Халықаралық қаржы нарығында қолайлы орта құруды көздеген жобаны іске қосу үшін кешенді тәсіл таңдалған. Төл тарихымызда тұңғыш рет өз жұмысын бастап отырған Орталықтың кейбір ерекшеліктері жөнінде қысқаша тоқталып өткенді жөн санадық. Ал «Астана» халықаралық қаржы орталығының баспасөз қызметі ұсынған деректерге сүйенсек, олар мынадай негіздерден құралады.
Ең алдымен, Конституциялық заңға сәйкес Қаржы орталығының бүкіл аумағында ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген айрықша құқықтық режім қолданылады. Сонымен қатар, мұнда тәуелсіз сот пен Халықаралық төрелік орталығы құрылған және тәуелсіз қаржы реттеушісі мен тіркеушісі – Орталықтың Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (АФСА) жұмыс істейді. Қазіргі таңда Орталықтың қаржылық заңнамасының негізгі ережелері әзірленді, енді жерде АФСА Орталықтың қатысушыларын тіркеу мен лицензиялауға дайын.
Тағы бір ерекше атап өтерлік жайт, әлемнің ең ірі биржаларының төрттігіне кіретін Nasdaq американдық компаниялар тобы мен Шанхай қор биржасы Қаржы орталығы Биржасының стратегиялық серіктестері атанған. Оның бірегейлігі сол, олар ең алдымен – технологиялық биржа, яғни әлемде ең жиі қолданылатын сауда алаңы Насдак (50-ден астам елдің 90 биржасында қолданылады) енгізілген. Екіншіден, жоғары өтімділік, яғни Орталықтың эмитенттері үшін Қытайдың инвестициялық өтімділігіне жол ашылады. Қазіргі уақытта мемлекеттік исламдық бағалы қағаздарды (сукук) және жауапты қаржыландыру мен Жібек жолының экономикалық белдеуі атты Қытай бастамасының аясындағы инфрақұрылымдық облигациялар құралдары деп аталатын «жасыл» облигацияларды шығару бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамымен осы Қордың ірі компанияларын Астана қаржы орталығының алаңында жекешелендіру өткізу бойынша «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп жоспарларды жүзеге асыруда.
Қалай десек те, Қаржы орталығы білікті мамандарсыз жұмыс істей алмайтыны белгілі. Десек те, Орталықта жұмыс істейтін отандық кадрларды даярлау және адами капиталды ұлғайту мақсатында Қазақстанда бір жыл бойы қаржы секторының кәсіби мамандарын даярлау бойынша жұмыстар жүргізілді. Осы мақсатта сертификаттық емтихандарды тапсыруға дайындайтын бірнеше бағдарлама іске қосылып, білім беру семинарлары ұйымдастырылды. Нәтижесінде, 250-ден астам кәсіби маман даярлықтан өтіп, 2600-ден астам қызметкер семинарларға қатысты.
Сонымен қатар, халықаралық сарапшыларды Астанаға тартуды жеңілдету мақсатында Экспат-орталығы да өз жұмысын бастады. Бұл орталық шетел жұмыскерлері үшін виза берудің, жұмыс істеуге рұқсат алу мен Орталықтағы басқа да рәсімдерден өтудің оңайлатылған режімін үйлестіреді. Сол сияқты, Еуропа Қайта құру және Даму банкімен «жасыл» қаржыны дамыту бағытында, Азия Даму банкі және Ислам Даму банкімен исламдық қаржыландыруды ілгерілету бойынша, Mastercard, Visa, Microsoft-пен тартымды финтех индустрияны құру бойынша, сондай-ақ Goldman Sachs, UBS, Credit Suisse, Julius Bär, Deutsche Bank және басқалар сияқты инвестициялық банкингтің көшбасшыларымен Орталықты дамытудың басым бағыттары көзделген ынтымақтастыққа негізделген серіктестік байланыстары орнатылды.
Қаржы орталығындағы басты мақсат отандық және шетелдік бизнес пайдалана алатын бірқатар жаңа қаржы құралдарын құру болып табылады. Сонымен қатар, ел экономкасына инвестициялар тартуды жеңілдететін қор нарығының құралдары арқылы, өтімді нарықты құру. Бұл Астанаға өңірлік орталыққа айналуға мүмкіндік береді – Астана биржасы Ресейдің шығыс бөлігінің, Орта Азияның және Кавказдың компанияларына қызмет көрсете алады.
Содан кейінгі тағы бір басымдық Жаңа Жібек жолының экономикалық белдеуін құру жөніндегі Қытай үкіметінің бастамасы – «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасына қатысу болып саналады. Астана аталған бағдарламаның жобаларына инфрақұрылымдық инвестицияларды тартатын өңірлік кеңсеге айнала алады. Активтерді және жеке тұлғалардың дәулетін басқару нарығын құру қазақстандық қаражатты өзге нарықтарға арзан әрі сапалы инвестициялауға мүмкіндік береді, бұл елдің ұзақмерзімді капиталын ұлғайтады.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»