Алмастың жүзіндей сиқырлы саясатта болсын, күнделікті тыныс-тіршілігіміздің оңтайлы орнықтылығында болсын, қаршындай қадам басқан экономикалық саладағы өркенді өсуімізде болсын еліміз жүзжылдықтарға пара-пар кезеңдерді басып өтті, ерлікке толы ерен істердің басын қайырды. Бүгінде Ұлы Даланы мекен еткен, ұлан-байтақ Ұлысымызды жаһан таниды, әлем мойындайды, күллі дүние құрмет тұтады.
Бұл – көреген Көшбасшы, ел көсемі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасы, елі сүйген, елін сүйген Елбасының жанкешті еңбегі, ұлы биіктерді бағындыруға бағытталған Тұңғыш Президентіміздің сұңғыла мұрат-жоспарларының шынайылығы.
Осындай мың-сан келелі іс, кемел шаруаның куәсіндей жазы аптап, қысы қатқақ Оңтүстікте Жетісай –Шардара тас жолы, жаңаша қатынас даңғылының қыруар жұмысы басталып кетті. 360 мыңдай тұрғыны бар Мақтаарал ауданы мен 100 мыңға тақау халқы бар Шардара өңірінің арасын жалғастыратын 80 шақырымдық шын мәніндегі өмір жолы ауылы аралас, қойы қоралас қос аймақтың қан тамырына қуат, қарым-қатынасына қарқын беріп, тұрмыс-тіршілігін нұрландыра, шуақтандыра түсетіні ақиқат. Бұрындары көрші елге жалтақтап, айналма жолмен 200 шақырымдай бейнет кешіп, ағайын-туыспен әрең табысып жататын жұртшылық енді күн өтпей қысқа һәм айнадай әсем тегіс жолмен жүріп өтіп, уақытты да, түрлі шығындарды да үнемдейтін болдық.
Ал қазір жол құрылысына осы атыраптың жүздеген азаматы қамтылып, нәпақасын тауып жатса, сол бағыттағы Қуанқұдық, Еңбекші, Қарасақал, 1 Мамыр, Датқа ауылдарының да бойларына қан жүгіріп, ажарланып сала берді.
Қысқасы, Елбасы қолдап-қуаттаған Жетісай – Шардара тас жолы бүгінгі буынға да, келешек толқынға да қалтқысыз қызмет ететіні айдан анық.
Біз ел Президентінің талап-тапсырмаларын мүлтіксіз орындап жүрген, ұлтжанды азамат, жауапты қызметкер, Оңтүстіктің тумасы Ислам Әбішевтің де осы тас жолды салу ісіндегі ұйымдастырушылық, іскерлік, білгірлік, қадір-қасиеттеріне жоғары баға беріп, жылы ілтипатымызды білдіруді жөн санадық.
Халық игілігі үшін бастаған игі шара баянды болғай!
Ы.Сахов, Қ.Ілесов,
Ш.Сарыбаев, Қ.Мұсаев,
І.Шойбеков, Б.Дәрменшеев,
О.Әбдірахманов, Ж.Серікбаев,
Р.Сейдазимова, т.б.,
барлығы 97 адам қол қойған
Оңтүстік Қазақстан облысы