Олардың қатарында ғылым, білім, өнер, денсаулық сақтау, спорт салаларының белсенді өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері болды.
Мәртебелі меймандар “Тәрбие және білім”, “Атамекен”, “Рухани қазына” және “Ақпарат толқыны” аясында жүзеге асырылып жатқан жергілікті жобалармен танысты. Сәндік-қолданбалы қолөнер бұйымдарын, қару-жарақ, әшекейлер, қыш ыдыстар көрмесін тамашалады. 2017-2022 жылдар аралығында өңірде “Атамекен” және “Рухани қазына” бағдарламалары аясында екі республикалық шара мен 43 жобаны, “Ақпарат толқыны” шеңберінде 282 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінде “Әлеуметтік бастамалар картасы” және “Жомарт жүрек” бағыттары бойынша 1 миллиард 297 миллион теңгенің 8 жобасы мен 126 шарасы іске қосылған.
Жерлестердің жылы жүзді кездесуінде облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет форум мақсаты Мағжан елінен шыққан азаматтарды өскен өлкенің бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстыру, өңірдің өркендеуіне үлес қосқан жерлестерімізді дәріптеу мақсатын діттейтінін жеткізді.
Евней Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, “Лингва” тіл және аударма институтының ректоры Нұрсұлу Ыбырайқызы өзі өскен өлкенің ыстық құшағын қатты сағынғанын жеткізді. Ол Шал ақын ауданындағы Сергеевқа қаласында қаңырап бос тұрған ғимараттардың бірін баспанасыз қалған азаматтарға уақытша пана болатын орынға айналдыру жөніндегі жоспарымен бөлісті.
“Геотерм” өндірістік компаниясы” ЖШС директоры, геология-минерология ғылымдарының кандидаты, профессор Дулат Қалитов отыз жылдан бері жырақта жүрсе де, кіндік қаны тамған Есіл ауданындағы Жарғайың ауылында “Данияр-агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, ауылдық округке 350 миллион теңге инвестициялық қаржысын құйыпты. Жарғайың, Өрнек, Мектеп ауылдарының қырыққа жуық тұрғынын жұмыспен қамтып отырған ол жуырда сүт және қымыз өңдеу цехын іске қосқан. Кәсіпкер өзге жерлестерін туған өлкеге қолдау көрсетуге шақырды. Атақты скрипкашы Жәмила Серкебаева өз сөзінде “Рухани жаңғыру” жалпыұлттық жобасының ерекшеліктерін атап өтті.
Форум соңында “Үздік кәсіпкер – 2017” байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды. Альбина Қайырбекова, Ақмарал Жақыпова, Раушан Мұстафина, Юрий Пилипушко, Ляйла Сайдашева өз салалары бойынша үздік деп танылды.
Өмір Есқали,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы