Қазақстан • 25 Желтоқсан, 2017

Шекара шебін шегендеуді ойластырсақ...

1090 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елбасының ерік-жігерімен ширек ғасырдан аса уақытта ел іргесін бекітуде ауқымды жұмыс атқарылды. Алып көршілермен алғаш рет шекарамызды шегендеп, байтақ жерімізді қоршаған бағандарымыз жаңа тарихи құжаттармен бекіді. Дегенмен шекара шебіне қатысты көңілімізді демдесек те, көңілдің жайлануына әлі ертерек сияқты. Еліміздегі тұрғындардың үштен бірі шекара аумағында тұрады. Бүгінде бұл елді мекендердегі қордаланған мәселелер шешімін күтуде.

Шекара шебін шегендеуді ойластырсақ...

Мемлекет басшысы «Қазақ­стан-2050» стратегиясы: қалыптас­қан мемлекеттің жаңа саяси бағы­ты» атты Жолдауында шекарамен шектес аумаққа ерекше назар аудару қажеттігі жөнінде Үкімет пен облыс әкімдеріне нақты тапсырмалар берген еді. Осыған сәйкес Үкімет қаулысы да қабылданды. Бірақ іс-шаралардың жалпылама болуынан нақты нәтижеге толық қол жетпеді. Өткен жылдарда шекаралық шептегі мәселелер Парламент депутаттарының сауалдарына арқау болды, биыл «Егемен Қазақстан» басылымында дүркін-дүркін мақалалар жа­рияланды, жуырда Үкіметке Сенат депутаттарының атынан сауал жолданып, тиісті құзырлы органдардың жауабы берілді. Бірақ бұл шекара елді-мекендеріндегі түйіннің шешімі бола алмады. Неліктен? Себебі шекара маңында орын алған әлеуметтік ахуал, ауыл­дардың бос қалуы қоғамда алаңдаушылық туғызғанымен, оған елдің басқа аумақтарына қарағанда айрықша қолдау көрсету заңға қайшы келеді. Әрине жергілікті атқарушы органдар қолда бар ресурстарымен шама-шарқынша жұмыс атқаруда.

Жалпы, ел шекарасының 13 па­йызы Шығыс Қазақстан өңі­рінде екен. Статистикаға сәйкес, об­лыстың Қытаймен көршілес жатқан аудандарында 210 мың халық тұрады. Соңғы үш-төрт жылда аталған аумақтағы халық саны 6,5 мың адамға азайған. Әрине мұндағы халық санының кемуіне негізгі себеп әлемде үрдіске айналған урбанизация, қалаға шоғырлану, жаһандану жағдайлары болса-дағы, тұр­ғын­дардың эконо­микалық бел­сенділігінің төмендеуі, инфра­құрылымдар жағдайының сын көтермеуі, тұрмысқа қажет қыз­меттерді алудың алыстығы сияқ­­ты факторлар аталған мәсе­лені тағы күрделендіре түсті. Миг­ра­цияның жағымсыз сальдосы жыл сайын 11-15 мың адамның кө­шуінен көрінеді. Өңірдегі ауыл­дардың жартысынан астамы ше­ка­ралық аудандарға тиесілі. Ел­дің шетінде, желдің өтінде тұр­ған бұл ауылдардың басым бөлігінің халқы 200-300 адамнан аспайды. Шығыстағы шекаралық аудандардың халқы орта есеппен шаршы шақырымына 2 адамнан келеді. Осылайша, өңірдің байырғы тұрғындары «ұзын елдің иіріне, қысқа елдің қиырына» кетуде.

2014-2020 жылдарға арнал­ған шекаралық аудандарды дамы­тудың кешенді жоспарын­да қабылданған іс-шаралар мемле­кеттік, үкіметтік және өңірлік да­му бағдарламалары аясында ғана қаржыландырылады. Сон­дық­тан жағдайды жіті сарала­ған Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі бұл жобалардың біразы өңір бюджетіне түсірер салмағы ауқымды болғандықтан Ұлттық экономика министрлігіне ұсыныс енгізген еді. Оның ішінде Күршім ауданындағы Бұқтырма су қой­масы арқылы өтетін жобалау-сме­талық құны 20 миллиард теңгеден асатын көпір құрылысы, Үржар мен Зайсан әуежайларының ұшу-қону жолағын реконструкциялау, Катонқарағай ауданының Үлкен Нарын ауылына жалпы құны 5 миллиард теңгеге жуық әуежай салу, жолдарды және су құбырларын жөндеу мен тарту сияқты экономикалық серпінді жобаларды айтуға болады. Шека­ралық аумақты дамыту туралы Елбасы тапсырмасын жүзеге асыруда аталған ірі жобаларды жүзеге асырудың тиімділігі өте өзекті екенін ескерген абзал.

Туризмді дамыту бойынша да бі­раз мәселе шешімін күтіп тұр. Мәселен, Катонқарағай, Мар­қа­көл іспетті тамаша табиғат ая­сын­дағы табиғи парктер мен қо­рықтардың шекаралық аудандар­да орналасуына байланысты кей­бір рұқсатнамалық құжаттар мәсе­лесін реттеу экологиялық ту­ризм­нің дамуына оң ықпал етер еді. Сон­дай-ақ Үржар ауданы бойын­ша республикалық дәрежедегі Тарбағатай мемлекеттік ұлттық табиғи паркін құру мәселесі де ашық күйінде тұр. Парк құрыл­ған жағдайда жүздеген адам тұрақ­ты және маусымдық жұмыс орнымен қамтылады. Қазір Ала­көл жағалауы абаттанды­рылып, санитарлық жағ­дайлары ретке келтірілуде. Оған қоса жаға­лауды судың шаюынан қорғау да республикалық трансферттен ауқымды қаражатты қажет етеді. Туризм әлемде табысты­ салаға айналғандықтан, бұл жобаларды қаржыландыру шека­радағы халықты әлеуметтік кепіл­діктермен қамтамасыз ету жақ­тарын кеңейте түсуге де себепші болар еді.

Шекаралық елді мекендердің облыс орталығынан шалғайда жатуы ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге өнімді жеткізуден өзге жанар-жағармай, тұқымдық, қосалқы бөлшектер сияқты көп­теген шығындарға байланысты басқа тауар өндірушілермен тең емес жағдай қалыптастырғаны анық. Бұл ауылшаруашылық шикі­затын өңдеу мен сату орнының алыс­тығына байланысты субси­диялау ерекшеліктерін енгізу қа­жет­тілігін көрсетіп отырған сияқ­ты. Халықтың қиырда, шалғайда орналасқан бөлігін қолдау жөнін­дегі халықаралық тәжірибені зерделей отырып, елді мекендерге ма­ман­дар тартуды ынталандыру мақ­сатында әлеуметтік қолдау ретінде еңбекақыға қосымша үстеме қосу, жас мамандарға арналған көтерме жәрдемақы көлемін арттыру тү­рінде қаржылай көмек көрсету қа­жеттігі байқалады. Шекаралық өңірдің баспана мәселесін шешу үшін жеке тұрғын үй құрылысын несиелеу мен жандандыру, құры­лыс шығынының пайызын қайтару жақтарын қарастырған абзал болар еді.

Тағы бір өзекті мәселе, Елба­сы­мыздың «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясындағы міндеттер мен тапсырмаларды жүзеге асыру үшін шекара шебіндегі мобилді бай­ланыс пен интернет сапасы, заманауи коммуникациямен қам­туды жақсарту жақтары жеке ком­паниялардың коммерциялық мүд­десі тұрғысынан емес, мемлекеттік мүдде тұрғысынан қаралуына орталық органдар ықпал етуі тиіс.

Парламент палаталары ауыл­дың тыныс-тіршілігіндегі түйін­ді мәселелерді тарқатудың заң­намалық негіздерін біртіндеп ше­шіп келеді. Атап айтқанда, биыл «Жайылым туралы» заң­ның қабылдануы, сондай-ақ Жер кодексі, Агроөнеркәсіп ке­ше­нін дамытудың 2017-2021 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдар­ламасын жүзеге асыру туралы заң жобаларының қаралып жатуы, барлығы заң шығарушы орган тарапынан ауыл шаруашылығына қажетті заңнамалық негіздің жетіл­діріліп отырғанын көрсетеді. Бірақ шекаралық өңірлердің стра­те­гиялық маңыздылығы мен ­экономикалық-әлеуметтік әле­уеті ауылшаруашылық саласына айрықша қолдау керектігін бай­қатты. Бұл ретте жер телімдерін ре­сімдеу барысында кездесетін түрлі кедергілер мен шектеулер пайдаланылмай бос жатқан жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына қосу бағдарламасын орындауға мүмкіндік бермейтінін, сондай-ақ өткен ғасырда жүргізілген гео­ботаникалық зерттеулердің, яғ­ни жер телімдерінің ауыл шаруа­шылығына жарамдылығы жөнін­дегі материалдардардың ескіріп қалуы да қайта қарауды қажет ететінін ескерген жөн болар.

Бұл жағдайлардың кейбірі Ал­маты облысының да шекарамен шектес ауылдарына тән. Мәселен, биыл Райымбек ауданындағы мектептерде оқушы саны 200-ге дейін азайды. Ауданда ірі өнеркәсіп орындары жоқтың қасы. Сондықтан жастар жұмыс іздеп, Алматы қала­сына бағыт алып жатыр. Жергілікті атқарушы органның мәліметінше, мұнда да ондаған елді-мекендерде дәрігерлік пункттер, мәдениет үй­лері, әкімшілік ғимараттар қажет.

Елбасының тапсырмасымен қабылданған ондаған мемлекеттік, салалық бағдарламаларға соңғы жылдары сараптама жасалып, оңтайланғаны мәлім. Сондықтан жоғарыда көтерілген шекаралық аудандардың мәселесі осы аяда қайта қаралып, заңнама арқылы «шекара маңы аудандары мәрте­бесі» ұғымын анықтау және ше­кара­мен шектес аудандардың ерек­­шеліктерін ескеретін санаттық гра­дацияларға негізделген кешенді бағдарлама жасау туралы тиісті ведомстволардың ойлануы өте өзекті дер едік. Бұл заң қажетті шараларды жедел қабылдауға негіз болады. Шекаралық аумақта халықтың тұрақты тұруы үшін инфрақұрылымдық жобалармен бірге әлеуметтік кепілдіктерді қарастыру керек.

Парламент Сенатында Аграр­лық мәселелер, табиғатты пайда­лану және ауылдық аумақ­тарды дамы­ту комитетіндегі әріптес­тері­мізбен бірге жолдаған депутат­тық сауалымызда біз, бюджет қыз­мет­керлерінің жалақысына қосымша үстеме төлеу, бала туғанда бері­летін әлеуметтік көмекті және ай­ сайынғы жәрдемақы мөл­шерін өсіру, мемлекеттік балалар жәрдемақысын көтеру, жас маман­дар үшін көтерме жәр­демақы мөлшерін өсіру, сонымен қатар, шекаралық аудан­дардың ерекшеліктерін ескере отырып, жалпы республикалық нор­мативтік көрсеткіштерден бөлек агро­өнеркәсіп кешені субъек­тілері үшін берілетін субсидия нормативтерін белгілеу, шағын және орта бизнес субъек­тілері үшін ерекше салық­тық жеңіл­діктер мен преференциялар енгізу мүмкіндіктерін қарас­тырған едік. «Күшке күш қосыл­са – құп, елге ел қосылса – құт» дегендей, жұмыс күші артық өңір­лерден келетін отбасыларды шекаралық аудандарға орналастырып, олардың үй жалдау мен сатып алу шығындарын қайтарып беруді және басқа да көптеген ынталандыру тетіктерін қарастырған абзал.

«Қазақстан-2050» Страте­гия­сында Елбасы шекара­лық аумақтар мәселелерін нақты шешу­­­ді белгілеп бергендігі бел­гілі. Әрине барша істің шешімі қо­сым­ша бюджет шығындарына тәуелді. Сондықтан Президент тапсырмасын орындау үшін жылдан жылға толастамай отырған осы мәселенің шешімін табу тетіктері жөнінде тиісті құзырлы орталық органдардың басшылары ойланса дейміз. Бұл біздің ел шетін бекітуге жасаған тағы бір қуатты қадамымыз болар еді!..

Дүйсенғазы МУСИН,

Сенат депутаты