Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында діни экстремизм зардаптарының алдын алу, әсіресе интернет пен әлеуметтік желілерде оның жолын кесу, радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке мүлде төзбеушілікті қалыптастыру мәселелерін айтқан болатын. Бұл ретте жат ағымға ерген азаматтарды теологиялық тұрғыдан сауаттандыру да аса маңызды.
Еліміздің дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілгені белгілі. Бұл өз кезегінде дін қызметкерлері үшін айтулы жаңалық болды. Енді аталмыш тұжырымдаманы іске асыру, нақты шешімдер қабылдау арқылы қоғамдағы оң пікірді қалыптастыру күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Осы орайда Тараз қалалық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімі мемлекеттік-конфессияаралық байланыс секторының меңгерушісі Ғалым Шойкиннің қатысуымен кездесу өтіп, онда дін саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттары талқыланды. Жиынға аудандар әкімдерінің орынбасарлары, облыстық деңгейдегі басқарма басшылары, діни бірлестік өкілдері мен жастар қатысты. Жиынды Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков жүргізіп отырды.
Облыстық дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаровтың айтуынша, бүгінгі таңда облыста мемлекеттік тіркеуден өткен 341 діни бірлестіктер мен филиалдар болса, оның ішінде 295 мешіт пен 45 шіркеу және 1 өкілдік бар. Мешіт имамдарының да біліктілік деңгейі аса төмен емес. Мәселен, облыстағы имамдардың 13,6 пайызы жоғары білімді, 39,3 пайызы орта білімді және 47,1 пайызы сауат ашу курстарын бітіргендер. Алайда бүгінде Әулиеатаның 14 мешітінде имам жоқ. Дегенмен, жыл сайын мешіттерді имамдармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп келеді. Облыс аумағындағы діни бірлестіктерде қызмет атқару мақсатында 9 шетелдік азамат миссионер ретінде тіркеуден өткен болса, бүгінгі таңда олардың да қызметі тұрақты бақылауда екен. Сонымен қатар интернет кеңістігінде діни экстремистік және террорлық мазмұндағы ақпараттардың таралуының алдын алу да маңызды мәселе. Бірақ жыл басынан бері 1560 күдікті сілтеме анықталып, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитетіне сараптамаға жолданған. Нәтижесінде 291 сілтеме бұғатталып, қалғандарының жауабы күтілу үстінде екен.
Тараз қаласындағы «Һибатулла Тарази» облыстық орталық мешітінің медресесінде бүгінде 52 азамат діни білім алуда. Бұл ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкілі, аталған мешіттің бас имамы Данияр Жұмабаев өңірдегі мешіттердегі ахуалдың тұрақты екенін айтты.
Өз сөзінде Ғалым Шойкин жоғарыда аталған тұжырымдаманың қабылдануына байланысты жасалған алғашқы қадам ретінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы Қазақстан Республикасы заңының жобасы әзірленіп, жалпыхалықтық талқылауға ұсынылып жатқанын айтып өтті. Бұл орайда жергілікті мемлекеттік қызметшілер мен дін саласы мамандарының пікірлері тыңдалды.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы