Мемлекетіміз түрлі қақтығыстардың белең алуына жол бермеу, әлемнің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін нығайту және жаһандық даулардың шешімін біріге іздеу мақсатында барлық діни, рухани көшбасшыларды бір үстелдің басына дәстүрлі түрде жинап келеді. Осылайша жаңа Қазақстан тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі ретінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі ұлттық ауқымды жобаға айналды.
2003 жылы Алматыда өткен Халықаралық бейбітшілік және келісім конференциясында Елбасымыз алғаш рет барлық адамзат үшін даусыз және қауіпсіз болашақты дамыту жолдарын талқылауға барша рухани иерархтардың Астанада жиналуын ұсынды.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу тәуелсіз мемлекетіміздің стратегияларының біріне айналғанын атап өту қажет. Уақыттың өзі көрсеткендей, зайырлы мемлекет басшысы өзіне және өз отандастарына дінаралық үнқатысуды қамтамасыз етуді жүктеді. Бұл идея бірден өз жүйесін тапты және барлық көрнекті саясаткерлер мен әлемнің жетекші діндер басшыларының қолдауына ие болды. Сонымен 2003 жылдан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі сынды аса беделді сұхбат алаңының тарихы басталды.
Дінаралық алғашқы саммит Еуропаның, Азияның, Африканың және Таяу Шығыстың 13 елінің діни қайраткерлері мен құрметті қонақтарын жинады. Делегаттар адами құндылықтарды сақтауға, сондай-ақ бейбітшілікті нығайтуға байланысты өте маңызды, жаһандық мәселелерді талқылады.
Дінаралық саммит жетістіктерінің бірі – Съездің ережелерін белгілеу туралы І съездің шешімімен әр үш жылда бір рет дінаралық форум өткізу бекітілді.
I съезд өткелі шамамен 15 жыл өтті. Осы қысқа тарихи өлшем ішінде бес съезд ұйымдастырылды. Оларға ислам, христиан, иудаизм, буддизм, синтоизм, даосизм және басқа да дәстүрлі дін өкілдері қатысты. Олардың арасында сенім мен өзара құрметке негізделген оңтайлы байланыстар біртіндеп нығайып келеді.
Елбасының бастамасымен Астана қаласында съездерді өткізу үшін Бейбітшілік және келісім сарайы бой көтерді. Дінаралық саммиттің жұмыс органы мен құрылымы, Съезд Хатшылығы және оның жұмыс тобы – Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы құрылды.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің құрмет медалі және съезге қатысты экспонаттарды жинау, сақтау және көрсетуді көздейтін Бейбітшілік және келісім мұражайының құрылуы туралы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы съезд қатысушыларының қолдауына ие болды. Жақын арада Бейбітшілік және келісім сарайының базасында Бейбітшілік пен келісім мұражайының ашылу шарасы өткелі отыр.
Өткен жылдың 2 маусымында Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің құрмет медалі мен дінаралық сұхбаттастыққа қосқан үлесі үшін халықаралық сыйлығын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.
Қазіргі уақытта біз 2018 жылдың 10 қазанында өтетін VI съезге дайындық жұмыстарын атқарып жатырмыз. Алдағы саммиттің басты тақырыбы – «Діни лидерлер қауіпсіз әлем үшін».
Айдар ӘБУОВ,
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі
Дін істері комитеті Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры