. Осы бастаманы іске асырғандар халықтың да ризашылығына бөленер еді, Шәкеңнің рухы да разы болатыны сөзсіз. Шәкеңдей өнер иесі, дирижер ілуде біреу! Ол – қазақ өнерінің бірегей тұлғасы. Сондай жандарды қадірлеп, пір тұтпасақ, болашаққа не деп барамыз?!
Шамғон Қажығалиевтің өнегелі өмір жолынан, атқарған қыруар еңбегінен кейінгі жастар үлгі алуы керек. Ол – елге, халыққа адал қызмет етудің үлгісін көрсетіп кеткен адам. Өнерді қадірлейтін халқы барда, Шәкеңнің есімі ешқашан ұмытылмайды, өйткені ол – ел жүрегінде сақталатын киелі өнер иесі.
Айтжан ТОҚТАҒАН,
күйші-домбырашы, фольклортанушы,
Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор