27 Желтоқсан, 2017

Қазақ эстрадасы, қайда барасың?!

893 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазір эстраданы осындай шуылдақ, бейәдеп сарындар бұзуда. 

Қазақ эстрадасы, қайда барасың?!

«Сен жоқсың, жоқсың, 
таба алмадым сені.
Сен жоқсың, жоқсың, 
іздемейсің мені.
Сен жоқсың, жоқсың, 
бар болсаң қайдасың?
Сен кімсің? Жүрсің қайда?
Алматыда жоқ-жоқ! 
Астанада жоқ-жоқ!
Сені іздедім, үмітті үзбедім...», 
дей ме-ау! 
Құдай-ау, бірлі-жарым әулекі әнге соншама бұлқан-талқан болып қайтеміз, деп сананы сабырға салып жеңдіргенмен, бұл пәлекетіңіз қоғамға кәдімгідей кері әсерін тигізбей қоймайды екен. «Жоқ, жоқтың» «жы­ры» таусыла бере, артынша «Зың-зың» дейтін түсініксіз бейдауа әуен әлеуметтік желіні шулатты. Құдай сақтай гөр, «Көздері оның дәу-дәу, дәу-дәу-дәу» деген жолдардан жалғыз көзді дәу бейнесі елес беріп, кімді айтып жатқанын танымай дал боласың. Музыкалық ырғағы, қарадүрсін ек­піні Африка елдеріндегі қаудырақ даңғырамен ойналатын әуенмен үндес. Бірақ соған қарамастан миында әлі ненің жақсы, ненің жаман екенін айыра білетін сүзгісі жоқ балауса жастар бұған есі кете еліріп, жапырыла билеп жатыр. Салт-дәстүрі, өмір сүру ғұрпы, құндылығы бөлек Америкада, Еуропада бұлар соншалық әбес көрініс болып саналмайтын шығар. Алайда әлі ата-бабаларымыздың дәстүрінен, тамырынан қол үзіп кете қоймаған қазақ үшін мұның бәрі қашаннан жат және өте ерсі. 

«Мұндай жеңіл-желпі әндер жұрт­тың қарсылығына қарамастан туа береді, бірақ уақыт өте келе олардың жақсылары қалады, керек емесін халық та ақымақ емес, ұмытады», деп бәріне сондай түсінікпен қарар болсақ, мына дүмбілез дүрмектің жолы кесіліп, үні бәсеңдемек түгілі, тіпті өршелене түсетін сияқтанады. Қазір эстраданы осындай шуылдақ, бейәдеп сарындар бұзуда. Бәрінен де осыған жастардың еліктеп-солықтауларының түрі жаман. Сонда ұрпағымызды қандай әндермен тәрбиелеп жатырмыз?

Сахна әдебі деген салт қайда кеткен?! Әрине жеткіншектің бойындағы адамгершілік, имандылық қасиеттерді ән ғана қалыптастырады демейміз-ау, бірақ соған қарамастан халқымыздың маржандай дәстүрлі әндерін тыңдап өскен ұрпақ пен бөтен елдің көңілге қонбайтын бостекі әуеніне құмартқан жастардың дүниетанымы мен арман-аңсарында айырмашылық көп болады дегенге көпшілік келісетін шығар. Әлеуметтік желідегі жел­буаз желікке желімдей жетектелген жеткіншектерді көріп, бұдан былай қаннен-қаперсіз қала беруге мүлде болмайтынын, ежелден тәлім-тәрбиенің қайнар көзі деп саналған ән өнеріне қадағалауды күшейтпесек, түбі мұндай ора-шолақтық опынудың түпсіз терең ойпаңына омақаса құлатқызбай тынбасын сезінудеміз.

Тіпті бір әлеуметтік желіні қолданушы әлгі сөзді оқулықтан кездестіріп, шошынғанын жазды. 
«Енді ойнаймын қобызда,
Зың-зың, зың-зың-зың.
Ботақандар би билейді,
Зың-зың, зың-зың-зың...» 

Мұны оқыған бала қалай өседі? «Зың-зыңы» несі тағы? «Ит қорыған жерге өш» демекші, ән өлкесін шимай-шатпақ пен басқаның лайлауынан сақтап, қоқыстан қорыған сайын қойыртпаққа тап келудеміз. Бұл жердегі әңгіме бүгінде «әу», деп әләулайға салғанның бәрінің ше­тінен әнші, өнерпаз атанып, елеп-ек­шеусіз халықтың алдына шығып кетіп жатуында. Рухани көкжиектің жасыл шалғынын табанымен таптап жүргендер солар. Түк таппағандықтан амалсыз басқаның балдырына бас иіп, бағынатындай қазақта өлеңі әнге сұранып тұрған ақын табылмай қалды ма, немене?! Патриоттық жыр ма, лирикалық дейсіз бе, жанр жағынан да Құдайға шүкір, кімнен кембіз? 

...Осының бәрін ойша қорыта келгенде, әдеп әліппесінің оқытылмауынан деген қисынға тіреліп отырмыз. Сахна мәдениетінің әдебі мен этикасына қайшы тұрпайы, жағымсыз әрекеттердің соңғы уақытта төбе көрсетіп қала беруі де соған әу бас­та көңіл бөлмеуімізден. Бірте-бірте мұндай сорақы жағдайларға көңіліміз иланып, көзіміз үйреніп кете ме деп қорқасың.

Киелі сахнада әкесінің үйінде тұрғандай менменси сөйлеп, кеуделері ісіп-кепкен шіркіндер қайдан өсіп шықты дейсің болмаса. «Тәрбиесіз берген білім апат әкеледі» демекші, байыптасақ, тәрбиесі мен ішкі мәдениеті қалыптаспай тұрғанда адамды сахнаға шығарудың өзі өте қауіпті екен. Бұл кейбіреулер айтқандай, ұсақ-дүние нәрсе емес. Бәрі де осындай онша мән беріле бермейтін майда-шүйдеден басталады.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»