Қазақстан • 28 Желтоқсан, 2017

Астық бағасы көтерілді

589 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақстан ірі астық экспорттаушы елдердің бірі. Оған қоса ЕАЭО кеңістігіндегі әрі Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше ел ретінде ашық экономикалық саясатты ұстанады. Ендеше еліміздің қай экономикалық саласына болсын әлемдік нарықтың ықпалы зор. Ал оның салдарынан қарапайым еңбек адамдары немесе диқандар зардап шекпеуі тиіс. Осыны ескерген ел ішкі нарықты тұрақтандыруға мүдделі. 

Астық бағасы көтерілді

Астық неге арзандады?

Соңғы жылдары елімізде өсім­дік шаруашылығы саласын­дағы әр­тарап­тан­дыру саясаты іске қо­сылғаннан бері бидай ал­қа­бы 2,5 млн гектарға қы­с­­қар­­тыл­ды, есе­сі­не басқа да­қылды өсім­­діктер өн­дірісі қол­дау тапты. Осы­лай­ша сұ­ра­ныс пен ұсыныс көлемі те­ңес­­тірілді. Нәтижесінде, іш­кі бағалар біркелкі болды және бірнеше жылда әлемдік бағалардан асып түсті. Бірақ түр­лі факторлардың әсерінен би­ыл елімізде астық бағасы күрт тө­мен­деп кеткен. Бұл алдымен ша­­руаларға ауыр­тпалық түсірді. Осы­лайша дабыл қаққан мәселе Үкі­мет назарына ілігіп, бір­неше ал­қалы жиынның арқауына ай­налды. Нәтижесінде Үкімет ас­тық на­рығындағы жағдайды тұ­р­ақтандыру үшін диқандардан ас­­тықты жоғары бағамен сатып ала­тын болды.

Айтқандай, алдыңғы күнгі Үкі­мет отырысында еліміздің ас­тық нарығында қалыптасқан жағ­дай туралы баяндаған Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов әлем­дік нарықтағы бағалар орта­ша мер­зімді кезеңде тұрақ­танғанын жә­не олардың арту үдерісі жүріп жат­қанын жеткізген болатын. Мә­селен, ішкі нарықтағы бағалар айтар­лықтай кері факторлардың бол­мауына қарамастан биыл қыр­күйек айынан бастап үлкен диспаритетке ұшырап отыр. Яғ­ни, ішкі нарықта астықтың баға­сы төмендеп кеткен. Себебі сұ­раныс жоқ. Министр оған бір­не­ше фактордың әсер еткенін атап өтті. 

Әсер етуші факторлар

Ауыл шаруашылығы бірінші ви­це-министрі Қ.Айтуғановтың мә­лім­деу­ін­ше, ішкі нарықта ас­тық құны­ның құлдырауына, бі­­рін­шіден, биыл көр­шілес Ре­сей­де астықтың рекордтық кө­лемде жиналғаны әсер еткен. Содан Қа­зақстанмен шекаралас ай­мақ­тарда арзан астық көбейіп, заң­сыз жолмен тасымалдана бас­та­ды. Екін­ші­ден, вагондардың тап­шылығы өзекті бо­лып тұр. Ва­гон жетіспегеннен кейін xа­­лық­аралық трейдерлердің тала­птары орын­далмайды. Үшін­шіден, Азық-түлік корпора­циясы сылбыр қимылдап жатыр. Аталған ком­пания басында бір тонна ас­тықтың бағасын 42 мың теңге деп қой­са, артынан 39 мыңға тү­сірді. Осы­ның барлығы сұ­ра­ныстың тө­мендеп, астықтың к­үрт арзандау­ына әкеліп соқ­тыр­ған.

Қайтпек керек?

Сөйтіп қазіргі кезде диқандар ас­тықты бұрынғы бағамен өткі­зе алмай отыр. Ал табыс болма­ған­нан кейін несиелерді жабу мүм­кін емес. Осыған байланысты ас­тық нарығын тұрақтандыру үшін министрлік бірқатар шаралар ұсынды. Біріншіден, Азық-тү­лік корпорациясы арқылы 2 млн тоннаға дейін ҚҚС-ты қо­са алғанда тоннасына 42 000 тең­­гемен астықты сатып алу қа­­жет. Астықты сатып алу ша­ра­­ла­рын ба­­қ­ылауды арнайы ко­мис­сия­ла­р­ға жүктеу керек. Оның құ­ра­­мында жергілікті билік қана емес, xалық пен бизнес өкілдері де болуы қажет. Екіншіден, көр­ші Ресейден астықты заңсыз та­сым­алдауға тосқауыл қою қа­жет.

Үшіншіден, астықты ти­еу үшін ва­гондарға қатысты мә­се­лені ше­­шу және экспорттық құ­жат­та­ма­ны (сертификаттау жә­не т. б.) ба­­рынша кедергісіз ресімдеуді, оның ішінде астық қол­хат­та­­ры­ның ақпараттық жүйесі мен «ҚТЖ» ҰК ақпараттық жүйе­сін ық­палдастыру арқылы қам­та­масыз ету керек.
«Аталған шаралар астықтың ішкі нарығын теңдестіруге, қазақстандық фермерлерге әді­лет­ті бағаны қамтамасыз етуге, ауыл­шаруашылық тауарларын өн­­ді­рушілердің қаржы жағдайын жақ­сар­­­туға, 2018 жылғы көктемгі егіс жұ­­мыс­­­тарын жүргізуге да­й­ындықты қамта­ма­­сыз етуге мүм­кін­дік береді», деді Қ.Айту­­ға­нов.

Ұсынылған шараларды Қа­зақ­стан фермерлер одағы да қол­дап отыр. «Бізге Үкіметтің қол­дауы ауадай қажет. Астықтың ба­ғасы да жақсы қойылып отыр. Се­бебі диқандар жалақыны тө­лей алмай жатыр. Теxникаға қа­жет­ті құрал-жабдықтар сатып алын­бады. Алдағы көктемгі егіс­тік жұмыстарына дайындық жоқ деуге болады. Сондықтан бұл шешім жаңа жылға жақсы сыйлық болатын еді. Ақшаны тездетіп берсеңіздер, біз де осы жұмысқа белсене атсалысамыз. Өйткені астықты тең дәрежеде сатып алу сияқты мәселелер бар. Ресейден келетін астықты да сатып жіберуі мүмкін. Ондайға жол бермеу керек», деді ұйым басшысы Ә.Дарынов.

Қатаң бақылауда болады

Диқандардың астығын жоға­ры бағамен сатып алуды Үкімет бас­шысы қолдады. «Соңғы бір ап­та бойы біз осы мәселені күнде пы­сықтап келеміз. Барлығы қолдап отыр. Қаржының көзін анықтадық. Бағаны 42 мың теңге деп белгіледік. Енді астықты са­тып алу шараларын абыроймен атқарып шығу қажет. Оны жылдам әрі ашық түрде өткізу керек. Осыған байланысты облыс әкімдері арнайы штабтар­ды құрсын. Оған әкімдік қыз­меткерлерін ғана емес «Ата­­ме­кен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстанның фермерлер ода­ғын да тарту қажет. Ақша тиіс­ті жеріне жетуі тиіс. Ресейдің ас­тығына, я болмаса бір қолға ке­тіп қалмасын. Сондықтан осы мәселені қатаң бақылауда ұс­та­ңыз­дар», деп қадап айтты Үкі­мет басшысы Б.Сағынтаев. Об­лыс­тардың әкімдеріне қоғам, өңір­лік кәсіпкерлер палаталары өкіл­де­рінің қатысуымен сатып алу бой­ынша арнайы штабтар құру тапсырылды. 

Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»

 

Бұл уақтылы қолдау болды

Биыл ала жаз бойы тынымсыз еңбек еткен солтүстік­қазақ­стан­­­дық диқандар күзгі жиын-те­­рінді де ұйымшылдықпен өт­­кізіп, Отан қамбасына 5,6 мил­­лион тонна астық құйды. Біз­­­дің серіктестік те азық-түлік қау­­іп­сіздігін қамтамасыз етуде ір­гелі жұмыстар атқарып ке­леді. Алай­да, көптен бері кө­ңілді күпті етіп жүрген бір жа­йт бар еді. Ол бидай ба­ға­сы­на қатысты болатын. Жа­сы­­­ратыны жоқ, «Азық-түлік ке­лісімшарт корпорациясы ҰК» АҚ ұсынған баға агро­құ­­ры­лым жетекшілерін қана­ғат­тан­­дырған жоқ. Респуб­ли­ка­лық ведомоство­лар өкілдері де көрші Ресей­де шы­ғым­ды­лы­­лықтың жоғарылығын, дел­дал­­дардың араласу­ын, жа­нар-жа­­ғармайдың қым­бат­тау­ын ал­­ға тартқанымен, отан­дық тау­­­ар өндірушілерге жан-жақ­ты жағдай жасалуын Үкі­мет­тен өті­н­ген едік.

Енді міне, астық нарығында қалыптасқан жағдайға алаң­дау­­шы­лық білдірген Үкімет отыр­ы­сын­­да астықты сатып алу баға­сын арттыру туралы шешім қа­был­дануы көңілімізді кө­теріп, қуантып тастады. Ал­да­ғы уақыт­та астықты тиеу, жө­нелту, тиіс­ті құ­жаттарды ре­­­сім­деу бағыт­та­рын­да да еш ке­­дергі болмайды де­ген сенім­де­міз.

Азық-түлік бағаларын қалып­­­тас­тыруда жергілікті жер­­лер­де­­гі шаруашылықтар үлкен рөл ат­қарады. Біз өз тарапымыз­дан жаңа эконо­ми­калық жағдайға бейім­деліп, қолдан келген бар­­лық мүмкіндіктерді жасау­да­мыз. Қан­ша айтқанмен, егін­ші­лік қы­руар шығынды талап ететін са­ла болғандықтан, жұм­салатын шы­ғын мөлшерін есеп­тей отырып на­рыққа сай бағаны ұсынатын мез­гіл жетті деп ойлаймын. 
Үкіметтің бұл қолдауы ке­ле­­сі жыл­ғы көктемгі егіс жұ­мыс­тарын өз уақытында ат­қа­руға мүмкіндік бе­рері сөзсіз.

 Біржан ШАЙМЕРДЕНОВ,
 «Дайындық-Агро»
 ЖШС директоры

 
Солтүстік Қазақстан облысы,
Аққайың ауданы

Диқан көңілін демдеді

Қостанай өңірі биыл да астықты мол жинады, 5 миллион тоннаның сыртында қоймаға қызыл бидай құйылған еді. Алайда диқанның та­бан ет, маңдайтерінің ақталуы тек мұ­­ны­мен бітпейтіндігін күзгі жи­­ын-терімнен кейінгі нарық жағ­да­йы көр­сеткен болатын. Әр ауылда қазір бір­­неше немесе бір ғана астық өн­ді­ру­мен айналысатын шаруашылық бар. Ас­паннан жауын тілеп, одан қал­ды зия­нкестермен алысып жүріп, ала­қа­­нына салғандай етіп өсіретін бидай са­­тылмаса, диқанға пайда әкелмек тү­гі­лі шығын шығарады. Оны қайда болсын сақтау да оңай емес. Бидай өтпесе жұмысшылардың жалақысы, салық, әлеуметтік мәселелердің шешімі де болмайды. «Елде болса ерінге тиеді» деп, ауылдағылардың барлығы да қазір демін ішіне тартып, бидайдың сатылуын күтіп отырған болатын. Жылдың өларасында диқандар үшін жақсылық хабар келді. Мемлекет «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы арқылы бидайды сатып алатын болды. Диқандар қуанышы үлкен. 

Биыл көрші Ресейде бидай шы­ғы­мы аса жоғары болғандықтан, ас­тық­тың экспортталуы бізде кейінге ысырылған болатын. Өйткені Ре­сей­­дің әрі мол, әрі арзан астығы Қа­зақ­станның қамырлылығы жоғары би­дайы­ның алдына түскен еді. Тіпті біз­дегі ұн өндіретін диірмендер де Ре­сейдің арзан астығын тартқанды қо­­лайлы көрді. Бұл – нарық, оған еш­қан­дай бөгет болмайды.

Қостанай Қазақстанда өндірілетін бүкіл астықтың төрттен бірін береді. Экс­портталатын ұнның да осындай кө­­лемін Қостанайдың сапалы ұны құрайтын. Биыл Ресейдегі мол ас­тық­қа байланысты ұнның да сыртқа өті­­мі кешеуілдеген еді. Осындай ты­ғы­рыққа тірелгенде мемлекет ди­қан­­дарға тағы да көмек-қолын созып отыр. Жұмсақ бидайдың тоннасын 42 мыңнан алатын болды. Бұл қос­та­найлық сапалы бидайдың нақ ба­ға­сын бермесе де, бүгінгі нарықтан жо­ғары. Сондықтан элеватордағы сақ­талып тұрған астығының өтуін шы­дам­сыздана күтіп жүрген диқандар үшін үлкен жеңілдік деп білеміз. Эле­ваторда астық тұрған сайын ол ша­руашылыққа шығын бола түсер еді. Енді қалайда сең қозғалды. Астығын сатқан шаруашылықтар техника, басқа да қажет үшін алған несиесін де жабады, ауылдың, адамдардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына да үлес қосады деген сөз. 

Сайран БҰҚАНОВ,
Қазақстанның Еңбек Ері

Қостанай облысы

Үмітіміз алданбады

Біз жаз бойғы тынымсыз әбжіл қимылдағанымыздың ар­қасында астықты еш шы­ғын­­сыз жинап алдық. Енді сол жиған-тергенімізді алыс та жақын шетелдерге, елі­міз­дің өз­ге де өңірлеріне өт­кізе бас­та­д­ық. Мына жағы Ау­­ғанстан мен Ресейге тасы­лып жатыр. Алай­да сол­­түс­тік көршіміздегі би­ыл­ғы астықтың мол болуы на­рық­тағы астық құнын тым тө­мен түсіріп жіберіп, өз өні­м­­дерімізді қайда жә­не қан­­­­дай бағамен тиімді өткі­зе­­міз деген қобалжу тудырды. Осын­дай кезде Үкіметті ой­­­ға ала­тынымыз бар. Үміт біз­­­ді алдамапты. Нарықтағы жағ­­­дай­ға аландаушылық біл­ді­­ріл­ген Үкімет отырысын­да ша­­­руашылықтардан астықты са­­тып алу құнын көтеру туралы шешімнің қабылдануы өте орынды және дер кезінде қа­былданған маңызды байлам болғандығын ерекше атап кеткім келеді. Көк­тем­­­гі егіс жұмыстарына жа­­­нар-жағармаймен және де тыңайтқыштарды су­б­с­идиялау арқылы қолға­быс білдіріп келе жатқан мем­ле­­кет қиын-қыстау кезде ша­руа­­­ларды тағы бір демеп жі­­бе­р­­­гелі тұр. Мұндай қа­дам мың­­­­да­ған шаруаларға көр­се­ті­ле­тін қолдау деп түсінген дұ­рыс. Өз тарапымыздан кез келген көлемде сапалы а­с­тықты артып беруге дайын­быз. Өйткені бидай жән­е өзге де ауылшаруашылық дақыл­да­рын сату арқылы нәпа­қа­мыз­­ды айырып отырмыз. Үкі­­мет тарапынан осындай ш­е­­шімнің қабылдануы өте оры­н­ды дей отырып, мұның ша­­руа­лардың келесі егін нау­қа­н­ы­на дайындығын арттыра тү­се­тіндігіне сендіргім ке­леді. Ас­тық­ты сатудан түс­кен қаржы шаруашылық жұ­мыс­тарын ілге­рілетуге жә­не жер құнарын арт­­тыруға ай­тар­лықтай мүм­кін­дік береді. 

Азамат ЕЛМАЗАНОВ,
«Ұмай Жер» ЖШС директоры

Ақмола облысы