Біріншіден, әр сегіз-он жылда дағдарысты басынан өткізетін әлемдік экономика қиындықтарға қарамастан өседі. Жуырда салық реформасы туралы заң қабылдаған АҚШ экономикасы да нығаяды. Қытай үшін экономикалық реформаларды жүргізудің маңызы артып, сыртқы қарыз күн тәртібінде болады. Мұнай бағасының орташа құны 57 АҚШ доллары көлемінде тұрақтап, жылдың алғашқы алты айы үшін өспеуі мүмкін.
Еуропада Ұлыбритания Brexit шеңберінде Еуропадан бөлектену жолында келіссөздер өткізумен болса, Германия экономикасы едәуір нығайып, Францияның халықаралық саясаттағы, әсіресе Африка мен Таяу Шығыстағы рөлі арта түседі. Италияда сайлау болатындықтан, экономикаға аз көңіл бөлінеді. Жалпы, әлемде Бразилия, Мексика, Үндістан, Ресей, Италия, АҚШ сияқты ірі мемлекеттер, сондай-ақ Мысыр, Ливан, Ирак, Ливия елдері президенттік, парламенттік немесе жергілікті сайлаулар өткізуге дайындалады. Сайлаулар аталған елдерді ішкі мәселелерге күш-жігер жұмсауға итермелейді.
Үндістан Ұлыбритания мен Франция экономикаларын ығыстырып, әлемнің ең ірі бесінші экономикасына айналады.
2018 жылы Д.Трамп, Р.Ердоған, В.Путин сияқты саяси көшбасшылардың ықпалы азаймайды. Оның себебі, қаржы дағдарысының әсерлері мен жылдам өзгерістерге жауап беретін саясаттың болмауында жатыр. Жалпы, әлемде популистік ұлтшылдықтың күшеюімен ережелерге арқа сүйеген ашық либерализмнің ықпалына қауіп төнеді.
Трамп оқшаулану (изоляционизм) және қорғау (протекционизм) саясатының әлемдегі көшбасшысына айналса, Макрон Еуропа одағы мен жаһандану үрдістерін қолдаушылардың басында тұр. 2018 жылы бұл екі негізгі бағытты ұстанатын елдер саясатында қайшылық пен бәсекелестік болады.
Дегенмен, жуырда қабылданған ұлттық қауіпсіздік стратегиясына сәйкес АҚШ әлемдегі экономикалық және әскери ықпал үшін өзге күш-
термен күресуге дайын екенін білдіріп, Ресей мен Қытайды бәсекелес елдер ретінде атауы заңды. АҚШ пен Қытай арасындағы келіссөздерге байланысты Солтүстік Кореяда қалыптасқан статус-кво өзгеріп, АҚШ пен Ресей келісімі шеңберінде Таяу Шығыста белгілі деңгейде қадағалауға болатын шартты тұрақтылыққа бағытталған жаңа тепе-теңдік орнауы мүмкін.
Таяу Шығыс
2018 жылы Таяу Шығыс пен Израиль әлемдік саясаттың назарында болады. АҚШ аймақтық стратегиясы аясында Иранды дипломатиялық жағынан тежеуді жалғастырады. Иракта АҚШ, Сирияда Ресейдің ықпалы сақталады деп болжауға болады. Палестина мәселесі қайтадан алдыңғы қатардағы мәселелердің біріне айналып, араб елдері АҚШ-тың Иранға қатысты саясатына байланысты прагматизмді басшылыққа алған Сауд Арабиясы, Мысыр, БАӘ және Катар, Ливан, Хамас ұйымы сияқты екі топқа бөлінуі мүмкін. Аймақта Иранның идеологиялық және Мысырдың дипломатиялық белсенділігі арта түседі. Қытай Таяу Шығыс мәселесіне асықпай араласу саясатын жүргізе береді. Парсы шығанағындағы шиеленіс БАӘ төңірегіне ойысып, Катар дағдарысы күрделенуі ықтимал.
Сириядағы күрдтер АҚШ қолдауымен елдің саяси келешегіне қатысты Женева кездесулеріне қатысуы мүмкін. Күрдтердің аймақтағы АҚШ-тың ықпалын сақтау үшін маңызы төмендемейді. Сочи кездесулері сәтсіз аяқталу ықтималдығы жоғары болғандықтан, Астана бейбіт кездесулерін жоғары дипломатиялық деңгейде жалғастыру туралы халықаралық ұсыныс түсуі ықтимал деп ойлаймыз.
Сарапшылар Ресейдің Сириядағы саяси және экономикалық жағдайларды қалпына келтіру мәселесінде, ақпарат көздерінде айтылғандай, үлкен ілгерілеушілікке қол жеткізбеуі мүмкіндігін айтады. Сонымен қатар, Сирия мәселесінің саяси аспектілеріне байланысты оппозицияны қолдайтын күштердің пайдасына белгілі деңгейде шегініс жасауы мүмкіндігі де болжануда.
Жанат МОМЫНҚҰЛОВ,
сарапшы