Медицина • 05 Қаңтар, 2018

Екіге бөлінген төрт қазақ

217 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жол үсті. Купеде төрт қа­зақ отырмыз. Кондиционер уілдеп тұр. Салқын ызғар бой тоңазыта бастады. Ал сыртта қырық градус ыстық. 

Екіге бөлінген төрт қазақ

Қарсы алдымда отырған жап-жас жігіттің жүзі күнге күйіп, тотығып қалған. Қа­ра­торы. Сонсоң... жастау ке­лін­шек. Жаз бойы ұрадан шық­пай, бүгін ғана күн көзін көргендей аппақ. Екеуі ресми тілде сөйлесіп отыр.

Тыңдаған құлақта жазық жоқ. Жас жігіт үнемі сапарда жүретінге ұқсайды. Жұмыс бабы солай көрінеді. Әке-шешесі, отбасы Сарышаған стансасында тұрады екен. Айына бір рет, екі рет келем, кетем дейді...

Ал күн көзін көрмеген аппақ келіншек бұған дейін Алматы мен Астананың ара­сына тек ұшақпен ғана қаты­напты. Тек бүгін ғайып­тан тайып, қаладағы көлік кеп­телісінің кесірінен әуежайға үлге­ре алмай, амал жоқ, пойыз­­­­­ға отырған.

Бұл менің бір құлағыммен ғана естіп-біліп келе жатқан­дарым. Өйткені екінші құ­ла­­­­ғым­мен қасымдағы се­­рігімнің әңгімесін тыңдап ке­лем. 
Біз екеуміз өз тілімізде, яғни, қазақша сөйлейміз ғой. 

Кенет терезе жақта отыр­ған қараторы жас жігіт бізге қарай мойнын бұрып:

– Сіздер қазақша таза сөй­лейді екенсіздер, – деді біртүрлі таңданған кейіпте. – Ал мен қазақша теледидар қарасам, түк түсінбей қалам. Сонсоң: «Папа, не туралы айтты?» деп сұраймын әкемнен. Ал ол: «Қазір орысшасы болады ғой, балам. Содан түсініп аларсың дейді».

Біз, серігім екеуміз бір-бірімізге ыңғайсыздана қарап, ұлы далаға басқа бір планетадан келген қонақтар секілді біртүрлі қысылып қалдық...

Нұрғали Ораз,
«Егемен Қазақстан»