Осы күнге дейін ғылымның неше түрі ашылып, рухани хәлдің қанша алуан сыры сөз болса да, әдебиет деп ат қойған – асыл сөздің жәрдемімен мыңдаған жауһарлар кітап болып шыққанымен, тағы бір керемет туынды әне-міне жазылып қалардай алдағы күнге елеңдеп қарайды. Сонда адам жанының қанағаты жоқ па? Әлде сыртқы дүниенің шексіз болатыны сияқты, жан да, ішкі әлем де соншалықты түпсіз терең бе? «Менің білетінім – ештеңе білмейтінім» деген данышпан сөзінің қайдан шыққанын аздап ұғуға болатындай. Бірақ түсіну қиын. Жету – азап.
Әдебиет ғұмырында пайда болған кейіпкерлер мен оқиғалар санаулы өмірімізде пайдамызға жарап, өз қызметін атқарып келеді. Жазу да тоқтаған емес. Ал әр шығарманың ішкі құпиясы мен сырына үңілген, содан сәуле тауып, нұр шашқан әдеби сын да осы тіршілігімізге мағына сыйлар бір ермегіміз сияқты. Осы әдеби сынның төңірегінде әртүрлі пікірлер айтылып, жазылып жатады. «Әдебиет өсу үшін сын керек» дейді алдымен. Иә, керек. Бірақ қандай сын? Сынның мақсаты, мұраты не? Тек әдебиетті өсіру ғана ма?
Бұған айтар уәж көп-ақ. Бернард Шоу көркем шығармаға қанша сын жазылса да екеуі дербес шығармашылық екенін айтады (Онда әдебиетті өсіргені қайда?). Толстой Пушкинді Белинскийдің сынынан кейін түсініпті. Әбіштің әдеби портреттерінен кейін Ілияс пен Қасымды, Тұманбайды, Мұқағалиды, Төлегенді етене тани түскендей болдық. Тұрсынжан Шапайдың «Анық Абайы» санамызда монолит боп қатқан хәкімнің тұлғасына жан бітірді. Таласбек Әсемқұловтың «Шукшиннің қырқыншы синонимі» мақаласы әрбір шығарманың түбіне сәуле түсіруге шақырды. Ағылшын, Америка сыншылары Эзра Паунд пен Элиот автор мен кейіпкердің жан әлеміне ғылымның шырағын ұстап үңілуге үндеді. Цвейг автор мен шығарманың арасындағы өмірлік һәм көркем шындықтарды байланыстырса, Лотман мен Умберто Эко сөзге терең мән беріпті. Бұл тізім бұнымен бітпейді... Осында бәріне ортақ бір мақсат бар. Адамның рухани күйін һәм қабілетін бағалау. Жан қозғалысы арқылы болмыс ашылса, шығарма арқылы қабілет көрінеді. Сын әдеби акт сияқты. Соңғы үкімді де, тұжырымды да айтады. Шынайы сынның бір мақсаты осы болса керек-ті. Ал осы соңғы сөзге жетудің жолы әртүрлі және ұзақ процесс. «Бір-біріне ұқсамайтын ақындардың көп болған жақсы» деген сияқты әдебиетке сыншылардың да көп болғаны, бірін-бірі қайталамағаны керек.
Жазушының мақсаты – жан әлемін ашу. Сынның мақсаты – жазушы әлемін ашу. Өмірдің өзі бір жерден жақсылық тауып, бір күнде жаңалық ашудан тұрмай ма?!
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»